Агенттік Төрағасы Мадина Әбілқасымованың мақаласы
Банктер және банк қызметі туралы жаңа заң Қазақстандағы банктерді реттеу мен қадағалаудың бес жылдық реформасының қисынды аяқталуы болды және қаржылық орнықтылықтың, бәсекелестіктің, цифрландырудың және тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың заманауи халықаралық стандарттарына көшуді бекітті. Заң банк секторын институционалдық трансформациялау, қадағалау және реттеу моделін жаңғырту нәтижелерін көрсетті.
Заң Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді және технологиялық өзгерістерді, экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін арттыруды, бәсекелестікті арттыруды және нарыққа жаңа қатысушыларды тартуды, сондай-ақ қаржылық технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мәселелерін ескереді.
Заңның негізгі мақсаттары ретінде банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, халық пен бизнестің салымдарын сақтау, адал бәсекелестікті дамыту және банк қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын жүйелі қорғау болып айқындалды. Оның негізгі қағидаттары банк қызметінің үздіксіздігін, халық пен бизнеске қызмет көрсетудің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ банк жүйесіне деген сенімді сақтауға бағдарланған.
Цифрлық трансформация жағдайында банктер қаржылық және қаржылық емес қызметтерді біріктіретін қаржылық-технологиялық шешімдерді, платформалық тәсілдерді және экожүйелерді енгізу арқылы дәстүрлі банк моделінің аясынан шығады. Банктердің бизнес модельдерін өзгертуге, цифрлық қаржы активтері мен криптовалюталарды дамытуға, жасанды интеллект технологияларын енгізуге байланысты құрылымдық өзгерістер банктердің тәуекел-бейінін қиындатады және реттеуші парадигманы жаһандық деңгейде қайта қарауды талап етеді.
Базель стандарттарына сәйкес реттеу мен қадағалау банктердің макроэкономикалық және қаржылық күйзелістерге төзімділігін қамтамасыз ететін тәуекелдерді, капиталды және өтімділікті басқарудың кешенді және барабар моделін қалыптастыруға бағдарлануға тиіс. Мұндай модельдің әдіснамалық негізі жалпыға бірдей танылған халықаралық стандарт болып табылатын және G20 елдерінің қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңесі мақұлдаған тиімді банктік қадағалаудың негізгі қағидаттары болып табылады.
Қазақстанда 2021 жылдан бастап банк секторында тәуекелге бағдарланған қадағалау моделі кезең-кезеңімен енгізілді. Бірыңғай жыл сайынғы қадағалау цикліне негізгі құралдар — SREP қадағалап бағалау, активтердің сапасын бағалау (AQR) және қадағалап стресс-тестілеу интеграцияланған, оларды бірлесіп қолдану банктердің орнықтылығын кешенді бағалауды қамтамасыз етеді.
Модельдің негізгі элементі SREP қадағалап бағалау болып табылады, ол бизнес модельді, банктердің тәуекел-бейінін, корпоративтік басқару сапасын және қадағалап пайымдау негізінде капиталдың жеткіліктілігін жыл сайынғы бағалауды көздейді. Бұл қадағалаудың басты назарын нормативтерді формалды түрде бақылаудан тәуекелдерді ерте анықтауға және шектеуге ауыстыруға мүмкіндік берді. AQR модельді ХҚЕС 9 стандарты негізінде банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын терең бағалау арқылы толықтырады. Қадағалап стресс-тестілеу стрестік сценарийлердің капиталдың жеткіліктілігі мен банктердің өтімділігіне әсерін бағалауға мүмкіндік береді.
Базель III стандарттарына өту үшін 2020–2024 жылдары Қазақстанда банктердің қаржылық орнықтылығына және корпоративтік басқару сапасына қойылатын пруденциялық талаптар дәйекті түрде күшейтілді. Капиталдың жеткіліктілік нормативтері Базель III стандарттарына сәйкес келтірілді, капиталдың қосымша буферлері енгізілді және оның құрылымы мен сапасына қойылатын талаптар нақтыланды. Өтімділік нормативтері көтерілді, банк топтарына шоғырландырылған қадағалау енгізілді және левередж коэффициентін енгізу үшін нормативтік база қалыптастырылды.
2023-2024 жылдары Халықаралық Валюта Қоры мен Дүниежүзілік банк өткізген Қаржы секторын бағалау бағдарламасының (FSAP) қорытындылары бойынша Базель комитетінің 29 негізгі қағидаттарының 22-сінің банктік реттеу мен қадағалаудың толық не елеулі сәйкестігі расталды. FSAP ұсынымдары тәуекелге бағдарланған қадағалау моделін одан әрі тереңдетуге және институционалды тұрғыдан нығайтуға бағытталған. Оларды іске асыру шеңберінде 2024 жылдан бастап тәуекелдерді басқару жүйелеріне және капиталдың жеткіліктілігіне шоғырландырылған деңгейде қойылатын талаптар күшейтілді, капитал мен өтімділік жеткіліктілігін ішкі бағалауды қамтамасыз ететін ICAAP және ILAAP процестері енгізілді, жұмыс істемейтін кредиттердің анықтамасы кеңейтілді, сондай-ақ банктердің тәуекел-бейіні мен жүйелік маңыздылығын ескере отырып сараланған капиталға жеке қадағалау үстемелері енгізілді.
Соңғы бес жылда банк секторында іске асырылған институционалдық реформалар реттеу мен қадағалаудың сапалы жаңа моделін қалыптастырды және оларды Банктер және банк қызметі туралы базалық заң деңгейінде жүйелі түрде бекіту қажеттігіне негіз болды. Қолданыстағы Банктер туралы заң банк секторын дамытудың заманауи процестерін толық көрсетпейді, оның құрылымы мен ұғымдар аппараты өзектілігін едәуір жоғалтты.
Банктер туралы жаңа заң банк қызметін құқықтық реттеудің құрылымы мен мазмұнын кешенді жаңартуды көздейді. Онда корпоративтік басқару, іс-қимылды қадағалау және төлемге қабілетсіз банктерді реттеу бойынша дербес блоктар қалыптастырылған, бұл қадағалау және реттеушілік архитектураның ішкі тұтастығы мен қисынды байланысын қамтамасыз етеді. Заң 9 бөлімнен,
23 тараудан және 135 баптан тұрады. Сонымен бірге ілеспе заңмен сабақтас заңнаманы кешенді синхрондау үшін 7 кодекске және 40 заңға өзгерістер енгізіледі.
Банктер туралы жаңа заң шеңберінде іске асырылған реформалардың негізгі бағыттары мыналарды қамтиды:
1) Төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа тетігін енгізу;
2) Банктерді реттеуді жетілдіру және корпоративтік басқаруды күшейту;
3) Бәсекелестікті дамыту және банк қызметін тепе-тең реттеуді енгізу;
4) Қаржылық технологиялар секторының дамуын ынталандыру және цифрлық қаржы активтерін реттеу;
5) Іс-қимылды қадағалаудың тәуекелге бағдарланған жүйесін енгізу;
6) Ислам банкингін дамыту;
7) Өзін-өзі реттеу тетіктерін енгізе отырып, микроқаржы және коллекторлық нарықтарды реформалау.
Жаңа заңды дайындау кезінде халықаралық қаржы ұйымдарының, оның ішінде ХВҚ мен ЕҚДБ-ның сараптамасы, сондай-ақ орталық банктер мен қаржы реттеушілерінің, соның ішінде Еуропа орталық банкінің, Англия Банкінің және Біріккен Араб Әмірліктері реттеушілерінің озық тәжірибесі пайдаланылды. Заң G-20 жанындағы Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің (Financial Stability Board) халықаралық стандарттары мен ұсынымдарына, сондай-ақ Еуропалық одақ директиваларының құқықтық және реттеушілік шеңберіне сүйенеді.
Банктер туралы жаңа заңға енгізілген новеллалар Агенттік қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, банктердің төлем қабілетсіздігін реттеу, бәсекелестікті дамыту және нарыққа қол жеткізу, сондай-ақ исламдық қаржыландыруды дамыту сияқты салаларда бастаған реформаларды жалғастырады.
1) Реформаның жүйелік басымдығы төлемге қабілетсіз банктерді реттеу тетігін жаңарту болды. Оны жаңғырту қажеттілігі банктердегі дағдарыстардың циклдік сипатына және банктердің қаржылық орнықтылығын жоғалтқаннан кейін оларды таратуға бағытталған дәстүрлі тәсілдердің шектеулі тиімділігіне байланысты. Осыған байланысты жаңа Заңның негізгі элементтерінің бірі шұғыл әрекет етуден тәуекелдерді ерте анықтауға және олардың алдын ала шектеуге баса назар аударатын заманауи реттеу жүйесін қалыптастыру болды.
Бұл модельге көшудің негізі 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысына жауап ретінде қалыптасқан банктерді реттеудің жаһандық стандарты болды. 2011 жылы G-20 жанындағы Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес қаржы институттарын қалыпты реттеудің бірыңғай халықаралық қағидаттарын бекіткен «Қаржы институттары үшін тиімді реттеу режимдерінің негізгі атрибуттары» құжатын бекітті. Кейінгі жылдары бұл стандарт көптеген елдердің ұлттық заңнамасына енгізіліп, банктік реттеу саласында жалпыға бірдей танылған халықаралық шеңберге айналды.
Жаңа модельге көшудің алғышарты банктердің баланстарын тазарту және стресстік активтер көлемін азайту бойынша ауқымды жұмыс болды. 2022 – 2024 жылдар аралығында Агенттік стрестік активтер нарығын қалыптастыруға және дамытуға бағытталған заңнамалық түзетулер қабылдады. Инвесторлар аясы кеңейтілді, стрестік активтерді сатып алу кезінде резиденттер мен бейрезиденттерге салық салу шарттары теңестірілді, сондай-ақ стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес компанияларды қоса алғанда, өндіріп алынған мүліктің банктердің балансында 6 жылдан аспайтын мерзімде болуы белгіленді.
Нәтижесінде 2017 жылдан бастап банктердің проблемалық активтерінің көлемі 7,7 трлн теңгеден 3,1 трлн теңгеге дейін төмендеді. Қабылданған шаралардың арқасында 577 млрд теңгеге коммерциялық жылжымайтын мүлікті және 207 млрд теңгеге жер учаскелерін қоса алғанда, 821 млрд теңге сомаға мүлік экономикалық айналымға қайтарылды.
2024 жылдан бастап лицензияланатын цифрлық платформалар арқылы стрестік активтерді сату бойынша міндетті талап енгізілді. 2024 жылғы қазан айынан бастап DMAS және Debex платформалары жұмыс істейді, олар арқылы 115,5 млрд теңгеден астам сомаға стрестік активтер сатылды.
2017 жылы қабылданған Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы шеңберінде банктерге жеңілдетілген шарттармен реттелген облигациялар түрінде қолдау көрсетуден басқа банк акционерлері 401,5 млрд теңге сомаға банктерді капиталдандыруды қамтамасыз етті, бұл қосымша провизиялар қалыптастыруға және активтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Стрестік активтерді есептен шығару, банктерді үстеме капиталдандыру және қосымша провизияларды қалыптастыру бойынша жүргізілген белсенді жұмыстың нәтижесінде банк секторының капитал деңгейі айтарлықтай өсті және ең төменгі норматив 8% болғанда соңғы 5 жыл ішінде тұрақты түрде 22%-дан асады.
Сондай-ақ бұрын берілген мемлекеттік қолдау қаражатын мерзімінен бұрын қайтару бойынша шаралар қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бастап мемлекеттік қолдау алған банктердің дивидендтер төлеуіне заңнамалық шектеулер енгізілді. 2025 жылы Ұлттық Банк мемлекеттік қолдау сомасының 10%-ы мөлшерінде міндетті резервтердің (ЕАРТ) жоғары нормативін белгіледі. Нәтижесінде 2023-2025 жылдар аралығында 6 банк мемлекеттік қолдаудың 738,2 млрд теңгесін қайтарды, бұл ретте 3 банк өз міндеттемелерін толық мерзімінен бұрын өтеді.
Банктік дағдарыстарды және макроэкономикалық күйзелістер мен қаржылық теңгерімсіздіктердің қайталанатын әсерін ескере отырып, Заң дағдарыс басталған кезде оған ден қоюға емес, ерте оның алдын алуға бағытталған. Жаңа заңның негізгі блоктарының бірі төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің заманауи жүйесін қалыптастыру болды.
Жаңа модельдің негізгі элементі банктің қаржылық жағдайының нашарлау дәрежесіне байланысты дәйекті түрде қолданылатын дағдарысқа қарсы режимдердің реттелген жүйесіне көшу болып табылады. Заңда үш режим қарастырылады: күшейтілген қадағалау, қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру және реттеу. Мұндай тәсіл қадағалау шараларының тепе-теңдігін қамтамасыз етеді, банкті қалпына келтіру мүмкіндіктері болған кезде оны қолданыстағы институт ретінде сақтауға мүмкіндік береді, және қажет болған жағдайда, активтер мен міндеттемелерді беруді, қайта құрылымдауды, акцияларды мәжбүрлеп сатуды және тұрақтандыру банкін құруды қоса алғанда, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін құралдарды пайдалана отырып, дағдарыстық жағдайды реттелген шешуді қамтамасыз етеді.
Банктердің қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмау үшін жаңа құралдар - қалпына келтіру жоспарлары мен реттеу жоспарлары енгізілуде. Бұл құжаттар банкті дағдарыстық жағдайдан шығару және төлем қабілетсіздігінің алдын алу бойынша нақты шараларды анықтайды. Жоспарларды әзірлеу және жыл сайынғы жаңарту банктердің де, реттеушінің де міндеті болады.
Сонымен бірге жүйелік маңызы бар банктер үшін шығындарды сіңіру қабілетінің (TLAC) жеткілікті деңгейін ұстап тұру талабы енгізіледі, бұл сыртқы қолдауды пайдалану мүмкіндігін азайтады.
Жаңа модель шеңберінде мемлекеттік қолдау тек акционерлік капиталды толық пайдаланғаннан және TLAC құралдарын есептен шығарғаннан кейін қолданылатын ерекше және төтенше шара ретінде қарастырылады. Жүйелік маңызы бар банктерді қолдау банкті кейіннен сату және қаражатты бюджетке қайтара отырып, мемлекеттің капиталға уақытша және өтеулі қатысуы арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар Заң мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақты ажыратады. Агенттік дағдарысқа қарсы режимдерді қолдану және қалпына келтіру және реттеу жоспарларының іске асырылуын қадағалау, Үкімет пен Ұлттық Банк - Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің үйлестіруші рөлі жағдайында мемлекеттің қатысуы жөніндегі шешімдер үшін жауап береді. Нәтижесінде қаржылық орнықтылық пен салымшылар мен клиенттердің мүдделерін қорғау арасындағы теңгерімділікті қамтамасыз ететін заманауи институционалдық реттеу жүйесі қалыптасуда.
2) Банктерді реттеуді жетілдіру
Жаңа заң корпоративтік басқаруға, меншік құрылымының ашықтығына және қадағалау құралдарына қойылатын талаптарды күшейтеді. Атап айтқанда, қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарында қолданылатын тәсілдерді ескере отырып, банкпен ерекше қатынастармен байланысты тұлғалардың тізбесі кеңеюде, бұл үлестес байланыстарды неғұрлым дәл сәйкестендіруге, меншік құрылымының ашықтығын арттыруға және байланысты тараптармен және топішілік транзакциялармен операцияларды бақылауды қоса алғанда, банк қызметінің есептілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге тәуекелге бағдарланған қадағалаудың негізгі элементі ретінде уәжді пайымдау тетігін қолдану кеңейтілуде. Уәжді пайымдау банктердің қызметін бағалау кезінде ғана емес, сонымен қатар корпоративтік басқару сапасын, ішкі бақылау жүйесін және сыртқы аудитті қадағалау кезінде де қолданылады. Атап айтқанда, қадағалау органы аудиторлық ұйымдардың тәуелсіздігін, объективтілігі мен жұмыс сапасын бағалау кезінде, сондай-ақ банктердің қаржылық есептілігінің дұрыстығын талдау кезінде кәсіби пайымдау мен іс-қимыл факторларын ескеруге мүмкіндік алады.
Қадағалап талдау сапасын арттыру мақсатында Ұлттық Банкке ұсынылатын реттеушілік есептілікпен қайталануды бір мезгілде алып тастай отырып, банктердің есептілігіне нақты тәуекелдер болған кезде реттеушінің деректер витриналарына жеке талаптар қалыптастыру құқығын көздейтін қосымша талаптар енгізіледі.
Заңнамалық деңгейде тәуекелдерді басқару, ішкі аудит және комплаенс функцияларының басшыларына бірыңғай талаптар белгіленеді, бұл басқару және қадағалау шешімдерінің сапасын арттырады, бақылау функцияларының рөлін күшейтеді және қаржы ұйымдарында ішкі бақылаудың орнықты жүйесін қалыптастырады. Адамдарды қаржы ұйымдарын басқаруға және капиталға қатысуға жіберу кезінде беделдік және қадағалау тәуекелдерін ескеруге мүмкіндік беретін «сұр тізім» тетігін енгізуді қоса алғанда, мінсіз іскерлік бедел өлшемшарттары да қатаңдатылады.
Сонымен қатар, қаржы заңнамасын жүйелеу жүргізіледі: құқықтық өрістен ескірген және қайталама нормалар алып тасталады, ал акционерлерге, басшы қызметкерлерге және банк холдингтеріне қойылатын талаптар біріздендіріледі және «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына көшіріледі. Бұл тәсіл реттеудің біркелкілігін қамтамасыз етеді, құқықтық өрістің фрагменттілігін жояды және халықаралық қадағалау мен корпоративтік басқару стандарттарына сәйкес келетін қаржы заңнамасының тұтас, логикалық архитектурасын қалыптастырады.
3) Қаржылық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту, технологиялық шешімдерді енгізу және клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қажетті талап ретінде бәсекелестік деңгейін арттыру банк секторын дамытудың маңызды бағыты болып табылады. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде банк секторын дамыту, сенімді шетелдік банктерді тарту және неғұрлым бәсекелі нарықтық ортаны қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
2022 жылдан бастап микроқаржы ұйымдарын банктерге айналдыру үшін жағдай жасауды қоса алғанда, нарықтың институционалдық базасын кеңейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер іске асырылды. МҚҰ-ға банктерді реттеу талаптарына бейімделуге мүмкіндік беретін кезеңдік тетік енгізілді. 2025 жылы бұл тетік іс жүзінде сәтті жүзеге асырылды. БиЭнКей коммерциялық банкі және активтері 395 млрд теңгеден асатын микроқаржы секторының ірі қатысушысы KMF Банк банктік лицензиялар алды, бұл осы тәсілдің тиімділігі мен практикалық қолданылуын растады.
2024 жылы шетелдік банктер үшін реттеушілік кедергілерді азайтуға бағытталған банк заңнамасын ауқымды ырықтандыру жүргізілді. Нарыққа шығу үшін активтердің ең төменгі шегі 20 млрд АҚШ долларынан 10 млрд АҚШ долларына дейін төмендетілді, лицензиялауға арналған құжаттар тізбесі айтарлықтай қысқартылды, ескірген әкімшілік талаптар жойылды және рұқсат беру рәсімдері жеделдетілді. Халықаралық рейтингтері жоғары банктер үшін реттеушілік талаптардың көлемі екі еседен астам төмендеді, бұл қазақстандық қаржы нарығының инвестициялық тартымдылығын арттырды.
Нәтижесінде 2024-2025 жылдары Қазақстан нарығына Оңтүстік Корея, БАӘ және Катардан келген үш ірі шетелдік банк тобы шықты, сондай-ақ Орталық және Шығыс Еуропа банктері тарапынан тұрақты қызығушылық сақталуда. Қазіргі уақытта елде екінші деңгейдегі 23 банк жұмыс істейді, оның 15-і шетелдік қатысуға ие, бұл бәсекелестікті күшейтуге және үздік халықаралық практикаларды енгізуге ықпал етеді.
Банктер туралы жаңа заң шеңберінде бәсекелестікті дамытудың қосымша құралы әмбебап және базалық банктік лицензияларды енгізу арқылы тепе-тең реттеуді енгізу болды. Базалық лицензия салымшыларды қадағалау мен қорғаудың тиісті деңгейін сақтай отырып, операциялардың шектеулі жиынтығы және төмендетілген реттеуші жүктемесі бар шағын банктерге бағытталған. Әмбебап лицензия капиталға, өтімділікке және басқаруға қатаң талаптары бар орта және ірі банктерге қолданылады. Бұл тәсіл ірі микроқаржы ұйымдарын қоса алғанда, жаңа қатысушылар нарығына кіру үшін қосымша ынталандыру жасайды және бәсекеге қабілетті және орнықты банк ортасының одан әрі дамуын қамтамасыз етеді деп күтілуде.
4) Негізгі бағыт банктік реттеуді қаржы секторының цифрлық трансформациясына бейімдеу болып табылады. Экономиканы цифрландыру жағдайында банктер классикалық кредиттік-депозиттік институттардан технологиялық компанияларға және көпфункционалды экожүйелерге қатысты дамып келеді. Заманауи банк қаржылық технологиялар сервистермен, маркетплейстермен және технологиялық серіктестермен біріктірілген цифрлық платформа ретінде әрекет етеді. Мұндай трансформация клиенттердің қаржылық көрсетілетін қызметтердің жылдамдығы мен ыңғайлылығы тұрғысынан күтулерінің өсуіне, сондай-ақ банктік емес және технологиялық компаниялар тарапынан бәсекелестіктің күшеюіне байланысты.
Іс жүзінде банктердің қаржылық технологиялар-компаниялар ретінде жұмыс істеуінің тұрақты модельдері қалыптасты. Банктер цифрлық экожүйелер мен маркетплейстерге қатысуды дамытады, қаржылық технологиялар мен технологиялық компанияларға инвестиция салады, сондай-ақ сыртқы қатысушыларға банктік және технологиялық инфрақұрылымын ұсына отырып, Banking as a Service моделін пайдаланады. Бұл ретте банктер жасалған операциялар мен клиенттердің мүдделерін қорғау үшін жауапкершілікті сақтайды. Банктердің инвестициялық және технологиялық белсенділігі қызметтің ауқымын және лицензияның түрін ескере отырып жүзеге асырылады, бұл инновациялық дамуды қабылданған тәуекелдер деңгейімен салыстыруға мүмкіндік береді.
Банктер және банк қызметі туралы жаңа заң алғаш рет осы қаржылық- технологиялық модельдерді заңнама деңгейінде бекітеді. Банктердің технологиялық және платформалық белсенділігінің рұқсат етілген түрлерін, сондай-ақ олардың қаржылық емес бизнеске қатысу аясын айқындайтын бірыңғай және ашық құқықтық негіз қалыптастырылады. Бұл құқықтық белгісіздікті азайтады, инновациялық даму үшін болжамды жағдайлар жасайды және сонымен бірге банк секторының орнықтылығына әсер ететін артық әртараптандыруды шектейді. Серіктестік және технологиялық ұйымдар арқылы қызмет көрсету кезінде банктің клиент алдындағы жауапкершілігін сақтау негізгі қағидат болып табылады.
Банктер туралы заңның маңызды бағыты цифрлық нарықтарды дамытудың және ілеспе тәуекелдерді басқарудың халықаралық тәсілдерін ескере отырып, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің, яғни криптовалюталардың айналымын заңдастыруды және қадағалауды қоса алғанда, цифрлық қаржы активтерін реттеудің құқықтық режимін белгілеу болып табылады.
Заң шеңберінде цифрлық қаржы активтерін үш санат бойынша жіктеу енгізіледі. Оларға ақша қаражатымен қамтамасыз етілген цифрлық активтер, базалық активі қаржы құралдары немесе өзге де мүлік болып табылатын цифрлық қаржы активтері, сондай-ақ арнайы цифрлық платформаларда цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдары ретінде стейблкоиндер жатады
Агенттікке цифрлық қаржы активтерін шығару, айналысқа шығару және өтеу тәртібіне, шарттарына қойылатын талаптарды белгілеу жөніндегі өкілеттіктер беріледі. Ұлттық Банк стейблкоиндарды реттейді. Цифрлық қаржы активтерінің эмиссиясын лицензиялауға жататын қаржы нарығының жаңа сегментін қалыптастыратын цифрлық платформалардың операторлары жүзеге асыратын болады.
Цифрлық қаржы активтеріне өзінің мазмұны мен деңгейі бойынша тәуекелдерді басқару, ақпаратты ашу және инвесторлардың құқықтарын қорғау бойынша нормаларды қоса алғанда, дәстүрлі қаржы құралдары үшін белгіленген реттеуші стандарттармен салыстырылатын талаптар қолданылатын болады, бұл цифрлық активтерді реттелетін қаржы жүйесіне интеграциялаудың халықаралық тәжірибесіне сәйкес келеді.
Сондай-ақ, Заң Ұлттық Банк тарапынан криптовалюталардың қызметін лицензиялауды және қадағалауды, сондай-ақ айналысқа жіберілген криптовалюталардың тізбесін, операциялар бойынша лимиттер мен өзге де шектеулерді белгілеуді көздейді. Бұл тәсіл қаржы және реттеуші тәуекелдерді азайтуға, инвесторларды қорғауға және цифрлық нарықтарды дамыту кезінде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
5) Банктер туралы жаңа заңның негізгі жаңалықтарының бірі мемлекеттік реттеу мен қадағалаудың дербес бағыты ретінде іс-қимылды қадағалауды енгізу болды. Іс-қимылды қадағалау қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін тікелей қорғауға бағытталған және оның маңыздылығы бойынша пруденциялық қадағалаумен салыстыруға болады.
Қадағалау негізінен қаржы ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған дәстүрлі тәсілден айырмашылығы, іс-қимылды қадағалау қаржы ұйымдарының клиенттермен нақты өзара іс-әрекетіне, қаржы өнімдерінің сапасына және оларды ілгерілету тәжірибесіне бағытталған.
Соңғы жылдары Агенттік қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың құқықтық және институционалдық базасын қалыптастырды. Ақпаратты ашуға, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) есептеуге, шарттардың талаптарына және комиссиялар алуға қойылатын талаптар белгіленді, сондай-ақ дауларды сотқа дейін реттеу тетігі енгізілді. Бұл іс-қимылды қадағалаудың жүйелік моделіне көшу үшін қажетті негіз жасады.
Іс-қимылды қадағалауды енгізудің мақсаты жекелеген нормаларды реттеуден қаржылық қызмет көрсетудің барлық кезеңдерінде қаржы ұйымының клиентпен өзара іс-әрекетін кешенді бағалауға көшу болып табылады. Бұл тәсіл G20 және ЭЫДҰ халықаралық стандарттары мен ұсынымдарына, сондай-ақ дамыған қаржы нарықтарының озық реттеушілік практикасына негізделген және бизнес-практикалардың әділ, ашық және адал болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Іс-қимылды қадағалауды енгізу шеңберінде Агенттік қаржы өнімдерін басқаруды, сату тәжірибесін, коммуникацияларды және тұтынушыларға қызмет көрсетуді кешенді талдауды қамтамасыз ететін іс-қимыл тәуекелдерін бағалау жүйесін қалыптастыруға күш салады. Бұл тәсілдің мақсаты жосықсыз іс-қимыл факторларын анықтау және тұтынушылардың мүдделерін қорғау деңгейін объективті бағалау болып табылады.
Қаржы ұйымдарында стратегиялық бағдарларды, бақылаудың ішкі рәсімдерін және этикалық және жауапты іс-қимыл стандарттарын сақтауға жауапты тәуелсіз функцияның болуын қамтитын тұтынушылармен өзара іс-қимыл кезінде іс-қимыл тәуекелдерін басқару жүйесі құрылады. Бұл тәсіл тұтынушылардың құқықтарын қорғау жауапкершілік назарын корпоративтік басқару деңгейіне және ішкі процестерге аударады, бұл оны сыртқы талапқа емес, басқару мәдениетінің элементіне айналдырады.
Сонымен бірге қаржы өнімдерін басқаруға және оларды сату практикаларына клиенттердің мақсаттарына, қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне сәйкестік тұрғысынан талаптар енгізіледі. Қаржы ұйымдары ұсынылатын өнімдердің тұтынушылардың қаржылық жағдайына сәйкестігін бағалауға және олардың өнімнің өмірлік циклінің барлық кезеңдеріндегі төлем қабілеттілігі мен борыш жүктемесіне әсерін талдауға міндетті.
Қадағалау ақпаратының толыққанды көзі және нарықтық практикаларға превентивті әсер ету құралы ретінде қаржылық қызметтерді тұтынушылардың жолданымдарын қарау тетіктерін институционализациялау іс-қимылды қадағалаудың елеулі элементі болып табылады. Халықаралық практикада қаржы ұйымдары мен клиенттер арасындағы дауларды шешу жүйелері құқықтарды дербес қорғау тетігі ретінде ғана емес, сондай-ақ жүйелі іс-қимыл тәуекелдері мен жосықсыз практикаларды анықтаудың негізгі арналарының бірі ретінде қаралады.
Банктер туралы жаңа заң банк, сақтандыру қызметтері мен микроқаржылық қызметтерді қамтитын бірыңғай қаржы омбудсманы институтын құруды көздейді. Тәуелсіз органның шеңберінде дауларды сотқа дейін шешу функцияларын шоғырландыру және қаржы ұйымдары үшін оның шешімдеріне міндетті күш беру халықаралық тәсілдерге сәйкес келеді және тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың біркелкілігі мен болжамдылығын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ дауларды сотқа дейін реттеудің көп деңгейлі жүйесі қалыптасуда. Бірінші деңгейде жолданымды тікелей қаржы ұйымының міндетті қарауы көзделген, бұл шағымдармен жұмыс істеудің тиімді ішкі рәсімдерін дамытуды ынталандырады. Нәтиже болмаған кезде дау қаржы омбудсманының қарауына беріледі, ал соңғы кезеңде процеске қадағалау және түзету өкілеттіктеріне ие реттеуші тартылады.
Мұндай модель проактивті іс-қимылды қадағалау үшін орнықты негізгі қалыптастыра отырып, азаматтардың жекелеген жолданымдарына ден қоюдан шағымдар мен оларды қарау нәтижелері бойынша біріктірілген деректер негізінде қаржы ұйымдарының іс-қимыл практикаларын жүйелі түрде талдауға өтуді қамтамасыз етеді.
6) Балама қаржы құралдарына қол жеткізуді кеңейту шеңберінде Банктер туралы заң ислам банкингін дамытудың жаңа тәсілдерін көздейді. Қазіргі уақытта Қазақстандағы исламдық қаржыландыру қаржы нарығының аз ғана үлесіне ие және банк секторы активтерінің 0,5%-дан төмен бөлігін құрайды. Ислам банктерін құру мүмкіндігінің заңнамада 2009 жылдан бері көзделіп отырғанына қарамастан, аталған сегменттің дамуын жеке мамандандырылған банк құру қажеттілігі шектеп, бұл исламдық қаржы өнімдерінің халық пен бизнес үшін қолжетімділігін елеулі түрде шектеді.
Халықаралық практикада ислам банкингін дамытудың екі негізгі моделі қолданылады. Бірінші модель жеке мамандандырылған ислам банктерін құруға негізделген және Сауд Арабиясы, Кувейт және Катарды қоса алғанда, исламдық қаржының үлесі жоғары елдерде қолданылады. Екінші модель «исламдық терезелер» тетігі арқылы бір банк шеңберіндегі дәстүрлі және исламдық қызметті біріктіруді көздейді және Ұлыбританияда, Малайзияда, Индонезияда, Түркияда және БАӘ-де қолданылады.
Осыған байланысты, Банктер туралы заңды әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе ескерілді және әмбебап банктерге исламдық қаржы құралдарын «исламдық терезелер» форматында ұсынуға рұқсат беруге негізделген исламдық банкингті дамытудың жаңа тәсілі көзделеді. Мұндай тетік бір лицензияның шеңберінде дәстүрлі және исламдық қызметті қатар алып жүруге мүмкіндік береді, кіру кедергілерін елеулі түрде азайтады және исламдық қаржы өнімдерінің ауқымы мен желісін кеңейтеді.
Заң «исламдық терезелер» ұйымдастыруға қойылатын нақты талаптарды белгілейді. Исламдық қызметті міндетті түрде ұйымдық оқшаулау, активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алу және басқару, мамандандырылған қызметкерлерді бөлу, сондай-ақ қаржы өнімдерін бекітуді және олардың исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асыратын шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңес құру көзделеді.
Аталған нормаларды іске асыру исламдық банкингтің ауқымын кеңейту, қаржыландырудың балама тетіктерін дамыту және жеке ислам банктерін құру қажеттілігінсіз қаржылық инклюзияны арттыру үшін жағдай жасайды.
7) Реформалардың соңғы элементі микроқаржы және коллекторлық нарықтарда өзін-өзі реттеу және тәуекелге бағдарланған қадағалау тетіктерін дамыту болып табылады.
Осы мақсатта міндетті мүшелік негізінде өзін-өзі реттеу институтын енгізу көзделген. Қазақстанда нарыққа қатысушылардың дамыған кәсіби қауымдастықтарының болуы оның институционалдық тұрғыдан жетілгендігін және өзін-өзі реттеу моделіне көшуге дайындығын көрсетеді. Бұл тәсіл бір мезетте реттеушінің назарын күнделікті қадағалаудан нарықты дамытуға және жүйелік тәуекелдерді бақылауға аудара отырып, қызметтің бірыңғай қағидаларын белгілеуге, қатысушылардың тәртібін арттыруға, бұзушылықтар санын азайтуға және мемлекет пен тұтынушылардың сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Халықаралық практикаға ұқсас өзін-өзі реттейтін ұйымдарға қарыз алушылардың жолданымдарын қарау, өз мүшелеріне тексеру жүргізу және ішкі ықпал ету шараларын қолдану бойынша өкілеттіктер беріледі. Бұл ретте Агенттік қадағалау функцияларын сақтайды және ӨРҰ-ның және неғұрлым тәуекелге бағдарланған нарыққа қатысушылардың қызметіне шоғырланады. Нәтижесінде нарықтық өзін-өзі тәрбиелеуді мемлекеттік бақылаумен үйлестіретін реттеудің теңдестірілген моделі қалыптасады.
Тәуекелдерді басқару жүйесін міндетті түрде құру арқылы микроқаржы секторында толыққанды тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізу көзделеді. МҚҰ бизнес-бөлімшелерді, тәуекел-менеджмент пен комплаенстің тәуелсіз функцияларын, сондай-ақ ішкі аудитті қамтитын «үш қорғаныс желісі» қағидатына негізделген тұтас ТБЖ құруға міндетті. Осы талаптарды іске асыру тұрақты тәуекел мәдениетін қалыптастыруға, басқару сапасын арттыруға, тәуекелдерді уақтылы анықтауға және тұтастай алғанда микроқаржы секторының сенімділігін нығайтуға бағытталған.
Банктер туралы жаңа заң Қазақстандағы банктік реттеу жүйесін институционалдық трансформациялау нәтижелерін бекітеді және қаржы секторын дамытудың келесі кезеңі үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Ол соңғы жылдары іске асырылған реформаларды жүйелейді және олардың орнықтылығын, кезеңділігін және сабақтастығын қамтамасыз ете отырып, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қадағалау моделі мен жүйесінің негізгі элементтерін заңнама деңгейіне ауыстырады.
Нәтижесінде банк секторының заманауи моделі қалыптасады, оның шеңберінде банктер клиенттер мен қоғам алдындағы жауапкершілік стандарттарын арттыра отырып, цифрлық технологиялар мен экожүйелік шешімдерді белсенді түрде ықпалдастыратын қаржылық орнықты институттар ретінде әрекет етеді. Мемлекет рөлі тікелей қатысудан және қолдаудан нарықтың теңгерімді дамуын, адал бәсекелестікті және қоғамдық мүдделерді қорғауды қамтамасыз ететін тәуелсіз реттеуші функциясына ауысады. Мұндай тәсіл орнықты экономикалық өсу, қаржы жүйесіне деген сенімді нығайту және Қазақстанның жаһандық қаржы архитектурасына одан әрі ықпалдасуы үшін ұзақ мерзімді институционалдық негіздерді қалайды.
Дереккөз: Капитал