Қалқаман Сарин Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры болып тағайындалды

Қалқаман Сарин Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры болып тағайындалды
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының бұйрығымен Қалқаман Сарин Айымғазыұлы "Геральдикалық зерттеулер орталығы" РММ директоры болып тағайындалды.
 
Комитет төрағасы Рустам Али Геральдикалық зерттеулер орталығының ұжымына жаңа басшыны таныстырып, табысты жұмыс атқаруға сенім білдірді
 
«Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі 2021 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің жанынан құрылған.
Орталық - қазақ геральдикасының арғы-бергі тарихын зерттеу, зерделеу, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауын қалыптастыру, ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың геральдикалық сипаттамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстарын атқарады. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолданудың халықаралық тәжірибесін зерттеп, мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану мен насихаттау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарға бастамашы болуды мақсат етеді.
 
Сарин Қалқаман Айымғазыұлы 1998 жылы Евразия ұлттық университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмәмдаған. 2014 жылы аталған оқу орнының гуманитарлық ғылымдар магистрі атанып, 2020 жылы докторантурасын аяқтады.
 
1998-2008 жылдары ҚазҰМА әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, 2013-2015 жылдары «Астана» телеарнасында «Кеш емес» саяси-әлеуметтік ток-шоудың жүргізушісі, 2014-2015 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті ректорының кеңесшісі,
2016-2017 жылдары «Қазақстан» Ұлттық арнасы «Ой-толғау» танымдық бағдарламасының жүргізушісі, 2008-2017 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің аға оқытушысы, 2018-2019 жылдары «Шалқар» ұлттық радиосының директоры, 2019-2023 жылдары Өскемен қаласы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.
 
2008-2015 жылдар аралығында Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы, ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты атанған. 2023 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген.