Кастодиандық қызметтің және инвестициялық портфельдерді басқарудың жаңа қағидалары туралы

Кастодиандық қызметтің және инвестициялық портфельдерді басқарудың жаңа қағидалары туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Агенттік Басқармасының «Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 184 қаулысына және «Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 10 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2025 жылғы 20 тамыздағы № 40 қаулысын қабылдағаны туралы хабарлайды.

Қаулымен кастодиандардың ақша қаражаттарының, бағалы қағаздардың, қорлардың мүлкінің және байланысты міндеттемелердің есебін жүргізу жөніндегі егжей-тегжейлі міндеттері енгізілді. Кастодиандардың инвестициялық портфельді басқарушылармен өзара іс-қимылының ерекшеліктері, оның ішінде есеп беру, ақпарат алмасу және активтердің жай-күйі бойынша ай сайынғы салыстырулар жүргізу тәртібі анықталды.

Сонымен қатар, активтердің нысаналы пайдаланылуын бақылау шаралары белгіленді: кастодиандар жасалатын мәмілелердің заңнамаға және Қордың инвестициялық декларациясына сәйкестігін тексеруге, ал бұзушылықтар анықталған кезде – уәкілетті орган мен мүдделі тараптарды дереу хабардар етуге міндетті.

Бұдан басқа, қаулымен сенімгерлік басқару шарттарын жасасу тәртібін, инвестициялық декларацияларға қойылатын талаптарды, сондай-ақ лицензия тоқтатыла тұрған немесе одан айырылған жағдайда іс-қимыл қағидаларын қоса алғанда, инвестициялық портфельді басқарушылардың міндеттері нақтыланады.

Кастодианды ауыстыру кезінде активтерді беру тәртібі процестің барлық қатысушылары үшін қабылдау-тапсыру актісін жасай отырып, салыстыру актілері мен міндеттемелер бойынша деректерді қоса алғанда, барлық құжаттар мен ақпаратты беруді көздейтін жеке регламенттеледі.

Қабылданған шаралар 2025 жылы тиісті заң күшіне енген сәттен бастап эндаумент-қорлардың жұмыс істеуі үшін құқықтық негіз жасайды, сондай-ақ олардың активтерін есепке алудың, сақтаудың және пайдаланудың ашықтығы мен сенімділігін арттырады деп күтілуде.

Қаулы 2025 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енеді.

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz