Сұрақ: 2025 жылғы 7 сәуірден бастап міндетті автосақтандыру бойынша базалық сақтандыру сыйлықақысының өскені туралы ақпарат рас па? «Өңірлерде тариф екі есеге – 78 мың теңгеге дейін, Астанада үш есеге – 112 мың теңгеге дейін өсті, скутер иелері 7 мың теңгенің орнына 50 мың теңгеге жуық төлейді» деген ақпарат қаншалықты рас?
Жауап: Ақпарат дұрыс емес. Шын мәнінде базалық сақтандыру сыйлықақысының өзі «Сақтандыру қызметі туралы» ҚР Заңымен белгіленген және 2007 жылдан бастап 1,9 АЕК деңгейінде қалады, бұл 2025 жылы 7 471 теңге сомасына сәйкес келеді.
«Бонус-малус» жүйесі көлік құралын тіркеу аумағы, пайдалану түрі мен мерзімі, сақтандырылушының жасы мен жүргізу өтілі бойынша көрсеткіштермен қатар нақты сақтандырылған жүргізушінің апатқа ұшырағыштық деңгейіне (оның залалдылығына) байланысты міндетті автосақтандыру шартының құнын айқындау үшін қолданылады. Бұл коэффициенттер базалық сақтандыру сыйлықақысына көбейтіледі және сақтандырудың соңғы құны анықталады. Бұл да заңнамалық деңгейде айқындалған.
АҚШ, Германия, Франция, Австрия, Бельгия сияқты дамыған елдерде «бонус-малус» жүйесі жүргізушінің сақтандыру тарихына байланысты сақтандыру сыйлықақыларын есептеу бойынша сараланған тәсілді білдіреді. Жүйенің атауы латын тілінен аударғанда «жақсы – жаман» деп аударылады және оның мәнін көрсетеді – жүргізушілік жолында апатқа ұшырамаған жүргізушілерді полистің құнын төмендету арқылы ынталандыру және әсіресе өмір мен денсаулыққа зиян келтірілсе, үнемі апатқа кінәлі адамдар үшін сыйлықақыларды арттыру.
Осылайша, «бонус-малус» жүйесі жолдардағы тәртіпті арттырудың және әркім өз тәуекелінің деңгейі бойынша төлеген кезде сақтандыру жарнасын әділ бөлудің маңызды құралы болып табылады.
Ағымдағы жылғы 7 сәуірден бастап міндетті автосақтандыру шартын алғаш рет жасасқан енді жүргізе бастаған жүргізушілер «бонус-малус» жүйесі бойынша жеке «А» сыныбына бөлінді (бұрын 3-сынып болған). Бұл бастапқы сынып, себебі мұндай жүргізушілер бойынша сақтандыру статистикасы жоқ және олардың жолдағы іс-әрекетін айқындау мүмкін емес. Бұл тәсіл мейлі ол жеңіл автомобиль, скутер немесе мотоцикл болсын кез-келген көлік құралының жүргізушісіне қолданылады. Мұндай жүйе мысалы, Германияда, Италияда, Нидерландта, Канадада, Австралияда және басқа елдерде кең таралған. Сақтандыру шартын алғаш жасасқан жүргізушілер үшін жоғары тәуекел ескеріле отырып, жеке тарифтер белгіленеді.
Статистика бойынша алғаш рет сақтандырылғандар бойынша шығындылық 100%-дан асады. Бұрын жүйенің апатқа түспеген қатысушылары дәстүрлі түрде тәжірибесіз жүргізушілер үшін шығынның бір бөлігін көтеретін, енді тәжірибесіз жүргізушілерді бөлек сыныпқа бөле отырып, олардың шығындылығы апатқа түспеген жүргізушілерді сақтандыру құнына әсер етпейтін болады, бұл әділетті де.
Бір жыл апатсыз көлік жүргізгеннен кейін «А» сыныбынан бастаған жүргізушілер «3» сыныпқа ауысады, бұл олар үшін сақтандыру құнын екі есе төмендетеді.
Апатқа түспеген жүргізушілер жеңілдіктер алуды жалғастырады, бұл олар үшін сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, 25 жастан асқан және көлік құралын жүргізу мерзімі 2 жылдан асатын, көлік құралын пайдалану мерзімі
7 жылдан жоғары, көлік құралы Алматы қаласында сақтандырылған жеңіл көлік құралының иесі үшін 2025 жылы жылдық міндетті автосақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшері:
бірінші рет сақтандырылушы үшін (А класы) - 64 972 теңге;
3-сынып бойынша сақтандырылушы үшін - 36 096 теңге;
13 - сынып бойынша сақтандырылушы үшін -18 048 теңге құрайтын болады.
Алматы қаласында тіркелген моторлы көлік («А» тобының жіктемесі – мотоциклдер, мотороллерлер және басқа да моторлы көліктер) үшін жоғарыда көрсетілген талаптарда міндетті автосақтандыру құны:
бірінші рет сақтандырылушы үшін (А класы) - 31 087 теңге;
3-сынып бойынша сақтандырылушы үшін-17 271 теңге;
13- сынып бойынша сақтандырылушы үшін - 8 635 теңге құрайтын болады.
Осылайша, біз аймақтар бойынша міндетті автосақтандыру құнының жаппай өсуі туралы айтып отырған жоқпыз. Жүргізушілердің жекелеген санаттары үшін шығындар шын мәнінде қымбатқа түсетін болады: мысалы, сақтандыру шартын алғаш рет жасасқан жүргізуші тәжірибесі жоқ жүргізушілер үшін. Апатқа түспеген жүргізушілер үшін сақтандыру құны төмендейді.
Мұндай тәсіл нақты статистикаға бағытталған әділ және сараланған баға белгілеуді қамтамасыз етеді, бұл әлемдік тәжірибемен расталған.
Сұрақ: «Сақтандыруды алғаш рет ресімдейтін қазақстандық және шетелдік жүргізушілерге әртүрлі тәсіл қолданылатыны туралы ақпарат рас па?»
Жауап: Жоқ, әртүрлі тәсіл қолданылмайды. «Бонус-малус» жүйесі сақтанушыларды азаматтық белгісі бойынша бөлуді көздемейді, жіктеу тек көлік құралын пайдалану шарттары мен нақты шығын көрсеткіштері негізінде жүзеге асырылады. Осы тұрғыда «резидент» немесе «бейрезидент» ұғымдарын қолдану қолданылмайды.
Міндетті автосақтандыру шартын жасасу кезінде азаматтығына қарамастан сақтанушыларға «бонус-малус» деген мынадай сыныптар беріледі:
- «А» сыныбы – Қазақстанда тіркелген көлік құралына міндетті автосақтандыру шартын алғаш жасасу кезінде;
- «13» сыныбы – Қазақстан аумағына уақытша әкелінген көлік құралдары бойынша міндетті автосақтандыру шартын жасасу кезінде.
Шетелдік үшін, егер ол «бонус-малус» жүйесіне алғаш рет қатысса, сақтандыру құны, өзге де тең жағдайларда, Қазақстан азаматы үшін сақтандыру құнына барабар болады. Сондай-ақ, елге уақытша әкелінген көлік бойынша, қазақстандықтың сақтандырылған немесе шетелдік екендігіне қарамастан, сақтандыру құны өзгермейді.
Уақытша әкелінген көлік құралдары үшін «бонус-малус» жүйесі бойынша 13-сынып (бұрын 3) белгіленді, себебі мұндай шарттар бойынша залал тиісінше 15-20%-ды құрайды және сақтандыру арзанырақ болуы тиіс. Сонымен қатар, алғаш рет сақтандыру шартын жасасқан жүргізушілер үшін сақтандыру құны жоғары, себебі мұндай жүргізушілер бойынша залал 100%-дан асады.
Сұрақ: Егер басқа өңірде ЖКО болған жағдайда «бонус-малус» жүйесі бойынша сынып төмендесе, бонус-малус жүйесі азаматтардың еркін қозғалысына әсер ете ме?
Жауап: «Бонус-малус» жүйесі бойынша сыныпты төмендету, егер жүргізуші оның автокөлігі тіркелген өңірден тыс жерлерде ЖКО-ға тап болса, қозғалыс еркіндігі құқығын бұзбайды. Азаматтар, бұрынғыдай, Қазақстан аумағында еркін жүре алады.
Алайда, егер жүргізуші апаттық жағдайы төмен өңірде автокөлікті тіркесе, бірақ іс жүзінде жоғары апатты өңірде пайдаланса, онда оның сақтандыру полисінің құны нақты апаттық жағдайды ескере отырып, түзетілуі тиіс. Бұл басқа жүргізушілерге қатысты.
Мысалы, көлік Шымкент қаласында тіркелген, онда сақтандыру сыйлықақысы Алматы қаласына қарағанда 40%-ға төмен, бірақ іс жүзінде жүргізуші Алматыда машинаны пайдаланады. Шымкент қаласында тіркелгеніне қарамастан, мұндай жүргізушіге өз көлігін Алматыда пайдалануға ешкім тыйым салмайды, бірақ егер оның қатысуымен болған ЖКО Алматы қаласы бойынша шығынға әсер етсе, онда оның сақтандыруы Алматыда тіркелген автокөлік үшін сақтандыру құны бойынша ұқсас болуы тиіс.
Әйтпесе, Алматы қаласының көлік құралдарының иелері Алматы қаласында ЖКО жасағандар жасаған тәуекел үшін артық төлейтін болады, бірақ автокөлікті басқа өңірде тіркеген.
Маңыздысы, бұл қағида ЖКО болған өңір автокөлікті тіркеу аймағына қарағанда апаттығы жоғары болған жағдайда ғана қолданылады.
Сұрақ: Сақтандыру қызметін жетілдіруге бағытталған нормативтік құқықтық актіні талқылау қалай өтті?
Жауап: «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сақтандыру қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Агенттік Басқармасының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 87 қаулысы заңнамада көзделген барлық рәсімнің сақталуын ескере отырып қабылданды.
Ашық НҚА интернет-порталында аталған құжаттың жобасын жария талқылау өткізілді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама мен тәуелсіз қоғамдық бірлестіктердің тиісті қорытындылары алынды.
Сараптамалардың нәтижесі бойынша адам құқықтарын бұзатын нормалар анықталған жоқ. Құжат жобасы сақтандыру нарығына қатысушылармен және мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді.
Жалпы, міндетті автосақтандыру нарықтағы барынша шығынды сыныптардың бірі болып қалып отыр. Соңғы 5 жылда сақтандыру төлемдерінің көлемі 173%-ға немесе 50,7 млрд теңгеге өсті, ал сақтандыру сыйлықақыларының өсуі небәрі 48%-ды немесе 32,4 млрд теңгені құрады.
Қазіргі уақытта нарық бойынша шығындылық көрсеткіші 100%-дан асады, ал үлестеріне сыйлықақылардың 70%-нан астамы тиесілі алты сақтандыру ұйымының шығындылығы 90%-дан асады, ал бірқатар компанияларда ол тіпті 120%-дан асады. Сақтандыру ұйымдары сақтандырудың осы түрі бойынша пайда алмайды.
Шығындылық сақтандыру құнына тікелей әсер етеді. Төлемдердің инфляцияға, қосалқы бөлшектер мен жөндеу қызметтерінің қымбаттауына байланысты өсуі тарифтерді қайта қарауды қажет етеді.
Бірыңғай сақтандыру дерекқорында сақтандырудың барлық түрлері бойынша сақтандыру статистикасы жиналғандықтан, қазіргі таңда сақтандырудың массалық класстарының (міндетті автосақтандыру) бірі бойынша әрбір нақты жүргізуші үшін нақты сақтандыру тәуекелін есепке ала отырып есептелетін жеке тарифтерді енгізу үшін негіз құру мүмкіндігі пайда болды. Мұқият жүргізушілер аз төлейді, ал тәуекелге бейімдер көбірек төлейді. Мұндай тәсіл халықаралық практикаға сәйкес. Бұл жүйені елдегі апаттардың алдын алуға барынша орнықты әрі бейімді етеді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы