Астана қаласында Қазақстан аумағында апатты тәуекелдерді өлшемдік қайта сақтандыруды пайдалану мүмкіндігін талқылау бойынша кездесу өтті. Іс-шараға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева, Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Батырбек Әбдішев, сондай-ақ швейцариялық Swiss Reinsurance Company Limited компаниясының делегациясы және Агросақтандыру қауымдастығының өкілдері қатысты.
Өлшемдік қайта сақтандыру – бұл нақты залалды бағалау негізінде емес, апатты оқиғаның алдын ала белгіленген өлшемдері туындаған кезде төлемдер жүзеге асырылатын заманауи сақтандыруды қорғау құралы. Мұндай өлшемдер, мысалы, жер сілкінісінің күші, жауын-шашын деңгейі, желдің жылдамдығы немесе су тасқынының биіктігі болуы мүмкін.
Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Батырбек Әбдішев табиғи апаттар тәуекелдерін басқаруда сақтандыру құралдарын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанда өлшемдік қайта сақтандыруды қолдану перспективаларын атап өтті.
Агенттік Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева сақтандыру нарығындағы ағымдағы жағдайды таныстырып, экономиканың табиғи апаттарға орнықтылығын арттыру үшін тиімді тетіктердің маңыздылығын атап өтті.
Swiss Reinsurance Company Limited өкілі Марсель Андриссе апатты тәуекелдерді сақтандырудың әлемдік тәжірибесімен бөлісті және осы бағыттың жаһандық деңгейде даму үрдістері туралы айтып берді.
Кездесу қорытындысы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі мен Swiss Reinsurance Company Limited Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатта апатты тәуекелдерді сақтандырудың тиімді құралдарын әзірлеу және енгізу саласындағы ынтымақтастық көзделеді.
Анықтама үшін: Swiss Reinsurance Company Limited – тәуекелдерді басқару және беру бойынша кешенді шешімдерді ұсынатын, сондай-ақ апатты тәуекелдерді сақтандыру саласында елеулі халықаралық тәжірибесі бар қайта сақтандыру және сақтандыру саласындағы әлемдегі ең ірі институттардың бірі.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы