Forbes.kz. арналған сұхбат
Банктер және банк қызметі туралы жаңа заң төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің заманауи жүйесін енгізеді, аталған жүйе халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және Қазақстанның қаржы нарығының ұлттық ерекшеліктерін ескереді. Бұл реформа салымшылардың мүдделерін қорғауға, жүйелік тәуекелдерді азайтуға және дағдарысты жағдайларда бюджет қаражатын пайдалануды барынша азайтуға бағытталған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымов реттеудің жаңа тетігі қандай болатынын, іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін және оның елдің қаржы секторының ұзақ мерзімді тұрақтылығы үшін неліктен маңызды екенін айтып береді.
– Тимур Бөкейханұлы, Қазақстан бұрын проблемалық банктердің бірнеше жағдайын бастан өткерді. Жаңа заң мұндай жағдайлардың қайталануын болдырмауға қалай көмектеседі?
– Бұрын біздің қаржы жүйеміз жекелеген банктердің өз орнықтылығын жоғалтып, төлемге қабілетсіз болып қалған жағдайларға тап болды. Нарықтағы тұрақтылықты сақтау үшін мемлекет банктерге қолдау көрсету үшін бюджет қаражатын бөлуге мәжбүр болды. Бұл тәсіл уақытша шара болды және банк иелері мен басшылығының қателіктері үшін жауапкершілікті қоғамға жүктеуге болмайды деп есептеймін. Жаңа заң өзге қағидатты бекітеді. Банкті қалпына келтірудің негізгі ауыртпалығы оның акционерлеріне жүктеледі, бұл әділ және барынша орнықты модель құруға мүмкіндік береді.
Бұл қағидаттар іс жүзінде жұмыс істеуі үшін заңда ертерек ден қою жүйесі жетілдірілді. Бұл реттеушінің алғашқы қиындықтар туындаған кезеңде банкпен жұмыс істеу үшін көбірек құралдарды алады дегенді білдіреді. Егер көрсеткіштер нашарлай бастаса, қадағалау күшейеді және банк жағдайды түзету үшін шаралар қабылдауға міндетті. Әрбір банктің реттеушімен келісілген қалпына келтіру жоспары болуы керек, онда акционерлер мен басшылық қаржылық орнықтылықты нығайту үшін қандай шаралар қолданатыны анық көрсетілуге тиіс. Егер олар орнықтылықты қалпына келтіру бойынша алған міндеттемелерін орындай алмаса, онда салымшылардың мүдделерін қорғау үшін реттеу тетігі іске қосылады. Яғни, жаңа заң акционерлер банкті қалпына келтіру үшін бірінші кезекте жауап береді деген қағиданы бекітіп береді. Мұндай тетік кенеттен болатын дағдарыс тәуекелін азайтады және бүкіл нарық үшін болжамдылықты арттырады.
– Сіз акционерлердің жауапкершілігін күшейту туралы атап өттіңіз. Жаңа заң банктердің акционерлері мен басшылығының жауапкершілігін қалай күшейтеді?
– Менің ойымша, басты өзгеріс тәсілдің философиясында. Егер бұрын проблемалар туындаған кезде негізгі жүктеме мемлекетке жүктелген болса, енді акционерлер өздерінің ықтимал дағдарыстарға деген көзқарасын өзгертуі керек. Олар капиталдандыруға қолдау көрсетіп қана қоймай, кез келген жағдайда орнықтылықты сақтауға дайындығын тұрақты түрде растауға тиіс. Яғни, акционер формальды уәделермен шектелмей, нақты қаржылық және басқарушылық іс-қимыл жоспары болуы керек.
Ірі, жүйелік маңызы бар банктер үшін біз капиталға қойылатын талаптарды күшейттік. Бұл шығындарды сіңіру қабілеті немесе TLAC деп аталады. Қарапайым тілмен айтқанда, мұндай банктерде мемлекеттің көмегінсіз қиын кезеңдерден өтуге мүмкіндік беретін қауіпсіздік қоры болуы керек.
Біз корпоративтік басқару тәсілін де қайта қарадық. Енді біз директорлар кеңесінің мүшелерінен формальды қатысуды емес, нақты қатысуын, кәсіпқойлықты күтеміз. Кеңесте ыңғайсыз сұрақтар қоя білетін және сараланған шешім қабылдай алатын тәуелсіз және сауатты адамдардың болуы маңызды. Топ-менеджмент үшін тәжірибесіне, біліктілігіне және тәуекелдерді түсінуіне де қосымша талаптар белгіленді.
Қадағалау практикасын бөлек атап өткім келеді. Біз тәуекелге бағдарланған қадағалаудың негізгі құралдарының бірі ретінде уәжді пайымдауды қолдануды кеңейтеміз. Бұл тәсіл қадағалауды әлдеқайда мағыналы етіп, проблемалардың алдын алуға бағыттайды.
Жиынтығында бұл шаралар неғұрлым жетілген жүйені қалыптастырады, онда әрбір қатысушы өзінің жауапкершілігін түсінеді, ал негізгі шешімдер салымшылардың нақты тәуекелдері мен мүдделерін ескере отырып қабылданады.
– Заңның ең көп талқыланатын элементтерінің бірі – жүйелік маңызы бар банктерді реттеу кезінде пайдаланылатын банктердің қорға ұжымдық жарналарының тетігі. Нарық бұл жосықсыз меншік иелері үшін «сақтандырудың» болуын туындатады деп қауіптенеді. Мұндай қорды құру не үшін қажет болды?
– Әңгіме әдеттегі мағынадағы жаңа қорды құру туралы емес екенін түсінуіміз керек. Идея мүлдем басқаша. Біз мемлекет реттеу процесінде нақты шығындарға ұшыраған жағдайда ғана банктердің шығындарды өтеуге қатысатын тетігін құрғымыз келеді.
Бұл дағдарыс жағдайында әрекеттердің ашық әрі әділ тәртібін бекіту үшін қажет. Бұрын мұндай жағдайлар бір реттік, көбінесе бюджет есебінен шешілетін. Енді мемлекет тек жүйелік маңызы бар банктерге қатысты ғана және ерекше жағдайларда ғана қатысады. Қалған банктер өз күштеріне және акционерлеріне сенетін болады.
Егер жүйелік маңызы бар банктерді реттеу кезінде шығындар туындаса, оларды нарық, яғни банктердің өздері өз үлесіне тепе-тең түрде өтейді. Іс жүзінде мұндай сценарийдың болуы екіталай, себебі жаңа заң ерте ден қою, капиталға қойылатын талаптарды және акционерлердің жауапкершілігін күшейту қағидаттарына негізделген. Мұның бәрінің болуы ел бюджетінің шығынға ұшырауын екіталай етеді.
Бұл ретте мұндай тетіктің орнықтылық пен даму арасындағы теңгерімді сақтауға мүмкіндік беретінін түсіну маңызды. Барлық тәуекелді өтеу үшін капитал мен өтімділікке қойылатын талаптарды үнемі арттырып отыруға болар еді, бірақ бұл реттеуді шамадан тыс қатаңдатуға және кредит беруді шектеуге әкелетін еді. Мысалы, есептеулер тәуекел-саралауды арттыру қажеттілігін көрсеткенімен, қазір шағын және орта бизнеске кредит беруді қолдау үшін біз активтерді төмендетілген тәуекел-саралауды енгіздік. Мұндай шешімдер болашақта жүйеге бюджет қаражатын тартпай, тәуекелдерді өтеуге мүмкіндік беретін тетік қолданылатындығы себебінен мүмкін болады. Бұл реттеушінің біршама икемді саясатына қажетті кеңістік құрады.
– Банктерді реттеудің мұндай тәсілі тек бізде ғана қолданыла ма немесе әлемде де осыған ұқсас тетіктер бар ма? Заңды әзірлеу барысында сіздер қандай халықаралық практикаларға басшылыққа алдыңыздар және өткен жылдардағы тәжірибеден нені ескердіңіздер?
– Мұндай тәсіл бірегей жағдайға жатпайды. Мұндай тетіктер көптеген елдерде, мысалы Еуропалық одақта, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Канада мен басқа да юрисдикцияларда қолданылады. Олардың негізінде G20 мен Базель комитетінің құжаттарында бекітілген бірыңғай халықаралық қағидаттар бар.
Біз бірнеше жыл бойы халықаралық сарапшылармен, оның ішінде осындай реформаларды өткізген Халықаралық валюта қоры, Еуропа Орталық Банкі, Дүниежүзілік банк, Еуропа қайта құру және даму банкі мен ұлттық реттеушілердің өкілдерімен кеңестік. Сондай-ақ, халықаралық сарапшылармен бірге өз тәжірибемізді және банктердің соңғы жылдардағы реттеу жағдайларын мұқият зерттедік. Бірлескен жұмыс шетелдік модельдердің қандай элементтерінің Қазақстанда нақты қолданылатынын, ал қайсысын біздің нарық құрылымымызға және банк жүйесінің ауқымына бейімдеу талап етілетінін анықтауға көмектесті. Нәтижесінде жаңа реттеу тетігі өзіміздің тәжірибемізден алынған үздік халықаралық практикалар мен сабақтардан тұрады.
Жалпы алғанда, жаңа заң біздің қаржы секторын жүйелі түрде дамыту мен нығайтуға қатысты пайымымызды білдіреді. Халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер соңғы жылдары Қазақстандағы банктерді қадағалау сапасының елеулі түрде артқаны туралы ортақ пікірге келді. Мұның барлығы банк жүйесінің дамудың жаңа сатысына қадам басуға және бұрынғыдан да тиімді, инновацияларға ашық және ең бастысы орнықты болуға дайын екенін білдіреді. Сондықтан қол жеткізілген прогресті сақтап қалу және келесі кезеңге, яғни орнықтылық, даму мен сенімді қамтитын реттеудің заманауи жүйесін қалыптастыруға өту маңызды.