
AMANAT партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асырудың 2025 жылғы қорытынды есебін ұсынды. Парламент Мәжілісінің Төрағасы, AMANAT партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың басшылығымен өткен іс-шараға премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Білім министрі Жұлдыз Сүлейменова, облыс әкімдерінің орынбасарлары, банк басшылары, жобаның өңірлік үйлестірушілері, заңгерлер, сарапшылар және жоба өкілдері қатысты.
«Қарызсыз қоғам» бастамасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметпен, Агенттікпен және екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп іске асырылуда. Жоба қаржылық сауаттылықты арттыруға, халықтың шамадан тыс борыш жүктемесін азайтуға және Қазақстанның барлық өңірінде азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.
Іс-шара барысында «Қарызсыз қоғам» жобалау кеңсесінің тұсаукесері өтті, оның шеңберінде берешек, жұмысқа орналасу және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мәселелері бойынша құқықтық кеңес беру бойынша Call-орталық жұмыс істейді. Азаматтардың сұрауларын 180 заңгер өңдейді. Жалпы, бүгінгі күні кешенді қолдау жүйесі құрылған. Үш жылда 1,4 млн азамат оқудан өтті, 1 млн астам азамат заңгерлік және қаржылық кеңес алды.
Азаматтарды көбірек тарту үшін LMS-платформа (Learning Management System) базасында онлайн-оқыту енгізілді. Бұл бұрын бетпе-бет өтетін курстарға қатыса алмағандарға ыңғайлы уақытта оқуға мүмкіндік берді. Бағдарлама жеке бюджетті басқарудан бастап инвестициялау негіздеріне дейінгі бірнеше модульді қамтиды. Оқыту қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар беріледі.
Qogamfin.kz бірыңғай цифрлық жүйесі құрылды, ол жолданымдардың мәртебесін бақылауға және ауыртпалықтарды алып тастау, берешекті қайта құрылымдау, соттан тыс банкроттық сияқты негізгі мәселелер бойынша құжаттар топтамасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сөз сөйлеу барысында Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова жобаның маңызды бағыты мерзімі өткен берешекті реттеуге жәрдемдесу болып табылатынын атап өтті.
«Жобаның арқасында 754 млрд теңге сомасына 703 мың қарыз алушының берешегі реттелді. Қаржы ұйымдарының жобаға қатысуы клиенттермен өзара іс-қимыл парадигмасының өзгергенін көрсетеді. Бұл жағдайда қарыз алушының ұзақ мерзімді орнықтылығы мен қаржы өнімінің тұтынушы үшін пайдасы бірінші орынға қойылады», - деп хабарлады Мәдина Әбілқасымова.
Қаржы ұйымдары халықтың неғұрлым осал санаттарының проблемаларын шешуге айтарлықтай үлес қосуда. Биыл қаржы ұйымдары өз қаражаты есебінен 25 млрд теңге сомасына 89 мың қарыз алушының берешегін толық есептен шығарды, 4,1 млрд теңге сомасына 470 мың қарыз алушының берешегі ішінара есептен шығарылды.
Сөз сөйлеу барысында Агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова азаматтардың шамадан тыс кредит алуына жол бермеу және борыш жүктемесін азайту бойынша қабылданған шараларға тоқталды. Агенттік 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктердің және МҚҰ-ның азаматтардың кредиттерін коллекторларға сатуына мораторий енгізді. Бұл қаржы ұйымдарының ішіндегі проблемалық берешекті дербес реттеуге мүмкіндік берді.
Төлем мерзімін 90 күннен астам кешіктірген азаматтарға тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салынды. Ағымдағы жылдан бастап банктер бойынша мерзімді 30 күннен астам және МҚҰ бойынша 1 күннен астам кешіктірген азаматтарға кредит беруге тыйым салынды. Сондай-ақ, банктер мен МҚҰ-да тұтынушылық кредиттердің ең жоғары сомасы айқындалды. Ағымдағы жылы кепілсіз кредиттердің 5 жылдан аспайтын ең жоғары мерзімі белгіленді.
«Қабылданған шаралар банктердің кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруінің өсуін 2023 жылғы 27,1%-дан және 2024 жылғы 29,3%-дан 2025 жылғы 10 айда 13,2%-ға дейін баяулатуға мүмкіндік берді», - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.
Ағымдағы жылы Мемлекет басшысы «Қарызсыз қоғам» жобасына институционалдық бағдарламалық құжат мәртебесін беру қажеттілігін атап өтті. Бұл оның орнықтылығын, ауқымын және азаматтардың қаржылық орнықтылығын арттыруға жүйелі түрде ықпал етуін қамтамасыз етеді.
«Аталған тапсырманы іске асыру үшін Агенттік мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2026 жылға арналған жаңа Жол картасын әзірледі. Ол халықтың қаржылық мәдениетін одан әрі нығайтуға және олардың кірістерін арттыруға бағытталған. Жол картасының шеңберінде бірқатар негізгі бағытты іске асыру көзделіп отыр»,- деп хабарлады Мәдина Әбілқасымова.
Атап айтқанда, жаңа заң шеңберінде іс-қимылды қадағалау моделі енгізіледі, іс-қимыл тәуекелдерін басқару жүйесі арқылы қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау күшейтілетін болады. Азаматтардың жолданымдарын біркелкі және тәуелсіз қарауды қамтамасыз ету үшін қаржы омбудсманының бірыңғай кеңсесін құру көзделеді.
«Бірнеше кредиторда мерзімі ұзақ уақыт кешіктірілген берешегі бар азаматтардың проблемаларын шешу үшін қаржы омбудсманы базасында берешекті ұжымдық реттеу тетігі енгізіледі», - деді Агенттік Басшысы.
Жеке тұлғалардың банкроттығы кезінде азаматтарға практикалық көмек көрсету маңызды бағыт болып табылады. Қаржы министрлігімен бірлесіп проактивті соттан тыс банкроттық тетігі пысықталуда.
«Кредиттік ұйымдар рәсімді пайдалану туралы ұсыныспен хабарламалар жібереді, келісімді алғаннан кейін соттан тыс банкроттық рәсіміне бастама жасалады. Аталған мақсаттар үшін жаңа Заңда төлем мерзімін 5 жылдан астам кешіктірген азаматтар үшін соттан тыс банкроттықты өткізу мерзімін 6 айдан 1 айға дейін қысқарту көзделген», - деп хабарлады қаржы реттеушісінің төрағасы.
Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударылады. Агенттік қаржы ұйымдарының қолдауымен қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі жаңа іс-шараларды іске асырады, оның ішінде жетекші БАҚ-та материалдар шығарады, бейне курстары бар арнайы лендингтік платформа әзірлейді.
«Қол жеткізілген нәтижелер мен жобаның жоғары әлеуметтік маңызын ескере отырып, «Қарызсыз қоғам» жобасы өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясаттың тұрақты элементі болуға тиіс. Осыған байланысты, Агенттік қаржы ұйымдарымен бірлесіп жобаны іске асыруды, оның мүмкіндіктерін кеңейтуді, цифрлық шешімдерді енгізуді және халыққа атаулы қолдау көрсету тетіктерін дамытуды жалғастырады», - деді Мәдина Әбілқасымова.
Іс-шара барысында екінші деңгейдегі банктердің «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыруға қосқан үлесі ерекше атап өтілді. Кездесу қорытындысы бойынша серіктестерге, сарапшыларға және жобаға қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік наградалар тапсыру рәсімі өтті.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы