ЕҚДБ: Банктер туралы жаңа заң елдің қаржылық архитектурасын нығайтады

ЕҚДБ: Банктер туралы жаңа заң елдің  қаржылық архитектурасын нығайтады

Еуропалық Қайта құру және даму банкінің

Орталық Азия және Моңғолия жөніндегі басқарушы директоры Хусейн Озханның Банктер және банк қызметі туралы жаңа заң жобасы туралы түсініктемесі

 Еуропалық Қайта құру және даму банкі Қазақстанда банктер және банк қызметі туралы жаңа заңның қабылдануын ұлттық экономика үшін маңызды қадам ретінде бағалайды.

Бұл заң елдің қаржылық архитектурасын нығайтады және инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін ашықтық, орнықтылық және үздік халықаралық практикаларға сәйкестік қағидаттарына шынайы берілгендікті көрсететін осы мақсаты жоғары реформаны дайындауда қолдауға қуаныштымыз.

Біз әсіресе төлемге қабілетсіз немесе ықтимал төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің заманауи жүйесін енгізуді құптаймыз. Бұл Қазақстанды банк заңнамасының халықаралық стандарттарына және Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес (Financial Stability Board) белгілеген төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің негізгі сипаттамаларына жақындатады. Бұл өзгерістер қаржы секторының тұрақтылығын сақтау және банктердің нақты экономикаға тиімді қызмет көрсетуін қамтамасыз ету үшін шешуші мәнге ие.

Біз Агенттіктің банк қоғамдастығымен сындарлы өзара іс-қимылын және оның неғұрлым ашық және реттелген банк жүйесін құруға деген нақты бейілділігін жоғары бағалаймыз. Бұл реформалар банк секторына деген сенімді нығайтып қана қоймай, Қазақстанға жаңа инвестициялар тартуға да көмектеседі.

Біз сондай-ақ банктің шығындары бірінші кезекте осындай банктің акционерлері мен кредиторларының есебінен барынша өтелетін (жабылатын) жағдайда жүйелік маңызы бар банкті реттеуді қаржыландыруға банк секторы қатысуының маңыздылығын атап өтеміз. Әрбір жеке банктің сенімділігі бүкіл сектордың орнықтылығына ықпал етеді, сондықтан есеп реттеуді қаржыландыруға қатысу барлық банктердің мүдделеріне сәйкес келеді. Заң жобасында ұсынылған, банк реттелгеннен кейін банк секторынан жиналатын ақшалай жарналар тетігі прагматикалық ымыраға келуді білдіреді. Ол Қазақстанның банк секторын халықаралық практикаға неғұрлым толық сәйкестікке дайындайды, ол 2008 жылғы қаржы дағдарысы кезінен бастап алдын ала қаржыландырылған реттеу тетіктеріне көбірек басымдық береді.

Жалпы алғанда, Банктер және банк қызметі туралы заң жобасы стратегиялық тұрғыдан маңызды және болашаққа бағдарланған құжат болып табылады. Ол қаржылық дағдарыстарды еңсеруге, тұрақтылықты қамтамасыз етуге және ұзақ мерзімді орнықтылықты қалыптастыруға ұмтылатын кез келген экономика үшін қажет. Сонымен бірге Заң жаһандық инвесторлардың қазақстандық нарыққа неғұрлым белсенді қатысуына ықпал ететін болады.