Акциялар нарығын капиталдандыру негізінен KASE индексінің, «ҚазМұнайГаз» АҚ (+19,4%), «ForteBank» АҚ (+58,5%) және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ (+7,8%) өкілдік тізіміне кіретін акциялар бағасының өсуі есебінен 2025 жылғы шілдеде 10,8%-ға немесе 3,7 трлн теңгеге ұлғайып, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 37,7 трлн теңгені құрады (2025 жылдың басынан бастап 14,5%-ға өсті).
KASE индексі 2025 жылғы шілдеде 6,6%-ға 6 413,66 тармаққа дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан бастап 15,0%-ға өсті).
Акциялармен сауда-саттық көлемі негізінен «ForteBank» АҚ және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акцияларымен сауда-саттық көлемінің өсуі есебінен бір айда 4,0%-ға ұлғайып, 2025 жылғы шілдеде 28,3 млрд теңгені құрады.
2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 77 эмитенттің 90 атауының акциялары болды, оның ішінде 2 эмитенттің 2 атауының акциялары «Листингтік емес бағалы қағаздар» секторында айналысқа жіберілді.
«KASE Global» секторында 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 47 атаудағы акциялары, 59 шетелдік эмитенттің 18 ETF болды. «KASE Global» секторындағы сауда-саттық көлемі негізінен ProShares Trust, Intel Corporation, Advanced Micro Devices, Inc., Tesla, Inc. акцияларымен сауда-саттық көлемінің өсуі есебінен бір айда 45,7%-ға немесе 4,3 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылғы шілдеде 13,6 млрд теңгені құрады.
KASE-де саудаланатын корпоративтік борыштың көлемі 2025 жылғы шілдеде 1,9%-ға немесе 260,6 млрд теңгеге 14,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан бастап 2,2%-ға өсті).
2025 жылғы шілдеде KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі негізінен бастапқы нарықтағы сауда-саттық көлемінің азаюы есебінен өткен аймен салыстырғанда 37,2%-ға немесе 219,2 млрд теңгеге 370,7 млрд теңгеге дейін азайды. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша KASE сауда-саттық тізімдерінде 132 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 589 шығарылымы болды.
2025 жылғы шілдеде корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығының көлемі 314,6 млрд теңгені құрады, бұл 2025 жылғы маусымдағы көрсеткіштен 41,6%-ға немесе 223,9 млрд теңгеге аз.
KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыш 2025 жылғы шілдеде 1,7%-ға немесе 0,5 трлн теңгеге 29,5 трлн теңгеге дейін азайды (2025 жылдың басынан бастап 9,3%-ға өсті).
KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі бір айда 11,6%-ға немесе 88,8 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылғы шілде айының қорытындысы бойынша 854,9 млрд теңгені құрады.
МБҚ бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 16,1%-ға немесе 101,5 млрд теңгеге 731,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Оның ішінде 65,2 млрд теңгені он бір облыстың және Астана қ. әкімдіктері мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тартты. ҚР Қаржы министрлігі 13 облигациялар шығарылымын орналастырып, өтеуге табыстылығы жылдық 5,0 – 17,01%-ды құрайтын 666,3 млрд теңгені тартты.
Ұжымдық инвестициялау нарығында 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 58 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде 24 аралық, 33 жабық және 1 ашық пай қоры.
Инвестициялық пайлар нарығындағы басқарудағы активтер негізінен жекелеген инвестициялық қорлардың шетел валютасын 8,6 млрд теңге мөлшеріндегң оң қайта бағалауына байланысты 2025 жылғы шілдеде 2,8%-ға немесе 10,4 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 377,7 млрд теңгені құрады. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша бағалы қағаздар портфелі 315,7 млрд теңгені немесе инвестициялық пай қорларының жиынтық активтерінің 83,6%-ын құрады.
2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығының институционалдық құрылымына 42 брокер мен дилер (16 банк және 26 банктік емес ұйым), 11 кастодиан-банк, 21 инвестициялық портфельді басқарушы, 4 трансфер-агент, сондай-ақ 3 инфрақұрылымдық ұйым: KASE, KASE Клирингтік орталығы және бірыңғай тіркеуші мен сауда репозиторийінің функцияларын орындайтын Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі кірді.
2025 жылғы шілдеде Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі шоттардың саны 2,3%-ға немесе 96,1 мыңға ұлғайып, 4 329,7 мың шотқа жетті, оның ішінде:
- депоненттер клиенттерінің қосалқы шоттарының саны 1,0 мың қосалқы шотқа немесе 0,1%-ға 693,0 мың қосалқы шотқа дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан бастап 7,6 мыңға немесе 1,1%-ға ұлғайды);
- брокерлер ашқан және жинақталған омнибус-шоттар арқылы есепке алынатын дербес шоттардың саны 95,0 мың шотқа немесе 2,7%-ға 3 636,8 мың шотқа дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан бастап 821,4 мыңға 29,2%-ға өсті).
Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың активтері негізінен мемлекеттік бағалы қағаздарды жекелеген қатысушылардың сатып алуы есебінен 2025 жылғы шілдеде 1,1%-ға немесе 5,8 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 562,2 млрд теңгені құрады (2025 жылдың басынан бастап 27,0%-ға азайды). Міндеттемелер алынған қарыздардың ұлғаюы себебінен 2,6%-ға немесе 3,6 млрд теңгеге 141,7 млрд теңгеге дейін өсті (2025 жылдың басынан бастап 41,2%-ға азайды). Меншікті капитал бөлінбеген пайданың өсуі нәтижесінде 0,5%-ға немесе 2,2, млрд теңгеге 420,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан бастап 20,4-ға азайды).
Сыртқы коммуникациялар басқармасы