Dentons халықаралық заң фирмасының «Банктер және қаржы» практикасының серіктесі және жетекшісі Василий Зеновтің банктер және банк қызметі туралы жаңа заң жобасы жайындағы пікірі.
Қазіргі уақытта Парламент қарап жатқан «Банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы жаңа Заңының жобасы қаржы жүйесінің орнықтылығын арттыруға, бәсекелестікті дамытуға және реттеудің озық халықаралық стандарттарын енгізуге бағытталған банктерді реттеудің ауқымды және кешенді реформасы болып табылады.
Құжат банк секторын жаңғыртудың көптеген негізгі бағыттарын қамтиды. Олардың ішінде – лицензиялау жүйесін реформалау және әрбір банк қызметінің ауқымын, ерекшелігін және тәуекел деңгейін ескеруге мүмкіндік беретін тепе-тең реттеу қағидатына көшу.
Тәуелсіз директорларға қойылатын талаптарды күшейтуді және басқару шешімдерінің ашықтығы мен теңгерімділігін қамтамасыз етудегі олардың рөлін күшейтуді қоса алғанда, корпоративтік басқаруды жетілдіруге елеулі көңіл бөлінген.
Заң жобасы жосықсыз практикалардың алдын алуға және қаржы ұйымдарының клиенттер алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған іс-қимылды қадағалаудың толыққанды жүйесін енгізу арқылы қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды едәуір күшейтуді көздейді.
Реформалардың жекелеген бағыты сектордың технологиялық дамуын жеделдетуге және оның тиімділігін арттыруға ықпал ететін банк саласына қаржы технологиялық-шешімдерді цифрландыруға және енгізуге арналған.
Бұдан басқа, жоба исламдық қаржыландыруды одан әрі дамытуды, атап айтқанда, дәстүрлі банктерге «исламдық терезелер» ашу мүмкіндігін беруді көздейді, бұл халық пен бизнестің шариғат қағидаттарына сәйкес келетін өнімдерге қолжетімділігін кеңейтеді.
Заң жобасында реттеушінің төлемге қабілетсіз және ықтимал төлемге қабілетсіз банктермен жұмысына қатысты жаңа тәсілдерін қоса алғанда, банк жүйесіндегі дағдарыстық жағдайлардың алдын алу мен реттеу тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылды. Заң жобасы күшейтілген қадағалау мен қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жөніндегі шаралардан бастап банкті реттеу жөніндегі толық ауқымды рәсімдерге (рұқсат беруге) дейін (әлеуетті) қаржылық тұрақсыздыққа ден қоюдың қазіргі заманғы үш деңгейлі жүйесін бекітеді.
Банктің төлем қабілетсіздігі немесе ықтимал төлем қабілетсіздігі жағдайында бірінші болып қаржылық шығынды өтеуге тиіс болатын банк акционерлері мен қамтамасыз етілмеген кредиторларының басым жауапкершілігі реформаның негізгі қағидаты болып табылады.
Сондай-ақ, Заң банктердің мәселелерін шешуге мемлекеттің барынша аз қатысу қағидатын енгізеді. Мемлекеттік қолдау тек жүйелік маңызы бар банктерге қатысты және тұтастай қаржы жүйесінің тұрақтылығына қауіп төнген кезде ғана рұқсат етіледі.
Бұл ретте банкті реттеу процесінде орын алған мемлекеттік шығыстар тұтастай банк секторының алдағы уақыттағы жарналарының есебінен өтелуге тиіс. Мұндай тәсіл «Қаржы институттарының қызметін реттеудің тиімді режимдерінің негізгі сипаттамалары» (Key Attributes of Effective Resolution Regimes for Financial Institutions)» құжатында баяндалған Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің (FSB) ұсынымдарын қоса алғанда, ең үздік халықаралық практикаға сәйкес келеді.
Жаңа заңды қабылдау және іске асыру Қазақстанның банктерді реттеу жүйесін қаржылық тұрақтылықтың жаһандық стандарттарына едәуір жақындатады, инвесторлардың елдің банк секторына деген сенімін нығайтады және оның ұзақ мерзімді және орнықты дамуының берік негізін қалайды деп күтілуде.