Агенттік басшысы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында сөз сөйледі

Агенттік басшысы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында сөз сөйледі

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова азаматтардың банк және өзге де қаржылық қызметтерді алу құқығын сақтау мен қамтамасыз ету бойынша Агенттіктің қызметі туралы баяндама жасады. Жиын барысында қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша негізгі шаралар қарастырылды.

«Азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың қаржы жүйесіне деген сенімін арттыру үшін, Агенттік қаржы нарығының барлық сегменттерін, атап айтқанда банк, сақтандыру, қор нарықтарын, сондай-ақ микроқаржыландыру нарығын қамтитын жүйелі шаралар кешенін іске асыруда. Бөлшек кредиттеудің ауқымын ескере отырып, банк және микроқаржы секторларындағы тұтынушыларды қорғаудың негізгі міндеті – халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және проблемалық берешектің өсуіне жол бермеу. 2024 жылғы маусымда Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңның қабылдануы халықтың борыш жүктемесін азайтудағы негізгі шара болды», – деп атап өтті Агенттік Төрағасы.

Төлем мерзімі 90 күннен астам кешіктірілген кредиттері бар қарыз алушылардың борыш жүктемесін шектеу үшін 2024 жылғы
1 шілдеден бастап оларға тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салынды.

Проблемалық қарыз алушыларды қолдау мақсатында проблемалық кредиттерді қайта құрылымдау тетіктері күшейтілді. Атап айтқанда, коллекторларға проблемалық кредиттерді сатуға 2026 жылға дейін екі жылдық мораторий енгізілді.

Омбудсмандар тетігі арқылы азаматтардың проблемалық берешекті соттан тыс реттеу құқықтары күшейтілді. Ол үшін банк омбудсманының құзыретіне азаматтардың барлық кредит түрлері, оның ішінде тұтынушылық кредиттері бойынша дауларды қарау енгізілді. Биыл жылдың басынан бастап микроқаржы омбудсманы институты енгізілді.

«2023 жылғы қазаннан бастап азаматтардың қарыздар бойынша проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай тәртібі заңнамалық деңгейде енгізілді. Азаматтар банктерге, микроқаржы ұйымдарына немесе коллекторлық агенттіктерге қарыздарды қайта құрылымдауға өтініш бере алады. Кредитормен келісімге келмеген жағдайда, қарыз алушы омбудсманға немесе Агенттікке жүгінуге құқылы.

Аталған реттеу тәртібі шеңберінде банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар азаматтардың проблемалық кредиттерін азайту жөніндегі жеке жоспарларын қабылдады. 2024 жылы 358 млрд теңге сомасына кредиттер қайта құрылымдалды, 18 млрд теңгеге кредиттер есептен шығарылды» – деді М. Әбілқасымова.

Бүгінгі күні азаматтардың проблемалық берешегін азайту тетіктерінің бірі соттан тыс банкроттық рәсімі болып табылады. Тетік іске асырыла басталғаннан бері 244 мың азамат соттан тыс банкроттыққа өтініш жасады, алайда оның 30,5 мыңы ғана банкрот мәртебесін алды. Оны одан әрі оңайлату мақсатында борышты міндетті түрде реттеу туралы талап алып тасталды, сондай-ақ кредиттер туралы ақпаратты кредиттік бюроларға ұсынбайтын кредиторлар алдындағы борыштар есептен шығарылатын болады.

Тәуекел деңгейі жоғары қарыз алушыларға кредиттер беруді шектеу үшін тұтынушылық банктік қарыздардың нормативтік ең жоғары сомасы
2 200 АЕК, микрокредиттер – 1 100 АЕК мөлшерінде белгіленді. 1 000 АЕК-тен астам сомаға тұтынушылық кредитті ресімдеу кезінде жұбайының келісімін міндетті түрде алу бойынша талап енгізілді.

«Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп банктердің және МҚҰ-ның кепілсіз кредиттері бойынша тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәндерін
56%-дан 46%-ға дейін, кепілді кредиттер бойынша 40%-дан 35%-ға дейін төмендетті.

Микроқаржыландыру сегментінде халыққа негізінен 45 күнге дейінгі мерзімге PDL микрокредиттер берілді. Мұндай кредиттер бойынша
2024 жылғы қыркүйектен бастап ең жоғары тиімді мөлшерлеме 179%-ға дейін, күндік мөлшерлеме 0,3%-ға дейін төмендетілді», – деп хабарлады Мәдина Әбілқасымова.

Тұтынушылардың құқықтарын бұзумен және қаржы ұйымдарының жосықсыз іс-әрекеттерімен байланысты тәуекелдерді жүйелі түрде болдырмау үшін Банктер туралы жаңа заң жобасы аясында іс-қимылды қадағалаудың тәуекелге бағдарланған моделі құрылады. Ол өзара іс-қимылдың барлық кезеңдерінде – өнімдерді әзірлеу мен ілгерілетуден бастап, оларды сатуға және дауларды шешуге дейін қаржы ұйымдарының клиенттер алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Отырыс барысында Мәдина Әбілқасымова қаржылық алаяқтықтың өсуі ең өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті. Қаржы нарығын цифрландыру және мобильдік қосымшаларды енгізу жағдайында азаматтардың дербес деректеріне қол жеткізу және алаяқтық кредиттерді ресімдеу үшін азаматтарды алдау жағдайлары жиілеп кетті.   

«Азаматтарды кредиттік алаяқтықтан қорғау үшін 2024 жылғы ақпаннан бастап азаматтардың банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту құқығы заң жүзінде енгізілді. Тиісті сервис eGov порталында іске асырылды. Аталған  опцияны қазіргі күнге 2,2 млн астам адам қолданды.

Бұған қоса, 2024 жылғы маусымнан бастап банктер мен МҚҰ үшін әрбір онлайн қарызды ресімдеу кезінде клиентті міндетті биометриялық сәйкестендіру бойынша талап белгіленді. 2024 жылғы тамыз айында жалған құжаттар бойынша қарыздар ресімдеуді болдырмау үшін   кредиторлардың бейненің жандылығын – дипфейк тексеру міндеті енгізілді», – деді Агенттік басшысы.

2024 жылғы шілдеден бастап заңнамалық деңгейде Ұлттық Банктің Антифрод-орталығын құру көзделген. Орталық алаяқтық фактілері расталған тұлғалар кіретін «қара тізімдерді», сондай-ақ қосымша тексеруді талап ететін күдікті тұлғалармен «сұр тізімдерді» қалыптастырады. Іске қосылған сәттен бастап 64,8 мыңнан астам күдікті операциялар тіркелді, олар бойынша 2,5 млрд теңгеден астам заңсыз алынған қаражат бұғатталды.

Алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтарды қорғау үшін 2024 жылғы тамыздан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарының алаяқтық дерегі бойынша азаматты зардап шегуші деп тану туралы Ішкі істер министрлігінің қаулысы болған кезде алаяқтық кредиттер бойынша сыйақы есептеуді және борышты өндіріп алуды тоқтата тұру міндеті енгізілді.

2024 жылғы желтоқсанда алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мақсатында алаяқтық тәуекелдерді басқару бойынша банктерге қойылатын жаңа талаптар бекітілді. Бұдан басқа, клиенттермен өзара жедел іс-қимылды арттыру мақсатында банктің мобильді қосымшасы арқылы алаяқтық мәселелері бойынша жолданымдар беру функционалының болуы туралы талап белгіленді.

«Бүгінгі күні кредиттік алаяқтық мәселесі алаяқтықтың жаңа типологиялары мен түрлерінің пайда болуына байланысты өзектілігін сақтап отыр, телефон алаяқтығы белсенді қолданылуда. Осыған байланысты Агенттік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңда жаңа заңнамалық шараларды көздеді.

Атап айтқанда, 150 АЕК-тен астам сомаға тұтынушылық кепілсіз онлайн қарыздар берілген кезде кемінде 24 сағат мерзімге «шешім қабылдау кезеңі» енгізіледі. Осы кезеңде банктер мен микроқаржы ұйымдары операцияны алаяқтық белгілерінің болуы тұрғысынан тексеруі керек. Сонымен қатар, бірінші тұтынушылық кредит қарыз алушының кредитордың бөлімшесінде тек жеке қатысуы кезінде ресімделеді, ал
21 жасқа дейін және 55 жастан асқан азаматтарға  онлайн кредит беру олардың eGov арқылы ресімделген келісімін алған кезде мүмкін
болады», – деді ҚНРДА Төрағасы.

Алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарды қорғау мақсатында алаяқтық кредиттерді есептен шығару үшін заңнамалық негіздер кеңейтілді.

Сондай-ақ, байланыс операторларына ішкі антифрод-жүйелерді құру, алаяқтық қоңырауларды бұғаттау және қоңырау соғылған нөмірлер туралы ақпаратты Ұлттық Банктің Антифрод-орталығына беру міндеті жүктеледі. Бұдан басқа, абоненттерді биометриядан өтпей байланыс қызметтеріне қосуға тыйым салу, сондай-ақ бір жеке тұлғаға 10 SIM-картадан аспайтын шектеу белгіленеді.

Қазақстанда халықтың сақтандыру қызметтеріне деген қызығушылығы орнықты өсуде. 2024 жылы сақтандыру қызметтері
7 млн астам адамға көрсетілді, ал сақтандыру жарналарының сомасы 915 млрд теңгені құрады. Сақтандырылған адамдардың негізгі үлесі жазатайым оқиғалардан сақтандыру (45,2%) және өмірді сақтандыру (16,5%) сияқты ерікті сақтандыру түрлеріне тиесілі.

«Бұл ретте осы сегментте сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру қағидалары мен шарттарын сақтандыру ұйымдарының өздері белгілейді, бұл артық сақтандыру қызметтерін міндеттеп беру тәуекелдерін тудырады. Осыған байланысты Агенттік сақтандыру қызметтерін көрсету кезінде жосықсыз практиканы болдырмауға бағытталған заңнамалық түзетулер әзірледі.

Сақтандыру өнімдерінің құнын төмендету үшін кез келген сақтандыру делдалдарының, оның ішінде банктер мен микроқаржы ұйымдарының комиссиялық сыйақысын қарыз алуға байланысты шарттар бойынша сақтандыру сыйлықақысы сомасының 10%-ына дейін шектеу көзделеді», – деп атап өтті М. Әбілқасымова.

Бағалы қағаздар нарығы халық үшін барынша қолжетімді бола бастады: соңғы бес жылда бөлшек инвесторлардың саны үш есе өсіп, 700 мың адамға жетті. Мұндай өсу жағдайында оларды алаяқтық пен инвестициялық тәуекелдерден қорғау қажеттілігі күшейіп келеді.   

Заңсыз практикаларға қарсы іс-қимыл жасау үшін FOREX-делдалдарды реттеу енгізілді және инвестициялық кеңестерді лицензиясыз беруге тыйым салынды. Агенттіктің сайтында лицензияланбаған қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімі жарияланады, онда  295 ұйымның атауы бар, оның ішінде 100-ден астамы жалған брокерлер болып табылады.

2023 жылғы қаңтардан бастап брокерлер біліксіз инвесторларды тәуекелді салымдардан қорғау үшін ұсынымдар берілгенге дейін клиенттің инвестициялық портфелін бағалауға міндетті. Білікті инвестор мәртебесін алуға қойылатын талаптар қатаңдатылды.

Сөз сөйлегеннен кейін Агенттік басшысы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелерінің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге қатысты өзекті сұрақтарына жауап берді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz