2025 жылғы 13 – 18 қазан аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова бастаған делегациясы Халықаралық Валюта Қорының (ХВҚ) және Дүниежүзілік банк (ДБ) тобының АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен Жыл сайынғы кездесулеріне қатысты.
Қатысу бағдарламасы қаржылық тұрақтылық, макроэкономикалық даму және өңірлік ынтымақтастық мәселелеріне арналған екі жақты кездесулер мен көпжақты пікірталастар сериясын қамтыды.
ХВҚ басқарушы директоры Кристалина Георгиевамен кездесу өтті, оның барысында Қазақстанның банк секторының ағымдағы жағдайы, FSAP ұсынымдарының орындалуы, қаржылық орнықтылықты нығайту жөніндегі шаралар, сондай-ақ Банктер мен банк қызметі туралы жаңа заңның ережелері талқыланды. ХВҚ өкілдерімен жеке кездесуде Қазақстанның қаржы секторындағы негізгі реформалар және реттеу мен қадағалау саласындағы одан әрі өзара іс-қимыл перспективалары қаралды.
Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Антонелла Бассанимен кездесу барысында корпоративтік басқаруды жетілдіру, Solvency II қағидаттары бойынша тәуекелге бағдарланған сақтандыру қадағалауын енгізу мәселелері, сондай-ақ инвестициялық қорлар нарығын дамыту жөніндегі заңнамалық бастамалар талқыланды.
Сонымен қатар, Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова ХВҚ басқарушы директорының орынбасары Бо Лидің төрағалығымен өткен Кавказ және Орталық Азия елдерінің министрлері мен орталық банктері басшыларының отырысында сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Қазақстанның ХВҚ-мен әріптестігінің маңыздылығын атап өтіп, қаржы секторындағы реформалардың негізгі бағыттарын, соның ішінде тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізуді, цифрлық қаржы активтерін реттеуді дамытуды, сондай-ақ Кавказ және Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік өзара іс-қимыл мен экономикалық интеграцияны нығайту жөніндегі шараларды ұсынды.
Сондай-ақ делегация Ресей Банкінің Еуразиялық дөңгелек үстеліне қатысты, онда жаһандық және өңірлік экономикалық үрдістер, ұлттық макроэкономикалық болжамдар, монетарлық және фискалдық саясаттың дамуы, сондай-ақ БРИКС елдерінің ХВҚ-мен ынтымақтастығы қаралды.
Қаржылық инклюзия және экономикадағы көшбасшы әйелдерді ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Агенттік Төрағасы Дүниежүзілік банктің Антонелла Бассанидің төрағалығымен ұйымдастырған The 2nd Women Leaders’ Breakfast Discussion талқылауына қатысты. Талқылау барысында әйелдердің қаржы секторына қатысуын кеңейту, олардың қаржы жүйесінің болашағын қалыптастырудағы рөлін арттыру және нарықтың барлық қатысушылары үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету жолдары қарастырылды.
Жыл сайынғы кездесулер аясында Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) басшылығымен кездесу өтті. Қаржы және жеке сектор институттарын дамытуды қоса алғанда, «Еуропа және Орталық Азия елдерінің өсуі үшін қаржылық қолжетімділікті кеңейту» бағдарламасын іске асыру мәселелері, сондай-ақ микроқаржылық қызмет туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Бұдан басқа, S&P, Moody’s және Fitch халықаралық рейтингтік агенттіктерімен кездесулер өткізілді, олардың барысында ағымдағы макроэкономикалық үрдістер, Қазақстанның банк секторының жай-күйі және қаржы жүйесінің орнықтылығын арттыру бойынша жоспарланған реформалар қаралды. Банк тәуекелдерін талдау және қазақстандық банктер мен эмитенттердің кредиттік рейтингтерін арттыру бөлігінде одан әрі ынтымақтастық бағыттары талқыланды.
Агенттік делегациясының ХВҚ мен Дүниежүзілік банктің Жыл сайынғы кездесулеріне қатысуы Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға, қаржы секторындағы реформаларды ілгерілетуге және халықаралық институттар мен инвесторлар тарапынан ұлттық қаржы жүйесіне деген сенімді арттыруға ықпал етті.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы