
Ағымдағы жылғы 23 – 26 қазан аралығында Төраға Мәдина Әбілқасымова бастаған Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің делегациясы Вашингтон қаласында (АҚШ) Халықаралық Валюта Қорының (ХВҚ) және Дүниежүзілік Банк (ДБ) Тобының Жыл сайынғы кездесулеріне қатысты.
Қазақстан делегациясы ХВҚ ұйымдастырған Дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Орталық Азия мен Кавказ елдерінде қаржылық даму және қаржылық инклюзияны арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен бірге іс-шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Армения және Әзірбайжан орталық банктерінің төрағалары, сондай-ақ Қазақстан мен Грузияның орталық банктері төрағаларының орынбасарлары қатысты.
Дөңгелек үстел барысында макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты нығайту, инновациялық қаржы өнімдері мен қызметтерін енгізуді жеделдету, сондай-ақ қаржы нарықтарына кіру жағдайларын ырықтандыру арқылы бәсекелестікті арттыру мәселелері талқыланды. Тұтынушылардың көп бөлігіне қаржылық қызметтердің қолжетімділігі үшін қаржылық сауаттылықты оқыту бағдарламаларын кеңейту қажеттілігі атап өтілді.
ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаментінің директоры Джихад Азурмен кездесу өтті. Қаржы секторын бағалау бағдарламасының (FSAP) қорытындылары бойынша ХВҚ ұсынымдарын іске асыру жөніндегі жол картасы, сондай-ақ банктер туралы жаңа заңды әзірлеу жөніндегі техникалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Агенттік Дүниежүзілік Банктің басшылығымен және Еуропа мен Орталық Азия өңірі бойынша ДБ вице-президенті Антонелла Бассанимен кездесулер өткізді. Қазақстанда апатты тәуекелдерді сақтандыру моделін айқындау, FinTech индустриясын, қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту үшін жағдайлар жасау, клиенттермен жұмыс істеу кезінде қаржы ұйымдарының адал әрекет қағидаттарын (Financial Conduct) енгізу мәселелері талқыланды.
Жыл сайынғы кездесулер аясында Халықаралық Қаржы Корпорациясының басшылығымен талқылау өтті. Жасыл қаржыландыруды дамытудың, қаржы нарығында ESG қағидаттарын енгізудің және мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарында шығарындыларды азайту жөніндегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың өзекті мәселелері қаралды.
S&P және Fitch халықаралық рейтингтік агенттіктерімен кездесулер өткізілді. Ағымдағы макроэкономикалық жағдай және Қазақстанның банк секторының жай-күйі, сондай-ақ қаржы жүйесін дамыту мен оның орнықтылығы бойынша жоспарланып отырған реформалар қаралды. Кездесу барысында банк секторының тәуекелдерін талдау, банктер мен эмитенттердің кредиттік рейтингтерін арттыруды тежейтін факторларды анықтау және оларды жақсарту бағыттары бойынша одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.