Алматы қаласында BNK Commercial Bank-інің офисі ашылды

Алматы қаласында  BNK Commercial Bank-інің офисі ашылды

Алматы қаласында BNK Commercial Bank – микроқаржы ұйымын банкке айналдыру жолымен құрылған алғашқы шетелдік банктің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл оқиға BNK командасының, консультанттардың және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі  қызметкерлерінің үлкен және мақсатты жұмысының нәтижесі болды.

Шетелдік банктің ашылуы Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың 2023 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы барысында айтылған, елге сенімді шетелдік банктерді тарту және банк секторындағы бәсекелестікті арттыру жөніндегі тапсырмасының орындалуына сәйкес келеді.

Ашылу салтанатына BNK Financial Group халықаралық қаржы тобының, сондай-ақ BNK Busan Bank, BNK Kyongnam Bank, BNK Capital институттарының басшылары қатысты. Бұл топтың жиынтық активтері 114 млрд АҚШ долларын, ал меншікті капиталы шамамен 8 млрд  АҚШ долларын құрайды.

«Біз үшін бұл оқиғаның өте маңызды тарихи мәні бар, себебі бұл Қазақстанда микроқаржы ұйымын банкке айналдыру арқылы құрылған алғашқы шетелдік банк. Екіншіден, бұл Қазақстанда 2010 жылдан бері берілген соңғы 15 жылдағы алғашқы банктік лицензия. Сондай-ақ, бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде Қазақстанда қызметті жүзеге асыруға банктік лицензия алған алғашқы шетелдік банк», – деп атап өтті Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Банк өзінің негізгі стратегиялық мақсаты ретінде Қазақстандағы шағын және орта бизнеске кредит беру деп мәлімдеді. Шағын және орта бизнесті кредиттеу Қазақстанның экономикалық саясатының аса маңызды басымдығы. Биыл бірінші жарты жылдықта ШОБ кредиттерінің портфелі 8%-ға өсіп, 26,7 млрд АҚШ долларын құрады.  Банктің ашылуы Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейту үшін маңызды қадам болып табылады.

Биыл 25 маусымда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі BNK Commercial Bank-іне банк операцияларын жүргізуге лицензия бергенін еске саламыз.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz