Азаматтардың ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру барысы туралы

Азаматтардың ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын  іске асыру барысы туралы

Ипотекалық қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтап қалу, борыш жүктемесін азайту және олардың валюталық бағамдардың ауытқуларынан тәуелділігін болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2015 жылдан бастап Қазақстан Ұлттық Банкі Агенттікпен бірлесіп Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) үш негізгі бағыт бойынша іске асыруда.

Бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде 2004 – 2009 жылдар аралығында берілген және жалғыз баспанамен қамтамасыз етілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген.

Бағдарламаның бірінші бөлігін іске асыруға Қазақстан Ұлттық Банкі 130 млрд теңге бөлді. Қарыз алушы үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерде белгіленеді.

Ағымдағы жылғы 1 қазанда Бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде, қайта қаржыландыруға 34,5 мың өтінім берілді, оның ішінде 177,5 млрд теңге сомаға 28,4 мың қарыз мақұлданды, 164,7 млрд теңге сомаға 27,4 мың қарыз қайта қаржыландырылды. Банктер бөлген қаражат толық көлемде игерілді және револьверлік тетікті ескере отырып проблемалық қарыз алушылардың қайта қаржыландырылған қарыздарының саны 40 мыңға жуық болады.

Валюталық бағамдардың ауытқуларынан тәуелділікті болдырмау және валюталық ипотекалық қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайту мақсатында 2018 жылғы 27 наурыздан бастап Бағдарламаның екінші бөлігі іске асырылуда, онда жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландыру көзделеді.

Бағамдық айырманы өтеу үшін банктерге 114,4 млрд теңге бөлінді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына[1] (ХӘОТ) жататын қарыз алушы үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3% мөлшерінде, өзге қарыз алушылар үшін 12% мөлшерінде белгіленеді (қолданыстағы қарыз бойынша мөлшерлеме көрсетілген мәндерден төмен болған жағдайда, мөлшерлеме ұлғайтылмауға тиіс).

Валютамен ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру тетігі жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгеге конвертациялау  арқылы жүзеге асырылады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап осы валютада кірісі жоқ жеке тұлғаға шетел валютасымен ипотекалық қарыздар беруге заңнамалық түрде тыйым салу енгізілді.

Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Бағдарламаның екінші бөлігі шеңберінде  қайта қаржыландыруға 9,8 мың өтінім берілді, олардың ішінде 83 млрд теңге сомаға қайта қаржыландыруға 9,3 мың қарыз мақұлданды, 70,8 млрд теңге сомаға 7,9 мың қарыз қайта қаржыландырылды. Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі ағымдағы жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.

Бағдарламаның бірінші және екінші бөліктері шеңберінде бұрын капиталдандырылған сомаларды шегергендегі қарыз бойынша негізгі борыштың қалдығы қайта қаржыландырылуға тиіс, қарыз алушының сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша берешегін банктер кешіруге тиіс. Бұдан басқа, қарыздары бойынша банктердің пайдасына борышты өндіріп алу туралы сот актілері бар ХӘОТ - қарыз алушылар мемлекеттік баж төлеуден босатылған.

Бағдарламаның үшінші бөлігі ағымдағы жылдың басынан бастап іске асырылуда және қарыздары ХӘОТ санаты бойынша Бағдарлама шеңберінде бұрын қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларды, сондай-ақ ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерді орындау есебінен жалғыз тұрғын үйі банктердің балансына өткен азаматтарды қолдауға бағытталған.

Банктерге ХӘОТ-қа жататын қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жай-күйін  талдау негізінде негізгі борышты азайту, 20 000 теңгеден ай сайынғы төлеммен жеңілдік кестелерін белгілеу және қарыз алушының табысын ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес сақтау түрінде борыш жүктемесін жеңілдетудің қосымша тетіктерін жеке тұрғыдан қолдану құқығы берілді.

Қарыз алушының банктің балансында тұрған жалғыз баспанасын меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушыны жылдық 3%-дық сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржыландыруды жүзеге асыру не оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы беріледі.

Банктердің шығыстарын өтеу үшін Ұлттық Банк 44,6 млрд теңге бөлді.

Ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мерзімі 2021 жылғы                   1 шілдеге  дейін белгіленген.

Ипотекалық қарыз алушылардың көбірек санын Бағдарламамен қамтуды ұлғайту және әлеуметтік жағынан осал азаматтарға қосымша көмек көрсету үшін 2020 жылғы 21 қыркүйекте Ұлттық Банк Басқармасы Бағдарламаға:

  • еңбекке жарамсыздыққа әкелетін және ипотекалық кредитті өтеуге қажетті кірістерден айыратын әлеуметтік маңызы бар аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын азаматтардың қарыздарын қайта қаржыландыру (аурулардың 5 түрі енгізілген);
  • ХӘОТ үшін көзделген Бағдарламаның жеңілдікті талаптарын қарыз алушының жақын туыстары болып табылатын қоса қарыз алушы, кепіл беруші, кепілгердің ХӘОТ мәртебесі бар қарыздарға қолдану;
  • банктердің Қазақстан Ұлттық Банкінің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша барлық қалған валюталық ипотекалық қарыз алушыларды біржақты тәртіппен конвертациялауы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге);
  • Бағдарламаға таратылатын «Астана Банкі» АҚ мен «Qazaq Banki» АҚ-ның ипотекалық қарыздары бар қарыз алушыларды, сондай-ақ жалғыз баспанасы «Астана Банкі» АҚ мен «БТА Банкі» АҚ-тың балансында тұрған азаматтарды қосу және т.б. көзделетін түзетулерді бекітті.

Алдын ала бағалаулар бойынша, түзетулер шамамен 5 мың қарыз алушыны қосымша қамтуға мүмкіндік береді.

Бағдарлама өлшемшарттарына сәйкес келетін қарыз алушылар қарыз жүктемесін азайту үшін кредит беруші банктерге жүгінуі керек. 

Агенттіктің сайтында қарыз алушылармен өзара іс-қимыл жасау үшін банк қызметкерлерінің байланыс деректемелері және ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мәселесін банктердің қарауы үшін қажетті құжаттар тізбесі орналастырылған. Сондай-ақ  www.fingramota.kz сайттарында Бағдарлама бойынша сұрақ қою мүмкіндігі бар «кері байланыс» функциясы және Бағдарламаны іске асыру талаптары бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар орналастырылған. 

Бағдарламаны іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның барлық өңірлерінде Бағдарлама шеңберінде банктердің қарыздарды қайта қаржыландырудан бас тартуына қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Комиссия құрамына Агенттіктің өңірлік өкілдері, әкімдіктер, мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер кіреді.

Агенттік Қайта қаржыландыру бағдарламасы талаптарында банктердің азаматтарды қолдау шараларын уақтылы және толық іске асыруына тұрақты бақылауды жүзеге асырады.

 

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына деректемелер арқылы ала алады:

+7 (727) 237 1090

e-mail: PRESS@finreg.kz

 

 

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша:

 +7 (727) 237 1000 жедел желі телефонына хабарласыңыздар

 

[1] ХӘОТ санаттары «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 68-бабында айқындалған