
Тлектес ЖОББМ-нің «Жаны жайсаң жеңгелер» клубы Павлодар қаласындағы «Ертіс» телеарнасының арнайы шақыртуымен эфир қонағы болды. Бұл – мектеп ұжымы мен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін, сондай-ақ тәрбиелік бағыттағы бірлескен еңбектің нәтижелі екенін көрсететін маңызды жетістік.
Бағдарлама барысында «Жаны жайсаң жеңгелер» клубының құрылу мақсаты, бағыт-бағдары және атқарылып жатқан жұмыстары жан-жақты таныстырылды. Клуб – ата-аналардың бастамасымен құрылған, ұлттық тәрбиеге негізделген, қыз балалардың бойына ізгілік, әдептілік, инабаттылық қасиеттерді сіңіруге бағытталған бірегей орта.
Эфир барысында клуб мүшелері бала тәрбиесіндегі өз тәжірибелерімен бөлісіп, қазіргі қоғамдағы тәрбие мәселелеріне тоқталды. Олар отбасы тәрбиесінің маңыздылығын, әсіресе ананың және жеңгелердің үлгі-өнегесінің ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту арқылы жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіру жолдары кеңінен сөз болды.
Бағдарлама жылы әрі әсерлі форматта өтіп, көрермендерге ой салатын мазмұнды әңгімелер ұсынылды. Бұл кездесу – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы тәрбиесін нығайту және қоғамдағы ата-ананың рөлін арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды.