Сақтандыру агенттерінің тізілімінен шығаруға:
1) қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шарасын қоспағанда, сақтандыру агенті жасаған, Қазақстан Республикасы заңнамасының анықталған бұзушылықтары бойынша сақтандыру ұйымына уәкілетті орган қолданған қадағалап ден қою шарасы;
2) сақтандыру агентінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін сақтандыру шарттарын жасасуын сақтандыру ұйымының анықтауы;
2-1) тапсырма шартының талаптарынан туындайтын міндеттерді сақтандыру агентінің орындамауын сақтандыру ұйымының анықтауы;
3) сақтандыру агентінің делдалдық қызметін жүзеге асыратын адамның осы баптың 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмеуін уәкілетті органның, сақтандыру ұйымының анықтауы;
4) тараптардың келісуі бойынша тапсырыс шартын тоқтату;
5) сақтандыру агентінің соңғы екі жыл ішінде сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асырмауы негіз болып табылады.
Сақтандыру агенті осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша сақтандыру агенттерінің тізілімінен шығарылған жағдайда, осы тұлғаға ол шығарылған кезден бастап бес жыл бойы сақтандыру агентінің қызметін жүзеге асыруға тыйым салынады.
Сақтандыру ұйымы мен сақтандыру агенті арасында жасалған тапсырыс шарты осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген мән-жайларға байланысты емес негіздер бойынша тоқтатылған жағдайда, сақтандыру агенті туралы ақпарат тапсырыс шарты тоқтатылған күннен бастап бір жыл өткен соң сақтандыру агенттерінің тізілімінен алып тасталуға тиіс.
Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасының бұзылуына жол берген, заңды тұлға болып табылатын агенттің жұмыскері лауазымдық міндеттеріне сақтандыру шарттарын жасасу кіретін қызметкерлердің тізімінен алып тасталуға жатады.