Қазақстан мен Беларусь архив саласы бойынша бірлескен жоспарға қол қойды

Қазақстан мен Беларусь архив саласы бойынша бірлескен жоспарға қол қойды

ҚР Ұлттық архивінде Қазақстан мен Беларусь арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі 2024-2029 жылдарға арналған практикалық іс жүргізу жоспарына қол қою рәсімі өтті.

Онлайн форматта ұйымдастырылған кездесуге еліміздің тарапынан Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі Комитетінің төрағасы Рустам Әли, ал Беларусь мемлекеті тарапынан Әділет министрлігі Архив және іс жүргізу департаментінің директоры Олег Леонидович Воинов және республикалық архив мекемелерінің басшылары қатысты.

Қос тарап мәдениет пен архив саласына байланысты ортақ тұжырымдарды талқылады. Қатысушылар тарихи деректерге қатысты вертуалды көрмелер мен сайттар, «Партизан қозғалысы» жобасы аясында Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан отандастарымыздың құжаттарын бірігіп қарастыру мәселелерін көтерді. Геральдика саласын жаңаша тұрғыда зерделеуге де ерекше мән берілді.

Іс-шара соңында Рустам Али мен Олег Войнов ынтымақтастықты арттыруға арналған құжатқа қол қойды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі