
Қаржылық жауапкершілік, ақылға қонымды кредит беру, жеке қаржы және алаяқтықтан қорғау – бұл тақырыптар Satbayev University-дегі «Қаржылық сауаттылық халықтың әл-ауқатын арттыру факторы ретінде» форумында талқылау нысанасы болды.
Директордың ғылыми және халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары Назым Жүнісбекова және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Fingramota.kz жобасының жетекшісі Айгүл Қанатбаева құттықтау сөзінде жастардың қаржылық жоспарлау және сыни ойлау дағдыларын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара барысында жауапты қарыз алу және жеке бюджетті тиімді басқару, шығыстарды сауатты жоспарлау, сақтандыру, қаржылық мақсаттар қоя білу және жинақтау әдетін қалыптастыру мәселелері қаралды. Студенттер алдында KMF-Демеу бизнес-жаттықтырушысы Әлия Шәріпова, мотивациялық жаттықтырушы және қаржылық консультант Әсел Әуелбекова, «Еуразия» ӨСК сату жөніндегі директоры Рамай Курбангалиев сөз сөйледі.
Киберқауіпсіздік пен алаяқтық схемалардан қорғаудың өзекті тақырыбына ерекше назар аударылды. "Еуразиялық банк" АҚ басқарушы директоры Сәуле Исабекова Қазақстанда таралған цифрлық алаяқтық түрлері, сондай-ақ дербес деректер мен ақша қаражатын қорғаудың практикалық тәсілдері туралы айтып берді.
Форум соңында қатысушылар жүлделер ұтысымен қаржылық квизде бақ сынасты. «Кредит лайк емес: ресімдемес бұрын ойлан!» бейнероликтер байқауына жұмыс ұсынған студенттер ерекше атап өтілді. Сондай-ақ үздік контент авторларына марапаттар берілді, ал олардың роликтері бүкіл ел бойынша көрсетіледі. Осындай іс-шараларды тұрақты негізде өткізу жоспарлануда.