
Тұтынушылар мен қаржы ұйымдары арасындағы дауларды сотқа дейінгі реттеудің бірыңғай және дәйекті тетігін қалыптастыру мақсатында, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа Заңның жобасы шеңберінде Қаржы омбудсманының бірыңғай қызметін құруды көздеді.
Қаржылық қызметтерді тұтынушы алынған жауаппен келіспеген жағдайда не ол белгіленген мерзімде болмаған жағдайда, Қаржы омбудсманының бірыңғай қызметіне жүгінуге құқылы.
Қаржы омбудсманының бірыңғай қызметі қаржы нарығындағы дауларды сотқа дейінгі реттеудің негізгі институты болады және қазіргі уақытта қолданылып жүрген банк, сақтандыру және микроқаржы омбудсманының жекелеген тетіктерін біріктіреді.
Қаржы омбудсманы тұтынушылар мен қаржы ұйымдары арасындағы дауларды қарайды және қаржы ұйымдары орындауға міндетті шешімдер шығарады. Дау реттелмеген жағдайда, тұтынушыда сотқа жүгіну құқығы сақталады.
Дауларды реттеудің сотқа дейінгі тәртібі мынадай жағдайларда қолдануға жатады:
1) тұтынушылардың Қазақстан Республикасының банктеріне, бейрезидент-банктерінің филиалдарына, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, микроқаржы ұйымдарына, банктік қарыз немесе микрокредит шарттары бойынша талап ету құқықтары берілген адамдарға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарына, сондай-ақ қаржы өнімдерін ұсыну шарттарынан туындайтын бағалы қағаздар нарығындағы брокерлік ұйымдарға мүліктік талаптары болған кезде;
2) банк, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлық агенттік банктік қарыз немесе микрокредит шартының талаптарын өзгертуден бас тартқан кезде не тұтынушы — жеке тұлғаның өтініші бойынша өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген кезде;
3) сақтандыру шарттары бойынша сақтанушылар (сақтандырылушылар, пайда алушылар) мен сақтандыру ұйымдары арасында даулар, сондай-ақ міндетті және ерікті сақтандыру мәселелері бойынша сақтандыру ұйымдары арасында даулар туындаған кезде.
Сотқа дейінгі реттеу мақсаттары үшін қаржылық қызметтерді тұтынушылар деп жеке тұлғалар, сондай-ақ шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалар түсініледі. Бұл ретте сақтандыру секторында сақтандыру ұйымдары арасындағы дауларды да қарау көзделеді.
Қаржы омбудсманы қызметінің кеңесіне Агенттікпен алдын ала келісім бойынша қаржылық қызметтердің жекелеген бағыттары бойынша қаржы омбудсмандарының қажетті санын тағайындау құқығы берілетін болады.
Агенттік, өз кезегінде, қаржы омбудсмандарының кәсіби қызметін жүзеге асыру тәртібіне, Қызметтің корпоративтік басқару жүйесіне қойылатын талаптарды белгілейді, сондай-ақ қаржы ұйымдары мен Қаржы омбудсманы қызметінің қадағалап ден қою шараларын қолдана отырып, белгіленген талаптарды сақтауын қадағалауды жүзеге асыратын болады.
Дауларды реттеудің сотқа дейінгі тәртібін енгізу Агенттіктің ресурстарын қаржы нарығын реттеу мен дамытуға шоғырландыра отырып, сот жүйесіне жүктемені азайтуға және қадағалау қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, ұсынылып отырған тетік озық халықаралық практикаға сәйкес келеді және тұтынушылардың өтініштерін қараудың үш деңгейлі жүйесіне негізделген: қаржы ұйымына бастапқы жүгіну, қаржы омбудсманына қайталап жүгіну және қажет болған жағдайда, кейіннен Агенттікке жүгіну.