Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова мен Әзербайжан Республикасы Орталық Банкінің Төрағасы Талех Кязымов Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум ақпарат алмасу және екі мемлекеттің қаржы нарықтарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу бөлігінде қаржы реттеушілері арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Қол қою рәсімі Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Орталық банктері кеңесінің бірінші отырысы аясында өтті.
Меморандум шеңберінде ұлттық қаржы нарығының жай-күйі мен даму тәжірибесі, реттеу мен қадағалаудың негізгі стандарттары мен талаптары туралы ақпарат алмасу жоспарлануда. Сонымен бірге қаржы реттеушілері заңнаманы және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру саласында, оның ішінде нарыққа қатысушылардың қызметін қадағалау мен мониторингтеу тетіктерін жақсарту жөніндегі бірлескен жұмысты қоса алғанда, тәжірибе алмасатын болады.
Агенттіктің басқа елдердің қаржы реттеушілерімен ақпарат алмасу туралы келісімдер жасау жөніндегі жоспарлы жұмысы Базельдің банктік қадағалаудың негізгі қағидаттарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған FSAP ұсынымдарын орындау шеңберінде жүргізіледі.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Орталық банктері кеңесінің отырысы барысында қаржы реттеушілерінің басшылары ұйымға мүше мемлекеттердегі ағымдағы экономикалық жағдайды, қаржы секторын дамытудың негізгі бағыттарын, оның ішінде орталық банктердің қаржылық технологияларын және цифрлық валютасын қолдану аспектілерін талқылады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы