Қаржы құралдарының тізбесі, эндаумент-қор активтерін басқару және эндаумент-қорлар активтерінің құнын есептеу қағидалары туралы

Қаржы құралдарының тізбесі, эндаумент-қор активтерін басқару және эндаумент-қорлар активтерінің құнын есептеу қағидалары туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің есебінен нысаналы капитал қорының бір тұлғасы және үлестес тұлғалары шығарған (ұсынған) қаржы құралдарына (ақшаны қоспағанда) инвестициялардың жиынтық мөлшерін белгілеу және Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарының тізбесін, Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарын басқарушы компаниялардың (фидуциарийлердің) басқаруы қағидаларын, сондай-ақ Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтері мен активтерінің құнын есептеу және айқындау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2025 жылғы 28 тамыздағы № 44 қаулысын қабылдағаны туралы хабарлайды.

Қаулы «Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 30 маусымдағы № 199-VIII Заңын іске асыру мақсатында әзірленді және қабылданды. Заңда нысаналы капитал қорлардың қаржы активтерін 10 000 АЕК-тен асқан кезде басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына беруі көзделген, бұл ретте қор өзінің инвестициялық стратегиясын дербес айқындайды.

Заң нормаларын орындау мақсатында қаулымен:

  • бір эмитенттің қаржы құралдарына инвестициялардың жиынтық мөлшеріне 30% деңгейінде шектеу орнату;
  • эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарының (мемлекеттік бағалы қағаздар, акциялар мен облигациялар, банктердегі салымдар, инвестициялық қорлар, депозитарлық қолхаттар, шетел валютасы, халықаралық ұйымдардың бағалы қағаздары, principal protected notes, туынды құралдар) тізбесін бекіту;
  • нысаналы капитал қорының инвестициялық декларациясына сәйкес инвестицияларға қойылатын талаптарды, дефолт және проблемалық бағалы қағаздарды сатып алуға шектеулерді, сондай-ақ активтер құрылымындағы сәйкессіздіктерді жою тәртібін қоса алғанда, басқарушы компаниялар үшін эндаумент-қорлардың активтерін басқару қағидаларын бекіту;
  • KASE, AIX, Bloomberg, Reuters немесе тәуелсіз бағалаушылардың деректерін пайдалана отырып, эндаумент-қор активтерінің құнын есептеу және айқындау қағидаларын бекіту көзделген.

Қаулыны қабылдау эндаумент-қорлар активтерінің сақталуын қамтамасыз етуге, оларды басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы эндаумент-қорлардың қызметі үшін сенімді құқықтық базаны қалыптастыруға бағытталған.

Қаулы 2025 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енеді.

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz