Ұлттық кітап күні: оқу мәдениеті мен баспа ісін қолдаудың жаңа бағыттары

Ұлттық кітап күні: оқу мәдениеті мен баспа ісін қолдаудың жаңа бағыттары

ҚР Үкіметінің Қаулысымен Қазақстанда жаңа мереке «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» бекітілді.

Аталмыш мереке Мемлекет басшысының қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты белгіленді.

Бүгінде ел аумағында шамамен 12 мың кітапхана жұмыс істейді, олардың қорында 300 миллионға жуық дана кітап бар. Қазақстанның қоғамдық кітапханаларында 100 мыңнан астам қолжазба мен сирек басылымдар сақтаулы.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі отандық авторлардың шығармаларын басып шығаруға мемлекеттік қолдау тетігін тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.

Осылайша, республикалық бюджеттік «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» республикалық бюджеттік бағдарламасының аясында соңғы бес жылда 1116 кітап жалпы таралымы 3 млн 138 мың данамен басылып шықты. Бұл басылымдар республикалық, облыстық және аудандық кітапханаларға тегін таратылды.

Сонымен қатар, 2023–2025 жылдарға арналған «Балалар кітапханасы» бағдарламасы шеңберінде 2580 атаулы кітаптың тізімі бекітілді. Бүгінгі таңда бұл кітаптар жалпы тиражы 2 миллионға жуық дана басылып шықты. 2023 жылы 169 түрлі әдеби шығарма жалпы 255 мың данамен жарық көрді.

Қазіргі таңда елде шамамен 230 баспахана жұмыс істейді.

Министрлік қаламгерлерді қолдау көрсетіп, шығармашылығын жұртшылыққа кеңінен насихаттауға басымдық беріп келеді.

Осы ретте халықаралық іс-шаралардың маңызы зор. 2024 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Германиядағы Франкфурт кітап жәрмеңкесінде қазақстандық баспагерлерге арналған арнайы стенд ұйымдастырылды. Онда 250-ден астам кітап ұсынылды. 550 жылдан астам тарихы бар бұл жәрмеңкеге 95 елден мыңнан астам автор, сондай-ақ 30-дан астам қазақстандық қоғам қайраткері, баспагер және аудармашы қатысты. Бұл іс-шара қазақстандық әдебиетті халықаралық деңгейде ілгерілетуге және шетелдік оқырмандар арасында мойындалуына үлкен үлес қосты.

Министрліктің ерекше жобаларының бірі — kazneb.kz. Қазақстанның Ұлттық электрондық кітапханасы.

Кітапхана қоры 64 тілдегі 79 870 құжаттан тұрады. Электронды мұрағатта араб, парсы, татар және шағатай тілдеріндегі қолжазбалар, сондай-ақ араб графикасымен жарық көрген 10 мыңнан астам сирек кітап пен қолжазба сақталған. Коллекцияда мыңнан астам қазақ әндері мен күйлері, батырлық жырлар мен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген аудиокітаптар бар.

Қазақстанның Ұлттық электрондық кітапханасын 101 елдің оқырмандары пайдаланады. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Германия, АҚШ, Нидерланд, Өзбекстан, Франция, Қытай, Түркия, Ұлыбритания және басқа мемлекеттер бар.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі