Сақтандыру нарығының өзекті үрдістері мен сын-қатерлері жыл сайынғы сақтандыру форумында талқыланды

Сақтандыру нарығының өзекті үрдістері мен сын-қатерлері жыл сайынғы сақтандыру форумында талқыланды

Алматы қаласында Kazakhstan Insurance Forum 2025 –  сақтандыру саласын дамыту туралы стратегиялық диалог үшін жетекші өңірлік алаң шеңберінде ұйымдастырылған Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорларының халықаралық қауымдастығының (International Forum of Insurance Guarantee Schemes, IFIGS) 12-ші конференциясы өтті.

Биылғы жылы «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ ел тарихында алғаш рет IFIGS-ке төрағалық етуде. Форумның Қазақстанда өтуі елді жаһандық сақтандыру қауымдастығына интеграциялау жолындағы маңызды қадам болды.

Форумға халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ 27 елдің делегаттары, соның ішінде халықаралық сарапшылар, реттеуші органдардың, Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкінің өкілдері қатысты.

Құттықтау сөзінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова IFIGS-ке мүшелік өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бүгінгі күні сақтандыру төлемдеріне кепілдік берудің қазақстандық жүйесі ең үздік халықаралық практикаларға толық сәйкес келеді, барлық міндетті сыныптар мен өмірді жинақтаушы сақтандыру бойынша сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Соңғы бес жылда Қазақстанның сақтандыру нарығы қарқынды өсуді көрсетіп отыр. Сектордың активтері 3 есе өсіп, 6,6 млрд АҚШ долларына жетті. Халық пен бизнесті сақтандыру қызметтерімен қамту кеңеюде: жасалған шарттар саны 2 есе – 23 млн шартқа дейін ұлғайды. Сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 3 есе өсіп, 3 млрд АҚШ долларын құрады, сақтандыру төлемдері 1,5 есе ұлғайып, 2024 жылы 640 млн АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіштер сақтандыру саласына деген сенімнің артуын растайды.

Форум барысында сақтандыру секторын дамытудың негізгі мәселелері, оның ішінде реттеушілік өзгерістер, сақтандыру өнімдерін жетілдіру, сондай-ақ цифрлық технологияларды енгізу талқыланды. Басты тақырыптардың бірі халықты табиғи апаттар тәуекелдерінен  қорғау құралы ретінде апатты сақтандыру моделін әзірлеу болды.

Kazakhstan Insurance Forum 2025 ұлттық және халықаралық сақтандыру қауымдастығы үшін маңызды оқиға болды. Форум өзекті мәселелерді талқылау, озық тәжірибе алмасу және сақтандыру секторының тұрақты дамуына және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шешімдерді әзірлеу үшін сала сарапшылары мен мамандарын жинады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz