Агенттік Қаржылық сауаттылық апталығын өткізуді қолдады

Агенттік Қаржылық сауаттылық апталығын өткізуді қолдады

Фото: Sputnik.kz / Ертай Сарбасов 

2025 жылғы 6 қазанда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен Қазақстан қор биржасының (KASE) алаңында Қаржылық сауаттылық апталығының (Financial Literacy Week) басталуын атап өткен Ring The Bell for Financial Literacy-дің ашылу салтанаты өтті.

Бұл бастама Халықаралық бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялар ұйымы (IOSCO) ұйымдастырған World Investor Week 2025 жаһандық жобасы аясында жүзеге асырылуда және бүкіл әлемдегі қаржы ұйымдарын, оның ішінде түрлі елдердің жетекші биржаларын да біріктіреді.

Бір аптаның ішінде KASE академиясы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Fingramota.kz жобасының көмегімен онлайн-вебинарлар сериясын өткізеді. Сарапшылар инвестициялаудың негізгі аспектілері, қор нарығының құралдары және жеке қаржыны басқарудың практикалық тәсілдері туралы айтып береді.

Гонгты соғу құрметті миссиясы Агенттіктің Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Александр Терентьевке берілді. Ол білім беруді, сервистердің қолжетімділігін және азаматтардың мүдделерін қорғауды қамтитын кешенді тәсілсіз қаржы жүйесінің тұрақты дамуы мүмкін емес екенін және бұл орнықты дамудың үш маңызды тірегі екенін атап өтті.

«Агенттік инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтеді, оларды дайындық деңгейіне қарай бөлуді енгізеді және брокерлер мен ұйымдардың жауапкершілігін нақтылайды. Бүгінгі күні инвестициялық өнімдерді басқа қаржы құралдарын пайдалану дағдылары сияқты білу қажет. Соңғы 5 жылда инвестициялық шоттар саны 12 есе өсті. Нарық, биржа және реттеуші бірлескен кезде ғана біз жаңа инвесторларды оқытып, олардың мүдделерін қорғай аламыз. Өткен жылы біз Үкімет деңгейінде бекітілген Қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасын іске асыруды сәтті аяқтадық. Қазіргі уақытта сараптамалық қоғамдастықпен және нарыққа қатысушылармен бірлесіп жаңа стратегиялық құжат әзірленді, ол жақын арада қабылданатын болады», - деп атап өтті А. Терентьев.

Қаржылық сауаттылық апталығы аясындағы алғашқы вебинарды Client Relations Office KASE директорының орынбасары Нұркен Болатбек ашты. Ол биржаның тарихы мен функциялары, сондай-ақ оның капитал нарығын дамытудағы рөлі туралы айтып берді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz