Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 2025 жылғы 1 қарашадағы жұмыс қорытындысы туралы

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 2025 жылғы 1 қарашадағы жұмыс қорытындысы туралы

2025 жылғы қазанда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қызметі қарыз алушылардың негізінен алаяқтық әрекеттер бойынша, тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті қайта құрылымдауға жәрдемдесу туралы жолданымдарын қарауға және борыш жүктемесін азайту үшін шаралар қабылдауға байланысты болды.

2025 жылғы қазанда Агенттік қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 12 598 жолданымын қарады, бұл 2025 жылғы қыркүйекке қарағанда 7,9%-ға көп.

Жолданымдардың ең көп үлесі – жолданымдардың жалпы санының 49,8%-ы банк секторына тиесілі. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша жолданымдар жалпы санының 39,2%-ын, коллекторлық агенттіктер 9,0%-ды, сақтандыру нарығының субъектілері 1,7%-ды, өзге де ұйымдар 0,3%-ды құрады.

2025 жылғы қазанда қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің іс-әрекеттерінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша Агенттік 15 ұсынымдық қадағалап ден қоюдың шарасын және 2,4 млн теңге сомасына 4 әкімшілік айыппұл, оның ішінде мынадай мәселелер бойынша қолданды:

- «Антифрод» тізіміне енгізілген клиенттердің шоттарына ақша аудару;

- төлем талаптарын орындау кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтамау;

- сақтандыру сомасын уақтылы төлемеу.

Олардың ішінде:

- екінші деңгейдегі банктерге қатысты 12 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы және 1 айыппұл;

- микроқаржы ұйымдарына қатысты 1 айыппұл;

- коллекторлық агенттіктерге қатысты 1 айыппұл;

- сақтандыру ұйымдарына қатысты 3 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы және 1 айыппұл.

Агенттік үш бағыт бойынша жалғыз баспананы сақтап қалуға және борыш жүктемесін азайтуға бағытталған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асырады.

2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтауға бағытталған Бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша банктер 210,3 млрд теңге сомасына 33,1 мың қарызды қайта қаржыландырды.

01.01.2016ж. дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды айналдыруға/қайта қаржыландыруға бағытталған Бағдарламаның екінші бөлігі шеңберінде банктер 114,3 млрд теңге сомасына 16,0 мың валюталық ипотекалық қарыздарды айналдыруды/қайта қаржыландыруды жүргізді. Валюталық қарыздар 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін айналдырылады/қайта қаржыландырылады.

Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде банктер қарыздары бұрын Бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландырылған ХӘОТ-қа жататын ипотекалық қарыз алушыларға қосымша қаржылық қолдау шараларын көрсету бойынша жұмыс жүргізуде. Қолдау шаралары қарыз алушының берешегін азайту, өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу, сондай-ақ банктің балансында тұрған жалғыз баспанасын қарыз алушының меншігіне қайтару түрінде көрсетіледі. 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қосымша қолдау шаралары 99,8 млрд теңге сомасына 10,6 мың қарыз алушыға көрсетілді. Ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz