Алматыда абайтану бағытындағы жаңа еңбектердің таныстырылымы өтті

Алматыда абайтану бағытындағы жаңа еңбектердің таныстырылымы өтті

Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай жарық көрген белгілі ғалым, абайтанушы Зарқын Тайшыбайдың «Абайтанудың кейбір мәселелері», Абылайхан Құлбаевтың құрастырған «Қара сөздер.Поэмалар» атты кітаптарының таныстырылымы өтті.

Аталмыш кітаптар мемлекеттік тапсырыспен басып шығарылды. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, кітаптардың ғылыми және мәдени маңызын атап өтті.

Зарқын Тайшыбайдың зерттеу еңбегінде Абайдың көзі тірісінде мерзімді басылымдарда жарияланған пікірлері, өмірбаяны, өскен ортасы, замандастарының естеліктері, сондай-ақ XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ баспасөзіндегі («Дала уәлаяты» газеті) ақын шығармаларына қатысты материалдар жүйелі талданған. Еңбекте «Жаздыгүн шілде болғанда», «Болыс болды кей кісі» өлеңдері мен «Ескендір» поэмасы туралы тың деректер, Абайдың інісі Халиолла Өскенбаев туралы мақалалар енгізілген.

Абылайхан Құлбаевтың құрастыруымен шыққан «Қара сөздер.Поэмалар» атты кітабында Абайдың терең философиялық толғамға толы «Қара сөздері», тарихи-танымдық желіге құрылған поэмалары енгізілген.

Іс-шара соңында «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі Айбек Мұхаметалиев Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап, жиналған қауыммен бірге ақынның әндерін шырқады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі