Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі Төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаевтың мақаласы
2025 жылдың басынан бастап Банктер туралы жаңа заңды әзірлеу бойынша ауқымды және жүйелі жұмыс жүргізілді. Бұл заң – соңғы онжылдықта қаржы секторында дайындалған барынша маңызды заңнамалық құжаттардың бірі.
Заң Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді және банк қызметі саласындағы қолданыстағы нормаларды жан-жақты тұрғыдан қайта қараудың нәтижесі болды. Реттеу, қадағалау, лицензиялау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, әсіресе кредиттік өнімдер бойынша, және банктердің орнықтылығын қамтамасыз ету тәсілдері өзгертілді. Құжатта үздік халықаралық практикалар, атап айтқанда Халықаралық валюта қорының ұсынымдары, сондай-ақ озық елдердің – Ұлыбритания, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия және Еуропалық Одақ елдерінің тәжірибесі негізге алынды.
Биыл қаңтар – мамыр айларында банктердің, сарапшылардың және халықаралық консультанттардың қатысуымен 30-дан астам жұмыс кездесулері, талқылаулар және ашық консультациялар өткізілді. Заң жобасының барлық негізгі ережелері ашық түрде, нарықпен егжей-тегжейлі кері байланыста талқыланды. Нәтижесінде біз банктің бүкіл жұмыс істеу циклын, яғни лицензия алу мен жұмысты бастаудан бастап қызметті тоқтатуға және төлем қабілетсіздігін реттеуге дейінгі қызметін қамтитын тұтас, қисынды тұрғыдан құрылымдалған заңды дайындадық. Заң 135 баптан, 9 бөлімнен және басқа заңнамалық актілерге ондаған ілеспе түзетулерден тұрады. Шын мәнінде, ол орнықты және технологиялық заманауи қаржы секторы үшін жаңа құқықтық негіз қалыптастырады.
Орталық блоктардың бірі цифрландыру мәселесі болды. Бүгінгі күні цифрлық технологиялар жай ғана құрал емес, банк жүйесінің жұмыс істеуінің негізі болып табылады. Сондықтан жаңа Заңда цифрлық қаржы активтері (ЦҚА) – токенделген қаржы құралдары үшін алғаш рет құқықтық режим енгізіледі. Цифрлық қаржы активтерінің үш түрі көзделген: ақшамен қамтамасыз етілген стейблкоиндер; нақты базалық активке шығарылатын қамтамасыз етілген цифрлық активтер; сондай-ақ цифрлық нысандағы қаржы құралдары, яғни акциялар, облигациялар және токен форматындағы басқа да бағалы қағаздар. Мұндай активтер қаржы құралдарына теңестіріледі және классикалық құралдармен қатар платформаларды міндетті тіркеумен, операцияларды қадағалаумен, ішкі бақылауға, ақпаратты жария етуге және инвесторларды қорғауға қойылатын талаптармен реттеледі.
Орнықты, технологиялық тұрғыдан бейтарап және бәсекеге қабілетті қаржы ортасын қалыптастыру үшін Ұлттық Банк цифрлық платформалар мен инфрақұрылымның жұмысы үшін техникалық стандарттарды белгілейді. Сондай-ақ, Ұлттық Банк стейблкоиндердің шығарылымы мен айналысын реттейтін, олардың бірыңғай құқықтық жүйеге ықпалдасуын бақылайтын болады. Өз кезегінде, Агенттік нарықтың инвестициялық жағына назар аударады, цифрлық бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарының шығарылымы мен айналысын реттейді, эмитенттерге қойылатын талаптарды белгілейді, ақпаратты жария етуді қадағалайды және инвесторларды қорғауды қамтамасыз етеді. Екі орган бірлесіп негізгі инфрақұрылымның, яғни платформалар, тіркеушілер және биржалар жұмысының қағидаларын айқындайтын болады, бұл цифрлық активтер нарығын ашық және қауіпсіз дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге цифрлық ортада – мобильді қосымшалар, интернет-сервистер және өзге де технологиялар арқылы пайдалануға болатын ұлттық валютаның жаңа нысаны ретінде цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесі бекітіледі. Бұл жылдам және қауіпсіз есеп айырысу жүйесінің маңызды элементі болады. Бұдан басқа, төлем ұйымдарына қойылатын талаптарды күшейту ұсынылады. Атап айтқанда, төлем ұйымын есептік тіркеуге және төлем ұйымдарының тізілімінен шығару негіздеріне қойылатын талаптар қатаңдатылады.
Банк нарығына қол жеткізу моделін жаңартпай цифрландыру мүмкін емес. Жаңа заңның негізгі жаңалықтарының бірі банктерді лицензиялаудың екі деңгейлі жүйесін енгізу болды: базалық және әмбебап лицензиялар. Бұл модель тек ірі банктер ғана емес, сонымен қатар жаңа қатысушылар, соның ішінде шағын өңірлік банктер мен микроқаржы ұйымдары дами алатын барынша икемді және бәсекеге қабілетті ортаны құруға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе қаржылық қызметтердің қолжетімділігін ынталандыру, кәсіпкерлікті дамыту және банктік қызмет көрсетуде аумақтық және цифрлық алшақтықтарды қысқарту үшін аса маңызды.
Базалық лицензия шектеулі операциялар тізбесіне бағдарланған шағын банктерге арналған. Мұндай ұйымдар үшін ең төменгі капитал бойынша оңайлатылған талаптар және қызмет түрлеріне шектеу көзделген. Атап айтқанда, үлестес тұлғалар мен бейрезиденттерге кредит беруге тыйым салынады, тәуекелді инвестициялар мен ірі мәмілелер көлемі шектеледі, жеке тұлғалардың депозиттерін тартуға лимит белгіленеді. Бұл шектеулер қатысушыларға артық реттеуші жүктемені артпай, ықтимал тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте базалық лицензияның болуы мұндай банктерді қадағалау талаптарынан босатпайды. Олар тұрақты тексерулерден өтеді, соның ішінде SREP – Supervisory Review and Evaluation Process қадағалау моделі бойынша орнықтылықты бағалау рәсімінен өтеді. Бұл тәуекелдерді, корпоративтік басқаруды, капиталдың жеткіліктілігін және басқа көрсеткіштерді қамтитын банктің орнықтылығын бағалаудың кешенді әдістемесі. Осылайша, жаңа қатысушылардың сенімділігі мен адалдығы әмбебап банктермен қатар, бірақ олардың қызметінің ауқымын ескере отырып қамтамасыз етіледі.
Әмбебап лицензия жұмыс істеп тұрған ірі банктер үшін сақталады және классикалық кредит беруденн бастап инвестициялық қызмет көрсетуге дейінгі операциялардың барлық аясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл бір жағынан, бәсекелестікті арттыруға және жаңа ойыншыларды тартуға, екінші жағынан, жүйенің тұрақтылығын сақтауға және операциялардың сипаты мен көлеміне байланысты талаптарды саралауға мүмкіндік береді.
Шағын, бірақ тұрақты банктердің пайда болуына жағдай жасау қаржылық инклюзияны арттыру, жаңа бизнес-модельдердің, соның ішінде цифрлық модельдердің пайда болуы және бәсекелестік ортаның жалпы қалпына келуі үшін маңызды қадам болып табылады. Болашақта бұл клиенттерге – жеке тұлғаларға, сол сияқты шағын және орта бизнеске банктік өнімдерді кеңінен таңдауға, оның ішінде инновациялық технологияларды пайдалана отырып алуға мүмкіндік береді.
Келесі маңызды бағыт іс-қимылды қадағалауды енгізу болды. Біз қадағалау қаржылық көрсеткіштермен шектелген тәсілден клиентті қорғау негізгі басымдыққа айналатын модельге көштік. Жаңа заң адал жарнамаға, өнімдердің шарттарын жария етуге, қызметті мәжбүрлеуге тыйым салуға және оның жарамдылығын бағалауға қойылатын талаптарды енгізеді. Қаржы ұйымдары нақты өнімнің нақты бір адамға сәйкес келетіндігін тексеруге міндетті. Әсіресе халықтың осал топтары арасында шамадан тыс борыш жүктемесін болдырмайтын жауапты кредит беру стандарттары енгізіледі.
Шағымдарды қарау жүйесі екі кезеңде құрылады: алдымен шағымды қызмет жеткізушінің өзі, содан кейін – қаржы омбудсманының бірыңғай қызметі қарайды. Бұл институт омбудсмандардың барлық қолданыстағы функцияларын біріктіреді және клиенттер мен қаржы ұйымдары арасындағы дауларды шешудің сотқа дейінгі негізгі тетігі болады. Сонымен бірге біз банктер мен микроқаржы ұйымдарының қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі бастамаларды жүргізу міндетін бекіттік. Бұл әсіресе цифрландыру және жаңа күрделі өнімдердің пайда болуы аясында өте маңызды – клиент не таңдайтынын түсінуі керек.
Банктердің орнықтылығына және олардың ықтимал дағдарыстарға дайындығына көп көңіл бөлінді. Заңға дағдарысқа қарсы реттеудің үш сатылы жүйесі енгізілді: күшейтілген қадағалау, қалпына келтіру режимі және реттеу режимі. Банктер қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда қалпына келтіру жоспарларын алдын ала әзірлеуге міндетті. Егер жағдай нашарлай берсе, реттеу режимі басталады. Бұл кезеңде уақытша әкімшілік енгізіледі, банктің жұмыс істеу қабілетін бағалау жүргізіледі және қажет болған жағдайда, активтер мен міндеттемелердің бір бөлігін немесе барлығын басқа қаржы институтына беруден бастап өтпелі банк құруға немесе акционерлер мен инвесторлар алдындағы қарыздарды есептен шығаруға дейін арнайы шаралар қолданылады.
Заңда халықаралық практикаға сәйкес келетін нақты реттеу құралдары көзделген. Бұл, ең алдымен, күрделі және борыштық міндеттемелерді есептен шығару немесе айырбастау, бизнесті сату, активтерді беру, уақытша ұйым құру (bridge bank) және банк функцияларын «жақсы» және «проблемалық» активтерге (asset separation) бөлу. Мұндай шаралар аса маңызды қызметтердің үздіксіздігін қамтамасыз етуге, салымшылардың мүдделерін қорғауға және қаржы жүйесіне деген сенімді сақтауға мүмкіндік береді.
Жүйелік маңызы бар банктер үшін TLAC (Total Loss Absorbing Capacity) тетігі – беріктік қорын қалыптастыру жөніндегі талап бекітілді. Бұл елеулі шығындар болған жағдайда есептен шығаруға немесе капиталға айналдыруға алдын ала дайындалған банктің капиталы мен борыштық құралдары жеткілікті мөлшерде болуға тиіс дегенді білдіреді. Осылайша, бірінші кезекте шығындар бюджет қаражатын тартпай-ақ акционерлер мен инвесторлар есебінен өтеледі.
Мемлекеттің реттеуге тікелей қатысуы енді ең төтенше жағдайларда – егер барлық нарықтық құралдарды пайдалану жеткіліксіз болып шықса және банк елдің қаржылық тұрақтылығы үшін жүйелі тәуекелге ұшыраса ғана мүмкін болады. Сонымен қатар, мұндай жағдайларда да мемлекеттік көмек қатаң шарттар сақталған жағдайда ғана рұқсат етіледі: шешімдердің ашықтығы, нарықтық тетіктерге барынша аз араласу және NCWO – No Creditor Worse Off қағидатын міндетті түрде сақтау қамтамасыз етілуге тиіс. Яғни, бұл бірде-бір кредитор реттеу процесінде әдеттегі банкроттық рәсімінен гөрі көп шығынға ұшырамауы керек дегенді білдіреді. Осылайша, шығындарды ерікті түрде қайта бөлу мүмкіндігі жойылады және адал кредиторлардың құқықтарын қорғауға кепілдік беріледі.
Жаңа жүйе мемлекеттік көмекті автоматты немесе саяси негізделген түрде ұсынуды толығымен жояды. Реттеу тәсілі болжамды, экономикалық тұрғыдан негізделген және әділ болды. Бұл түбегейлі өзгеріс моральдық тәуекелді жоюға, банк иелерінің жауапкершілігін арттыруға және салымшылар мен салық төлеушілердің мүдделерін қорғауға бағытталған.
Біз сондай-ақ корпоративтік басқаруға қойылатын талаптарды күшейттік, себебі банктің орнықтылығы мен клиенттердің мүдделерін қорғау басқару шешімдерінің сапасына байланысты. Жаңа заң акционерлерден бастап банк ішіндегі мамандандырылған қызметтерге дейінгі басқарудың барлық деңгейлері үшін нақты стандарттарды белгілейді.
Тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және комплаенс бөлімшелерінің басшылары енді ресми түрде негізгі басшы қызметкерлер ретінде танылады. Бұл оларға басқарма мүшелеріне сияқты қатаң талаптар қойылатынын білдіреді: тәжірибенің, тиісті білімнің, іскерлік беделдің және кәсіби қызметтің ашық тарихының болуы. Олардың тәуелсіздігі мен өкілеттіктері заңнамалық деңгейде бекітіледі, бұл аталған қызметтерге шешім қабылдауға нақты әсер етуге және бұзушылықтарды ерте сатыда болдырмауға мүмкіндік береді.
Директорлар кеңесінің құрамына қойылатын талаптар да арттырылды. Кеңес мүшелері, әсіресе тәуелсіз мүшелер, бірқатар өлшемшарттарға сәйкес келуі керек – банкпен үлестес болмауы, іскерлік бедел, біліктілік. Менеджментке шамадан тыс жақындауға жол бермеу және тәуелсіз көзқарасты сақтау үшін өкілеттік мерзіміне шектеулер енгізіледі. Тәуелсіздік өлшемшарттарына сәйкестікті жыл сайынғы тексеру банктің өзі тарапынан да, реттеуші тарапынан кейінгі бағалау мүмкіндігімен де міндетті рәсімге айналады. Бұл директорлар кеңесі шешімдерді формалды түрде мақұлдамай, шын мәнінде қадағалау функциясын орындауы үшін қажет.
Сонымен қатар, заңда реттеушінің уәжді пайымдау құралдары кеңейтілді. Яғни, уәкілетті орган тек формалды ғана емес, сонымен бірге нақты жағдайларды да – мысалы, кеңес мүшесінің нақты тәуелсіздігі немесе акционердің операциялық қызметке әсері, тіпті барлық нормалар қағаз жүзінде сақталса да бағалай алады. Бұл тәсіл ықтимал мүдделер қақтығысын анықтауға және теріс пайдалану тәуекелдерін азайтуға көмектеседі.
Активтерді басқару тиімділігін арттыру үшін өндіріп алынған мүліктің банк балансында болуын үш жылдан аспайтын мерзімге шектеу белгіленді. Бұл банктердің «жылжымайтын мүлік холдингтері» немесе «зауыт иелері» деп аталатындарға айналмауы, бірақ негізгі қызметке – қаржылық делдалдыққа шоғырлануы үшін маңызды. Мұндай талап кепілдерді тезірек іске асыруды, активтерді экономиканың нақты секторына қайтаруды және бейінді емес тәуекелдер деңгейін төмендетуді ынталандыратын болады.
Жаңа заңның маңызды бөлігі исламдық қаржыландыруды дамыту болды. Дәстүрлі банктерге жеке құрылым құрмай-ақ қолданыстағы лицензия шеңберінде исламдық қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін «исламдық терезелердің» икемді моделі енгізіледі. Мұндай операциялардың барлығы бөлек жүргізілетін болады, яғни бөлек есепке алумен, ішкі кедергілермен және шариғатқа сәйкестігі жөніндегі кеңестің міндетті болуымен жүргізілетін болады. Бұл исламдық құқық қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етеді, сонымен бірге мұндай қызметтерді қолданыстағы банк жүйесіне ықпалдастырады.
Осындай модель дамыған ислам нарықтары бар елдерде, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия және Пәкістанда сәтті қолданылуда. Ол ислам өнімдерін барынша қолжетімді етеді, банктер үшін шығасыларды азайтады және этикалық немесе діни бағдарланған өнімдерді ұнататын клиенттер үшін, сол сияқты ислам әлемі елдерінен инвестициялар тарту үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл модельді енгізу Қазақстанда инклюзивті және әртараптандырылған қаржы жүйесін дамытуға маңызды қадам болады.
Бұл жаңа ережелердің барлығы нормаларды жаңарту ғана емес. Бұл банк секторын дамытуда жаңа тарау ашатын толыққанды заңнамалық реформа. Банктер туралы жаңа заң – бұл қаржылық қызметтерді тұтынушылардың орнықтылығына, әділдігіне, технологиялылығына және мүдделерін қорғауға бағытталған жүйелік құжат.
Бұл – мемлекеттің, нарыққа қатысушылардың және сарапшылар қоғамдастығының бірлескен және ашық жұмысының нәтижесі. Заң түсінікті және болжамды ережелерді белгілейді, қаржы жүйесіне деген сенімді нығайтады, оның барлық қатысушыларының жауапкершілігін арттырады және қаржы жүйесінің орнықты, бәсекеге қабілетті және инклюзивті дамуына негіз жасайды.