Қазақстандық ғалымдар Үндістан архивтерінде жұмыс жүргізеді

Қазақстандық ғалымдар Үндістан архивтерінде жұмыс жүргізеді

2022 жылы Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен Үндістанның Мәдениет министрі Меенакши Лекхи мәдени алмасу бағдарламасына қол қойған болатын. Осы келісім аясында еліміздің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметкерлері Үндістанның архивтері мен кітапханаларында ғылыми жұмыс жүргізу мүмкіндігіне ие болды.

«Үндістан архивтерінде ата - бабаларымыздың тарихына жарық түсіретін көптеген тың материалдар бар. Әсіресе қазақтардың Үндістанға көшуі және олардың осы елдің аумағына қоныстануы, қазақтардың Тибеттен Кашмирге кіруі және тағы басқа да құнды құжаттарды атап өту ләзім. Ауқымды құжат базасына қол жеткізген отандық ғалымдарды архив материалдарын жүйелеу, каталогтау, аудару сынды үлкен жұмыстар күтіп тұр», - деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.

Оның айтуынша, қазақстандық тарап Үндістан Ұлттық архивінің басшылығымен келіссөздер жүргізіп, оның қорытындысы бойынша Үндістан архивтерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастау туралы қағидатты келісімдерге қол жеткізген.

Қазіргі уақытта Үндістанда іс-сапарда жүрген қазақстандық делегация архивтің реставрация, цифрландыру бөлімдерінің қызметімен танысты. Ғылыми топ тарихи құжаттарды іздеу жұмыстарын жүргізеді.