Би әлеміндегі жарқыраған жұлдыз – «НҰР»

Би әлеміндегі жарқыраған жұлдыз – «НҰР»

 

Аққулы ауданы Шарбақты мектебінің «НҰР» би тобы 2016 жылы құрылып, сол уақыттан бері өнер әлемінде өзіндік орны бар шығармашылық ұжым ретінде танылып келеді.

Топтың басты мақсаты – ұлттық мәдениетті дәріптеу, би өнерін дамыту және жас бишілердің шығармашылық қабілеттерін шыңдау.

Бүгінде «НҰР» би тобының репертуары өте бай әрі алуан түрлі. Олардың орындауында 100-ден астам қазақтың ұлттық билері, заманауи хореография, сондай-ақ әртүрлі стильдегі сахналық қойылымдар бар. Әрбір би ерекше идеямен, көркемдік шешіммен және жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлікпен ерекшеленеді.

Топ құрылған күннен бастап көптеген халықаралық, облыстық және аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл – ұжымның табандылығы мен кәсіби деңгейінің айқын дәлелі.

2022 жылдың 21 қарашасында өткен Халықаралық «Zhulduz Art Kazakhstan» хореографиялық конкурсында «НҰР» би тобы «Аңшылар» биін жоғары деңгейде орындап, қазылар алқасының ерекше ықыласына бөленді. Нәтижесінде топ ГРАН-ПРИ дәрежелі дипломмен марапатталып, Өзбекстанның Ташкент қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама жеңіп алды.

Ал 2023 жылдың 3 маусымында Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласында өткен осы халықаралық «Zhulduz Art Kazakhstan» хореографиялық байқауында «НҰР» би тобы тағы да биік белестерден көрінді. «Алладин» биімен 1-орынды иеленсе, «Аңшылар» биімен 2-орынға қол жеткізді. Бұл жетістіктер топ мүшелерінің еңбегі мен ұстаздарының кәсіби біліктілігінің нәтижесі болып табылады.

Қазіргі таңда «НҰР» би тобы өнер жолында үздіксіз ізденіп, жаңа қойылымдармен көрермендерін қуантып келеді. Ұжым алдағы уақытта да би өнерін дамытуға өз үлесін қосып, халықаралық сахналарда ел намысын қорғауды мақсат етеді. Жетекшісі- Когобаева Айнур Ерматовна