Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ. Тоқаев 2025 жылғы 30 маусымда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында кепілсіз тұтынушылық кредиттер алу кезінде азаматтарды қорғаудың жаңа тетіктері көзделген.
Тұтынушылық кепілсіз онлайн-кредиттерді ресімдеу кезінде «шешім қабылдау кезеңі» енгізіледі, бұл – шартқа қол қойылған сәт пен кредитті нақты беру арасындағы мерзім. Енді кредит осы мерзім өткеннен кейін және қарыз алушының оны беруге келісімін алғаннан кейін ғана берілуі мүмкін. Асып кеткен кезде «шешім қабылдау кезеңі» қолданылатын кредиттің ең төмен мөлшері, сондай-ақ қарыз алушының кредит алуға келісім беру тәртібі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын болады.
Бұл норманың мақсаты – тұтынушылардың құқықтарын қорғауды арттыру және азаматтардың алаяқтық схемаларға тартылу тәуекелдерін азайту.
Кепілсіз тұтынушылық кредит алуға алғаш рет жүгінген азаматтар үшін банк бөлімшесіне немесе микроқаржы ұйымына міндетті түрде өзінің бару талабы белгіленеді. Адамның өзінің баруын талап ететін кредиттің ең төмен мөлшері де Агенттіктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын болады.
21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтардың жекелеген санаттарына олардың келісімі алынғаннан кейін ғана кепілсіз тұтынушылық кредиттер беріледі. Кредитті онлайн алуға жүгінген кезде келісім «электрондық үкімет» порталы, кредиттік бюро не кредитордың «электрондық үкімет» шлюзінде орналастырылған сервистермен ықпалдастырылған қосымшасы арқылы ресімделеді.
Заң алаяқтық жолмен ресімделген кредиттер бойынша берешекті соттан тыс және сот арқылы есептен шығаруға болатын негіздерді де кеңейтеді.
Соттан тыс есептен шығару мынадай талаптарды бұза отырып берілген кредитті алаяқтық жолмен ресімдеуге байланысты қылмыстық іс бойынша қарыз алушыны құқық қорғау органдарының қаулысы болған кезде жәбірленуші деп тануға болады:
- жаңа қарыз алушылардың шарттар жасасу кезінде кредитор бөлімшесіне жеке баруы;
- азаматтардың жекелеген санаттарының келісімін алу;
- кредиттер беру кезіндегі «шешім қабылдау кезеңі»;
- шарт жасасу кезінде биометриялық сәйкестендіру.
Егер:
- клиенттің сәйкестендіру құралдарын үшінші тұлғаның заңсыз алуы және пайдалануы, оның ішінде банктің немесе микроқаржы ұйымының қызметтерін қашықтан көрсетудің бағдарламалық қамтылымын қашықтан басқаруды пайдалану арқылы кредитті ресімдеу кезінде;
- банктің, микроқаржы ұйымының биометриялық сәйкестендіруді жүргізу тәртібін бұзуы;
- Агенттіктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген ішкі және сыртқы алаяқтық фактілерін анықтау, бекіту және талдау жөніндегі талаптарды бұзу нәтижесінде ресімделген алаяқтық кредит сот арқылы есептен шығарылуы мүмкін.
Заңда банктердің мынадай қосымша өкілеттіктері де көзделген:
Алаяқтық белгілері бар операциялар анықталған кезде банктік шот немесе электрондық әмиян бойынша шығыс операцияларын 5 жұмыс күніне дейінгі мерзімге уақытша тоқтата тұру;
Егер олар немесе олардың контрагенттері Антифрод-орталықтың дерекқорына енгізілген болса («қара тізім»), операцияларды қабылдамау және клиенттерге қызмет көрсетуді шектеу.
Жоғарыда көрсетілген талаптар күнтізбелік 90 күн өткеннен кейін күшіне енетін шешім қабылдау кезеңін қолдану жөніндегі талапты қоспағанда, ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң күшіне енеді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы