
Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архивінде тарих ғылымдарының кандидаты С.Шілдебайдың «Қазақ АКСР мемлекеттік билік жүйесінің өкілдері. 1920–1936: Өмірбаяндық-қызметтік анықтамалық» атты ғылыми еңбегінің таныстырылымы өтті.
Аталған анықтамалық 1920–1936 жылдар аралығындағы Қазақ АКСР саяси және мемлекеттік билік органдарында қызмет атқарған 1530-дан астам тарихи тұлғаның өмірбаяндық деректері мен қызметтік мәліметтерін қамтиды. Еңбек архив құжаттары негізінде әзірленген және төрт бөлімнен тұрады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі М. Отарбаев, ҚР МАМ Р. Али және белгілі тарихшы ғалымдар мен докторанттар, магистранттар, студенттер қатысты.
Таныстырылым барысында қатысушылар архив құжаттарын ғылыми айналымға енгізудің маңыздылығы мен оның тарихи зерттеулердегі рөлін талқылады. Анықтамалықтың Қазақстан тарихын зерттеушілер мен қалың оқырман үшін құнды ғылыми еңбек екенін атап өтті.