Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «БиЭнКей» коммерциялық банкі» АҚ-қа банкоперацияларынжүргізугелицензия берді.
Шетелдік банкті ашу Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2023 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы барысында айтылған, елге сенімді шетелдік банктерді тарту және банк секторындағы бәсекелестікті арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға сәйкес келеді.
Бұл Қазақстанда 2010 жылдан бері берілген алғашқы банктік лицензия. Бұл оқиға Қазақстанның қаржы жүйесінің жаңа кезеңді ашуға — корпоративтік басқару деңгейі жоғары және технологиялық тұрғыдан жетілген жаңа шетелдік қатысушыларды тартуға дайындығын растайды.
Салтанатты рәсім барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова BNK Capital Төрағасы Ким Сонг Джу мырзаға банк операцияларын жүзеге асыруға арналған лицензияны табыс етті. Агенттік басшысы жаңа шетелдік ойыншының келуі банк секторындағы бәсекелестікті күшейтетінін атап өтті, бұл жаңа банк өнімдерінің дамуына және шағын және орта бизнеске кредит берудің өсуіне серпін береді.
«БиЭнКей» коммерциялық банкі» АҚ әмбебап цифрлық сервистерді дамытуға, шағын және орта бизнеске кредит беруге және автокөлік алуға кредит беруге бағдарланған.
Банк бұрын микроқаржы ұйымы мәртебесінде жұмыс істеген «BNK Finance Kazakhstan» ЖШС қайта құру нәтижесінде құрылды. 2024 жылғы маусымда Агенттік микроқаржы ұйымдарын қайта құру мүмкіндігін көздейтін заңнама шеңберінде екінші деңгейдегі банкке айналдыруға рұқсат берді. Биыл 30 мамырда Агенттік қайта құру жөніндегі іс-шараларды іске асыру туралы есепті бекітті, содан кейін компания банк ретінде мемлекеттік қайта тіркеуден өтті.
Берілген лицензия банкке банк операцияларын, оның ішінде заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдауды, банктік шоттар ашуды және жүргізуді, кассалық және аударым операцияларын, кредиттер беруді және шетел валютасымен операциялар жүргізуді жүзеге асыру құқығын береді. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қосылғаннан кейін жеке тұлғалардың депозиттерімен және банк шоттарымен операциялар жүзеге асыруға мүмкіндік болады.
Қайта құру сәтінде ұйымның активтері 25,8 млрд теңгені, кредиттік портфель 21,8 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ұйым активтер мөлшері бойынша микроқаржы ұйымдары арасында 15-ші орында болды.
«БиЭнКей» коммерциялық банкі» АҚ халықаралық қаржы холдингі – Оңтүстік Кореяның BNK Financial Group Inc. құрамына кіреді, оның активтері 103 млрд АҚШ долларынан асады. Сонымен бірге топтың құрамына Busan Bank және Kyongnam Bank банктері, сондай-ақ инвестициялық компаниялар кіреді. Топтың екі Корея банкінің «A2» деңгейіндегі халықаралық рейтингтері және 300-ден астам филиалы бар.
Қазақстанда банктің даму жоспары үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қаржы институты бизнес-құрылымды пайдалана отырып, нарыққа тиімді шығуды, цифрлық банкингтің базалық жүйесін және тәуекелдерді басқарудың сенімді жүйесін құруды қоса алғанда, банкке трансформацияны тұрақтандыруды жоспарлап отыр. Екінші кезеңде операциялық қызметті кеңейту, оның ішінде өнім портфелін әртараптандыру, автолизинг нарығына шығу және цифрлық өнімдерді кеңейту жоспарлануда. Бұдан басқа, банк ШОК-қа бағдарланған банктің имиджін қалыптастыру, цифрлық трансформацияны тереңдету және ТМД нарығына шығу үшін база құру жолымен активтерді әртараптандыруды көздейді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы