Агенттік ұжымы Нұрлан Әбдірахмановқа алғыс білдірді

Агенттік ұжымы Нұрлан Әбдірахмановқа алғыс білдірді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде салтанатты рәсім өтті, оның барысында Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова мен Агенттік ұжымы Төрағаның бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахмановқа көп жылғы еңбегі және қаржы секторын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді. Нұрлан Әбдірахманов басқа жұмысқа ауысуына байланысты лауазымынан кетті.

Агенттік басшысы Нұрлан Әбдірахмановтың жоғары кәсібилігін, айрықша құзыреттілігі мен басқарушылық қасиеттерін және оның қаржы секторын реттеуді жетілдіруге, шетелдік реттеушілермен, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайтуға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қосқан айтарлықтай үлесін атап өтті.

«Сіздің біліміңіз, тәжірибеңіз және қағидатты ұстанымыңыз қаржы секторын реттеудің заманауи моделін қалыптастыруда шешуші рөл атқарды. Сіздің энергияңыз бен жігеріңіздің арқасында қаржы нарығының тұрақтылығы мен ашықтығын арттыруға, сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар бастамалар іске асырылды. Жұмыста Сіз жоғары кәсіби деңгейіңізді және ісіңізге деген адалдығыңызды көрсете білдіңіз», – деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Нұрлан Әбдірахманов Ұлттық Банк жүйесіндегі жұмысына 20 жылдан астам уақыт арнады. 1998 жылы Ұлттық Банктегі еңбек жолын Банктерді қадағалау департаментінің жетекші экономисі болып бастады. Әр жылдары Банктерді және сақтандыруды қадағалау департаментінің әдіснама және талдау бөлімінің бастығы, Бағалы қағаздар нарығы субъектілерін және жинақтаушы зейнетақы қорларын қадағалау департаментінің директоры, Бақылау және қадағалау әдіснамасы департаментінің директоры лауазымдарын атқарды. «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ Төрағасы, Ұлттық Банктің Төлем балансы департаментінің директоры лауазымдарын атқарды.

2019 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары болып тағайындалды, 2022 жылы Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары болды.

Агенттікте жұмыс істеген уақытында Нұрлан Әбдірахманов банк секторын, сақтандыру нарығын, микроқаржы ұйымдары жүйесін дамытуға, сондай-ақ қадағалау мен реттеу тетіктерін жетілдіруге елеулі үлес қосты. Оның тікелей қатысуымен қаржы институттарының орнықтылығын арттыруға және олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, оның ішінде Қазақстан экономикасын қолдауға бағытталған маңызды реформалар дайындалып, іске асырылды.

Жұмыс істеген жылдары бірқатар мемлекеттік наградалармен, оның ішінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен, сондай-ақ мерекелік медальдармен, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен және «Үздік мемлекеттік қызметші» ведомстволық наградасымен марапатталған.

Әріптестер Нұрлан Әбдірахмановтың жеке қасиеттерін – жоғары жауапкершілігін, сындарлы диалогқа дайындығын, қиын жағдайда тиімді шешімдер таба білу дағдыларын жылы шыраймен атап өтті. Оның қызметі елдің қаржы институттарына деген сенімді нығайтқан ашық, қоғамдық мүдделерге бағытталған реттеу моделін қалыптастыруға ықпал етті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Нұрлан Әбдірахмановқа жемісті жұмыс істеген жылдары үшін асқан ризашылығын білдіреді және одан әрі кәсіби және қоғамдық қызметте толағай табыс тілейді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz