Қазақстан банк секторының 2025 жылғы 1 қарашадағы жай-күйі туралы

Қазақстан банк секторының 2025 жылғы 1 қарашадағы жай-күйі туралы

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 23 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 15 банк шетелдік қатысумен, оның ішінде 10 еншілес банк.

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша банк секторының активтері негізінен несие портфелінің 42,1 трлн теңгеге дейін 1,1%-ға өсуі есебінен ағымдағы жылғы қазанда 1,1%-ға ұлғайып, 67,8 трлн теңге құрады (2025 жылдың басынан 10,2%-ға өсу).

Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 19,6 трлн теңгені немесе активтердің 28,9%-ын құрады, бұл банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттері 2025 жылғы қазанда 1,2%-ға 39,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан 15,9%-ға өсу). Бұл ретте, ұлттық валютада берілген кредиттер 0,7%-ға 35,5 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 5,9%-ға 3,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 90,8%-ды құрады (01.01.2025ж. – 91,2%).

Бизнес субъектілеріне берілген кредиттер 2025 жылғы қазанда негізінен айналым қаражатын сатып алуға берілген қарыздардың 1,9%-ға 5,7 трлн теңгеге өсуі есебінен 14,9 трлн теңгеге дейін 1,4%-ға ұлғайды (2025 жылдың басынан 13,7%-ға өсу). Оның ішінде, ірі бизнеске берілген қарыздар 2,7%-ға 5,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды, ШОБ субъектілеріне қарыздар 0,1%-ға 6,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Дара кәсіпкерлерге берілген кредиттер бір айда 1,7%-ға 3,0 трлн теңгеге дейін өсті (2025 жылдың басынан 31,4%-ға өсу).

Салалар бөлінісінде ағымдағы жылғы 10 айда кредиттердің өсуі барлық салаларда дерлік: өнеркәсіпте – 5,0 трлн теңгеге дейін 13,6%-ға, саудада – 4,1 трлн теңгеге дейін 15,9%-ға, ауыл шаруашылығында – 514 млрд теңгеге дейін 6,8%-ға, құрылыста – 790 млрд теңгеге дейін 16,4%-ға, ақпарат және байланыс салаларында – 211 млрд теңгеге дейін 37,6%-ға, көлікте – 932 млрд теңгеге дейін 4,2%-ға өсу байқалады.

2025 жылғы қазанда  бизнес субъектілеріне 2,0 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді. Бұл ретте, 2025 жылғы 10 айда бұл көрсеткіш 15,9 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11,7%-ға көп.

Бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 2025 жылғы қазанның қорытындысы бойынша 22,0%-ды құрап, 0,4 п.т. ұлғайды. Ірі бизнестің теңгемен кредиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 19,9%-ды, ШОБ субъектілеріне – 19,4%-ды, ДК – 31,0%-ды құрады.

Халыққа берілген кредиттер бір айда 1,0%-ға ұлғайып, 24,3 трлн теңге құрады (2025 жылдың басынан 17,4%-ға өсу). Халыққа берілетін кредиттер құрылымында тұтынушылық қарыздар 0,9%-ға 16,4 трлн теңгеге дейін өсті. Бір айда ипотекалық кредиттер 1,1% ға 6,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

2025 жылғы қазанда халыққа берілген жаңа қарыздар 1,6 трлн теңгені құрады. Бұл ретте 2025 жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 16,2 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11,7%- ға көп.

2025 жылғы қазанда халыққа ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 0,1 п.т. ұлғайып, 19,8%-ды құрады. Ипотекалық қарыздар бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 9,4%-ды, тұтынушылық қарыздар бойынша 21,2%-ды құрады.

Кредит портфелінің сапасы жоғары деңгейде сақталып отыр. 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша банк секторы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздар (NPL90+) деңгейі өткен ай деңгейінде сақталып, несие портфелінің 3,5%-ын немесе 1,5 трлн теңгені құрады.

Бизнеске берілген кредиттерде NPL90+ қарыздардың үлесі 2,3%-ды немесе 390 млрд теңгені құрады (01.01.2025ж. – 2,1% немесе 304 млрд теңге). 2025 жылғы қазан айында халықтың кредиттері бойынша проблемалық берешектің үлесі 4,5%-ды немесе 1 101 млрд теңгені құрады (01.01.2025ж. – 3,8% немесе 790 млрд теңге).

Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып отыр және 62,6%-ды құрайды (01.01.2025ж. – 67,0%).

Банк секторының міндеттемелері 2025 жылғы қазанда негізінен клиенттердің салымдарының 1,5%-ға 46,3 трлн теңгеге дейін және айналысқа шығарылған бағалы қағаздардың 2,2%-ға 3,0 трлн теңгеге дейін өсуі нәтижесінде 1,0%-ға 57,8 трлн теңгеге дейін (2025 жылдың басынан бастап 9,8%-ға өсу) ұлғайды.

Депозиттік ұйымдардағы резиденттердің депозиттері 2025 жылғы қазанда негізінен ұлттық валютадағы депозиттердің 2,1%-ға 35,2 трлн теңгеге дейін өсуі нәтижесінде 2,8%-ға 44,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Шетел валютасындағы депозиттер жекелеген банктердің резидент-клиенттерінен қаражат ағынының келіп түсуінен 5,9%-ға 9,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде 2025 жылғы 1 қарашада долларландыру деңгейі 21,2%-ды құрады (01.01.2025ж. – 22,5%).

Заңды тұлғалардың депозиттері негізінен ұлттық валютадағы депозиттердің 3,5%-ға 15,0 трлн теңгеге дейін өсуі нәтижесінде 2025 жылғы қазанда 4,8%-ға 19,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ұлттық валютадағы депозиттердің 1,0%-ға 20,2 трлн теңгеге дейін ұлғаюына байланысты жеке тұлғалардың депозиттері 1,3%-ға 24,8 трлн теңгеге дейін өсті.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 2025 жылғы қазанда 16,3%-ды (01.01.2025ж. – 14,0%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 14,6%-ды (01.01.2025ж. – 13,2%) құрады.

Банктердің меншікті капиталы 2025 жылғы қазанда негізінен өткен жылдардың бөлінбеген таза пайдасының ұлғаюы нәтижесінде 2,1%-ға 10,0 трлн теңгеге дейін (2025 жылдың басынан бастап 12,1%-ға өсу) ұлғайды. 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,3%-ды (01.01.2025ж. – 20,4%), меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 20,5%-ды (01.01.2025ж. – 22,0%) құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

2025 жылғы қаңтар-қазанда банктердің таза пайдасы 2,3 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 8,5%-ға артық. Банк активтерінің рентабельділігі (RОА) 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 4,3%-ды (01.10.2025ж. – 4,4%), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 29,3%-ды (01.10.2025ж. – 29,9%) құрады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz