
2025 жылғы қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қызметі қарыз алушылардың негізінен алаяқтық әрекеттер бойынша, тұтынушылық қарыз бойынша берешекті қайта құрылымдауға жәрдемдесу туралы жолданымдарын қарауға және борыш жүктемесін азайту үшін шаралар қабылдауға байланысты болды.
2025 жылғы қыркүйекте Агенттік қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың
11 672 жолданымын қарады, бұл 2025 жылғы тамызға қарағанда 4,5%-ға көп.
Жолданымдардың ең көп үлесі – жолданымдардың жалпы санының 52,4%-ы банк секторына тиесілі. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша жолданымдар жалпы санының 36,6%-ын, коллекторлық агенттіктер 8,8%-ды, сақтандыру нарығының субъектілері 1,9%-ды, өзге де ұйымдар 0,3%-ды құрады.
2025 жылғы қыркүйекте қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің іс-әрекеттерінде заңнаманың анықталған бұзушылықтары бойынша Агенттік 10 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын,
2 жазбаша ұйғарым және 1,2 млн теңге сомасына 2 әкімшілік айыппұл, оның ішінде мынадай мәселелер бойынша қолданды:
- 90 күннен аса кешіктірілгені үшін өсімпұл есептеу және қарыз алушыға мерзімі өткен берешектің бар екендігі туралы хабарламау;
- сақтандыру сомасын уақтылы төлемеу және Мемлекеттік кредиттік бюроға ақпарат беру туралы шарттың болмауы.
Олардың ішінде:
- екінші деңгейдегі банктерге қатысты 9 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы;
- коллекторлық ұйымдарға қатысты 2 жазбаша ұйғарым және 1 айыппұл;
- сақтандыру ұйымдарына қатысты 1 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы және 1 айыппұл.
Агенттік үш бағыт бойынша жалғыз баспананы сақтап қалуға және борыш жүктемесін азайтуға бағытталған ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асырады.
2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтауға бағытталған Бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банктер 209,9 млрд теңге сомасына 33,1 мың қарызды қайта қаржыландырды.
01.01.2016 жылға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды айналдыруға/қайта қаржыландыруға бағытталған Бағдарламаның екінші бөлігі шеңберінде банктер 114,3 млрд теңге сомасына 16,0 мың валюталық ипотекалық қарыздарды айналдыруды/қайта қаржыландыруды жүргізді. Валюталық қарыздар 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін айналдырылады/қайта қаржыландырылады.
Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде банктер қарыздары бұрын Бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландырылған ХӘОТ-қа жататын ипотекалық қарыз алушыларға қосымша қаржылық қолдау шараларын көрсету бойынша жұмыс жүргізуде. Қолдау шаралары қарыз алушының берешегін азайту, өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу, сондай-ақ банктің балансында тұрған жалғыз баспанасын қарыз алушының меншігіне қайтару түрінде көрсетіледі. 01.10.2025 жылғы жағдай бойынша қосымша қолдау шаралары 99,1 млрд теңге сомасына 10,6 мың қарыз алушыға көрсетілді. Ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету мерзімі
2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы,