«Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының
5-бабы борышкермен және (немесе) оның өкілімен өзара іс-қимыл жасаудың жол берілетін тәсілдерін қоса алғанда, коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын, өзара іс-қимылдың жиілігі мен уақытына, борышкерді және (немесе) оның өкілін олардың құқықтары мен міндеттерімен таныстыру, өзара іс-қимыл процесін белгілеу және дербес деректерді қорғау жөніндегі талаптарды белгілейді.
Сонымен бірге көрсетілген бапта коллекторлық агенттік тарапынан оның борышкермен және (немесе) оның өкілімен өзара іс-қимыл кезінде жосықсыз әрекеттеріне тыйым салу көзделген, оларды бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық қарастырылған.
Мәселен, коллекторлық агенттіктің жосықсыз әрекеттер жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 211-1-бабының бірінші бөлігінде көзделген.
Осыған байланысты, коллекторлық қызметті жүзеге асыру кезінде қылмыстық жазаланатын әрекеттерді нақтылау мақсатында қылмыстық жауаптылық қолданылатын субъектілер шеңберіне коллекторлық агенттік қызметкерлерін енгізе отырып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (ҚР ҚК) 251 және 252-баптарына өзгерістер енгізілді.
Мәселен, борышкермен және (немесе) оның өкілімен өзара іс-қимыл жасайтын коллекторлық агенттік жұмыскерінің өз өкiлеттiктерiн өз қызметiнiң мiндеттерiне қайшы және өзi немесе басқа адамдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға зиян келтiру мақсатында пайдалануы, егер бұл іс-әрекет елеулi зиян келтiрсе, мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, 4000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 4 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделеді (ҚР ҚК 251-бабының 1-бөлігі).
Борышкермен және (немесе) оның өкілімен және (немесе) үшінші тұлғамен өзара іс-қимыл жасайтын коллекторлық агенттік жұмыскерінің коллекторлық қызмет туралы заңнамада көзделген өкілеттіктерін өз қызметінің мiндеттерiне қайшы асыра пайдалануы, егер бұл іс-әрекет күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп, мүлікті жою немесе бүлдіру қатерін төндіріп, жалған құжаттар жасап, бопсалап жасалса, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан
5 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, 5000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1200 жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түрінде жазаланады (ҚР ҚК 252-бабының 1-бөлігі).
Көрсетілген түзетулер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілді және 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
press@finreg.kz