Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаевтың түсіндірмесі
Банктер және банк қызметі туралы жаңа заң жобасында соңғы жылдардағы басты жаңалықтардың бірі – «исламдық терезелер» тетігін іске қосу көзделеді. Бұл шешім экономика мен халықтың қажеттіліктеріне тез бейімделе алатын бәсекеге қабілетті, икемді және инклюзивті қаржылық ортаны құрудың жүйелік стратегиясының бөлігі болып табылады.
Бастама банк секторының мүмкіндіктерін кеңейтуге және бәсекелестікті күшейтуге бағытталған. Ол бірден екі негізгі міндетті шешеді: исламдық қаржыландыруда тәжірибесі бар халықаралық қаржы институттарын қоса алғанда, инвестицияларды тартуға ықпал етеді, сондай-ақ халық пен бизнестің исламдық қаржы өнімдеріне кеңірек қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Жаңа формат банктерге бұрыннан бар инфрақұрылым негізінде осындай қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді, бұл нарыққа кірудегі кедергілерді айтарлықтай азайтады, жаңа ойыншылардың пайда болуын ынталандырады және саланың ауқымын кеңейтуді жеделдетеді.
Халықаралық тәжірибе: консервативтіден икемдіге дейін
Әлемдік тәжірибеде қатаң консервативтіден барынша икемдіге дейін «исламдық терезелердің» қызметін реттеудің әр түрлі тәсілдері қалыптасты.
Мысалы, Оманда қолданылатын консервативтік модель исламдық терезенің банктің негізгі қызметінен ұйымдастырушылық және операциялық тұрғыда оқшаулануының жоғары дәрежесін болжайды. Мұндай юрисдикцияларда қаржы реттеуші шешуші рөл атқарады: ол исламдық бизнесті жүргізу қағидаларын бекітіп қана қоймай, оларды қолдану стандарттарын белгілей отырып, шариғат принциптерін дербес түсіндіреді.
Малайзия мен Пәкістан сияқты елдерде жүзеге асырылатын икемді тәсіл, керісінше, исламдық сегменттің дәстүрлі банктік операциялармен тығыз интеграциялануына мүмкіндік береді. Бұл ретте шариғат нормаларын түсіндіру және қолдану жөніндегі кең өкілеттіктер арнайы шариғат кеңестеріне беріледі, бұл өнімдерді әзірлеуде икемділікті, олардың нарыққа тез шығарылуын және клиенттердің қажеттіліктеріне бейімделуін қамтамасыз етеді.
Қазақстан: икемділік пен ашықтыққа баса көңіл бөлу
Қазақстан үшін банк жүйесінің технологиялық даму деңгейіне, сектордың инновациялық әлеуетіне және мемлекеттің зайырлы сипатына сәйкес келетін икемді модель таңдалды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тіпті қатаң реттеу стандарттары бар елдерде — мысалы, Парсы шығанағы мемлекеттерінде – исламдық қаржыландырудың негізгі принциптері сақталса, банктер икемді тәсілмен юрисдикцияларға белсенді түрде инвестиция салады.
Қазақстанда «исламдық терезелердің» қызметін реттеу ислам банктерін реттеу іспеттес қағидаттарға негізделіп, рұқсат етілген операциялардың ұқсас тізбесін қамтиды. Оның негізгі элементтері ұйымдық оқшаулауды, бөлек қаржылық есепті, міндетті есептілік пен білікті персоналдың болуын ұйғарады. Бұл реттеудің ашықтығын, сенімділігін және болжамдылығын қамтамасыз етеді.
Банктер мен клиенттерге берілетін жаңа мүмкіндіктер
«Исламдық терезе» қолданыстағы банктік лицензия шеңберінде бизнестің жеке бағыты ретінде жұмыс істейтін болады. Бұл формат банктерге жеке құрылымдар құру қажеттілігінсіз көрсетілетін қызметтер желісін кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл, өз кезегінде, нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп, жаңа бизнес-модельдердің пайда болуына жағдай туғызады.
Банктерге есепке алу, тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және корпоративтік басқару жүйелерін бейімдеу қажет болады. Исламдық терезенің активтері мен міндеттемелері дәстүрлі операциялардан бөлек ескерілетін болады, ал шығыстарды бірлесіп есепке алу олардың ара-жігін нақты бөлген жағдайда ғана мүмкін болады.
Бұдан басқа, реттеушілік есептілік нысандары исламдық қаржыландырудың ерекшелігін ескере отырып толықтырылатын болады, ал мұндай қызметтерді ұсынуға тартылған қызметкерлердің арнайы білімі болуы қажет. Біліктілік талаптар сақталған жағдайда жалпы қызмет көрсету бөлімшелерін пайдалануға жол беріледі.
Жаңа бәсекелестік және инклюзияның өсуі
Бірінші кезеңде «исламдық терезесі» бар банктер қолданыстағы пруденциялық нормативтер шеңберінде жұмыс істейтін болады, ал болашақта сегменттің өсуі мен дамуына қарай капиталдың жеткіліктілігі мен өтімділігін бағалаудың мамандандырылған көрсеткіштеріне көшу мүмкін болады.
Қазақстандық банк секторы үшін жаңа тәуекел - исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келмеу тәуекелін басқаруға ерекше назар аударылатын болады, бұл тек қаржылық шығындарға ғана емес, сондай-ақ елеулі беделдік шығындарға әкеп соғуы мүмкін.
Осылайша, «исламдық терезелер» тетігін енгізу бәсекелестікті дамыту және Қазақстанның банк секторын әртараптандыру үшін күшті серпін болмақ. Жаңа модель жаңа ойыншылар үшін нарықты ашады, инновацияларды ынталандырады және халық пен бизнес үшін қаржылық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттырады.
Икемді реттеу дәстүрлі және исламдық банктік бизнестің тиімді үйлесуіне жағдай жасайды, бұл олардың арасындағы синергияны пайдалануға, қаржылық делдалдықтың тиімділігін арттыруға және жүйенің орнықтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Болашақта бұл Қазақстанның Орталық Азияның жетекші қаржы хабы ретіндегі позициясын нығайтып қана қоймай, қаржы нарығына деген сенімді арттырып, оның жаһандық экономикаға ықпалдасуына серпін береді және капитал тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы