Күндік цифр: 2024 жылдың I тоқсанында Ұлттық электрондық кітапхананың қаралымы 1 696 874-ке жетті

Күндік цифр: 2024 жылдың I тоқсанында Ұлттық электрондық кітапхананың қаралымы 1 696 874-ке жетті

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ұлттық академиялық кітапханасы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы жазба-құжаттық мұралардың сақталуын қамтамасыз ету және кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында www.kazneb.kz жобасын жүзеге асыруда.

2024 жылғы I тоқсандағы қорытынды көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхананың контенті 1 696 874 рет қаралып, өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға артқан. Оқырмандар тарапынан 640 702 құжат жүктелген, бұл көрсеткіш 192% -ды құрайды. Сондай-ақ пайдаланушылар саны – 68%-ға,  қашықтан кіруші саны – 52 %-ға артты.

Электронды кітапхананы 100-ден аса ел пайдаланады. Соның ішінде АҚШ, Қытай, Германия, Франция, Ресей, Түркия, Индонезия, Өзбекстан, Қырғызстан елдері көш бастап тұр.

Айта кетейік, Қазақстан Ұлттық электронды кітапхана қорында әлемнің 64 тілінде 75 мыңнан аса құжат бар. Оның ішінде араб, парсы, татар, шағатай тіліндегі қолжазбалар мен төте жазумен басылып шыққан 10 мыңнан аса сирек кітап, қолжазба, мерзімді басылым, диссертация мен реферат, ноталар, аудио-видеофайлдар, карталар, қазақ халқының әндері мен күйлері, эпостардың аудио нұсқалары бар.

ҚазҰЭК – Қазақстандық мазмұндағы кең көлемді ақпараттар ұсына алатын тұңғыш мемлекеттік кітапханалық портал. 

Кез келген пайдаланушы интернет желісі арқылы Қазақстанның ұлттық электронды кітапхана порталына тіркелусіз, еркін кіріп, толық мәтінді құжаттармен таныса алады. Сонымен қатар портал көзі нашар көретін жандарға да бейімделген.

Ұлттық электронды кітапхана ғылыми зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар, жоғары оқу орындары, академиялар, кітапханалар, баспалар сынды 201-ден аса ұйыммен серіктес.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі