
Қазақ тілі мен әдебиеті апталығы аясында Аққулы ауданы Аққулы ауылының жалпы орта білім беру мектебінде ерекше форматтағы танымдық шара – “Әдеби кафе” ұйымдастырылды.
Бұл бастама оқушылардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, олардың таным көкжиегін кеңейтуді мақсат етті.
“Әдеби кафе” қоңырау уақытында өткізілгеніне қарамастан, мазмұны терең, тағылымы мол іс-шараға айналды. Әр пән мұғалімі өзіндік бағыт таңдап, түрлі тақырыптар бойынша оқушылармен жұмыс жүргізді. Бірі ақын-жазушылар шығармашылығына тоқталса, енді бірі мақал-мәтелдер мен жұмбақтар әлеміне жетеледі.
Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Раушан Маратовна Оразалинаның сухбатынан: - өз бағытымды халқымыздың бай мұрасы – салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындарға арнадым. Шара барысында оқушыларға арнайы дайындалған суреттер ұсынылды. Олар суретті таңдап алып, сол бейнеленген дәстүр немесе ойын туралы өз ойларын ортаға салды. Бұл тәсіл балалардың ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, еркін сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті.
Оқушылар әсіресе “тұсау кесу”, “бесікке салу”, “асық ату”, “алтыбақан” сияқты тақырыптарға қызығушылықпен тоқталды. Әр дұрыс жауап ерекше ынталандырумен бағаланды. Дәстүрге сай ұсынылған сыйлық – ұлттық тағам бауырсақ балалардың көңілінен шығып, шараға ерекше жылылық сыйлады.
“Әдеби кафе” – бұл тек ойын немесе тапсырма ғана емес, ұлттың рухани байлығын дәріптейтін, жас ұрпақты тәрбиелейтін маңызды алаң болды. Осындай креативті форматтағы шаралар арқылы біз оқушылардың ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың бойына рухани құндылықтарды сіңіре аламыз.
Ұйымдастырылған “Әдеби кафе” – білім мен тәрбиені ұштастырған, мазмұнды әрі есте қаларлық жоба болды.