Кредит ресімдеуден ерікті түрде қалай бас тартуға болады?

Кредит ресімдеуден ерікті түрде қалай бас тартуға болады?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2023 жылғы маусымнан бастап Қазақстанда азаматтарға банктер мен микроқаржы ұйымдарынан қарыз алуға тыйым салуға мүмкіндік беретін «Стоп-кредит» сервисі қолданылатынын еске салады. Қызмет қарыз қаражатына қолжетімділікті шектеуге және кредитті өтініш берушінің келісімінсіз ресімдеуді болдырмауға мүмкіндік береді.

Ерікті түрде бас тарту туралы өтініш бергеннен кейін бұл ақпарат кредиттік бюроларға автоматты түрде жіберіледі. Кредиттік есепті сұрататын қаржы ұйымдары қойылған шектеуді көріп, қарыз бере  алмайды.

«Стоп-кредит» сервисін портал немесе e-Gov мобильді қосымшасы арқылы онлайн қосуға болады:

  • e-Gov жүйесіне кіріңіз;
  • «Банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдаңыз;
  • өтініш нысанын толтырып, оған ЭЦҚ арқылы қол қойыңыз;
  • нәтижесі туралы хабарлама алыңыз.

Азамат өз бетінше шектеудің күшін жойғанға дейін қызмет мерзімсіз қолданыста болады. Шектеуді алып тастау сол тәсілмен, e-Gov арқылы жаңа электрондық өтініш беру арқылы жүзеге асырылады.

Маңызды: бұл шектеу ломбардтарға және кредиттік бюро деректерін пайдаланбайтын өзге де ұйымдарға қолданылмайды.

Агенттік азаматтарды кредит беру мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға, өз дербес деректерін қорғауға және қолжетімді қаржылық қауіпсіздік шараларын пайдалануға шақырады.

Өзге де пайдалы материалдармен Fingramota.kz. сайтынан таныса аласыздар.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz