Қуат Борашев баспа ісі саласының мамандарымен, ардагер жазушылармен кездесті

Қуат Борашев баспа ісі саласының мамандарымен, ардагер жазушылармен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Борашев баспа ісі саласындағы мәселелерді талқылау мақсатында сала мамандарымен, ардагер жазушылармен онлайн форматта кездесу өткізді.

Басқосуға ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, белгілі ақын Нұрлан Оразалин, жазушы Жақау Дәуренбеков, Әшірбек Көпішев, Ғарифолла Әнес, Темірғали Көпбаев және басқа да сала мамандары қатысып, саладағы бірқатар сұрақтарды талқылады.

Комитет төрағасы отыздан астам баспа өкілі мен қаламгерді жаңадан құрылған комитеттің жұмыс бағытымен, қолға алып жатқан жобалар және атқарылып жатқан жұмыспен таныстырды. Сонымен қатар баспа ісі саласындағы кез келген мәселені заң аясында шешуге мүдделі екенін жеткізді. 
Осыдан кейін сөз алған Әділ Қойтанов «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасының жұмыс процесі туралы, жаңа форматта кітап қабылдаудың көпшілікке қалай әсер еткені туралы және саладағы кітап шығару мәселелері жайында айтты.

Қазақстан Жазушылар одағын ұзақ жыл басқарған Нұрлан Оразалин қазақ әдебиеті мен қазақ баспа ісі арасындағы өзара қарым-қатынас және кітап шығаруда мән берілуге тиіс түйдек мәселелер төңірегінде ой толғамдарын ортаға салды.

Ал Әшірбек Көпішев, Темірғали Көпбаев, Ғарифолла Әнес сынды сақа баспагерлер баспа ісі саласындағы тинақты мәселелерге тоқталып, шешімін таппай келе жатқан сұрақтардың баршылық екенін комитет төрағасына жеткізді.

Жиын барысында баспа ісі саласын дамыту, кітаптардың сапасын арттыру, авторлық және сабақтас құқықтар бойынша туындап келе жатқан мәселелерді реттеу сияқты маңызды ұсыныстар талқыланды.

Қуат Борашев қорытынды сөзінде саладағы кез келген оң бастаманы қолдайтынын, сала қызметкерлерінің ұсыныстары мен мәселелерін заң аясында шешілуіне ықпал ететінін айта келіп, баспагерлер мен қаламгерлерді өзара ынтымақтастықта, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге шақырды.