Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының 2025 жылғы 1 шілдедегі жай-күйі туралы

Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының 2025 жылғы 1 шілдедегі жай-күйі туралы

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды (бұдан әрі – МҚҚЖҰ) 212 микроқаржы ұйымы, 213 кредиттік серіктестік және 474 ломбард құрайды.

МҚҚЖҰ-ның активтері ағымдағы жылғы 2-тоқсанда 10,9%-ға немесе 345 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 3,5 трлн теңгені құрады. Активтердің ұлғаюына негізінен кредиттік серіктестіктердің несие портфелінің өсуі себеп болды.

МҚҚЖҰ құрылымында активтердің ең көп үлесі микроқаржы ұйымдарына - 1 936 млрд теңге немесе 55,1%, кредиттік серіктестіктерге – 1 121 млрд теңге немесе 31,9%, ломбардтарға - 458 млрд теңге немесе 13,0% тиесілі.

МҚҚЖҰ-ның несие портфелі 2025 жылғы 2-тоқсанда негізінен жеке тұлғаларға берілген микрокредиттер есебінен 9,3%-ға 3,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Бизнес субъектілеріне берілген микрокредиттер 2025 жылғы 2-тоқсанда  заңды тұлғаларға берілген кредиттік серіктестіктердің микрокредиттері есебінен 12,3%-ға 1,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. МҚҚЖҰ секторында бизнес субъектілеріне берілген микрокредиттердің үлесі 60,9%-ға жетті. 

Халыққа берілген микрокредиттер негізінен микроқаржы ұйымдары  мен ломбардтар берген микрокредиттердің ұлғаюы есебінен 2025 жылғы 2-тоқсанда 5,0%-ға ұлғайып, 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 1,2 трлн теңгені құрады.

МҚҚЖҰ портфеліндегі 90 күннен астам төлем мерзімі өткен қарыздардың (NPL90+) деңгейі 2025 жылғы 1 шілдеде 5,0%-ды құрады (01.01.2025ж. – 4,6%). Халықтың портфелінде 90 күннен астам төлем мерзімі өткен микрокредиттердің үлесі 6,4%-ды (01.01.2025ж. – 6,0%) құрады.

2025 жылғы 2-тоқсанда МҚҚЖҰ-ның міндеттемелері басқа да міндеттемелердің өсуі есебінен 10,1%-ға 2,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Қорландыру құрылымындағы негізгі үлес алынған қарыздарға тиесілі болады, олардың үлесі жиынтық міндеттемелердің 67,9%-ын немесе 1,6 трлн теңгені құрайды.

МҚҚЖҰ-ның меншікті капиталы негізінен бөлінбеген пайданың ұлғаюы есебінен тоқсан ішінде 12,4%-ға ұлғайып, 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 1,2 млрд теңгені құрады.

2025 жылғы 2-тоқсанда анықталған бұзушылықтардың қорытындысы бойынша МҚҚЖҰ-ға қатысты 179 әкімшілік жаза қолданылды, оның ішінде 78,5 млн теңге сомаға 135 хаттама және 23 ескерту жасалды, жазбаша ұйғарым түріндегі 16 шектеулі ықпал ету шарасы қолданылды, сондай-ақ 90 күнге дейінгі мерзімге 4 лицензияның қолданысы тоқтатылды және 1 МҚҰ лицензиядан айырды.

МҚҚЖҰ-ға қатысты ықпал ету шараларын қолдануға әкеп соққан негізгі бұзушылықтар анық емес, сол сияқты толық емес қаржылық және өзге де есептілікті ұсыну, Мемлекеттік кредиттік бюроға мәліметтерді уақтылы ұсынбау/ұсынбау, шарттарда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (бұдан әрі – ЖТСМ) дұрыс көрсетпеу, ЖТСМ мөлшерінің дұрыс есептелмеуі, жарғылық және меншікті капиталдарға қойылатын ең төменгі талапты және басқа да пруденциалдық нормативтер мен лимиттерді сақтамау болып табылады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz