«Адал азамат» – мектептен басталатын өмірлік ұстаным

«Адал азамат» – мектептен басталатын өмірлік ұстаным

 

Аққулы ауданының Б.Уахатов атындағы орта мектебі базасында «Адал азамат» мектептен басталатын өмірлік ұстаным атты аудандық семинар жоғары деңгейде өтті. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – бірыңғай тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру тәжірибесін насихаттау, ұлттық құндылықтарды заманауи білім беру үдерісімен ұштастыру және тәрбие бағытындағы тиімді тәжірибелермен бөлісу болды.

Семинар бағдарламасы мазмұнға бай, бағыт-бағдары айқын іс-шаралармен өрбіді. «Ұлттық құндылықтан заманауи өнегеге» тақырыбында «Жеңгелер клубының» жұмысы таныстырылып, отбасы тәрбиесі мен ұлттық салт-дәстүрдің бүгінгі қоғамдағы орны кеңінен сөз болды. Қатысушылар тәжірибелік алаңдарда қолөнер бұйымдарымен танысып, «Аққу» қыздар үйірмесінің шығармашылық жетістіктеріне куә болды.

«Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», «Бес тас – бес шеберлік», «ASIQ SKILL: ойна, үйрен, жетіл» бағыттары арқылы ұлттық ойындардың тәрбиелік маңызы көрсетіліп, оқушылардың ептілігі мен зияткерлік қабілеттері байқалды. «Brain Checkmate» шахмат үйірмесі стратегиялық ойлау мен логикалық қабілетті дамытудың үлгісін ұсынды.

«Мамандығым – мақтанышым» және «Мектеп–ата-ана–бала» бірлескен іс-әрекеті арқылы ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулудың маңыздылығы айқындалды. Ата-ана, ұстаз және оқушы арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелі үлгісі көрсетілді.

Семинар барысында құқықтық және қаржылық сауаттылыққа да ерекше көңіл бөлінді. «Заң және тәртіп» тақырыбындағы тәрбие сағаты, бастауыш сыныптардағы «Қауіпсіз қаржылық» сабағы және «Білім керуені» сыныптан тыс іс-шарасы оқушылардың өмірлік дағдыларын қалыптастыруға бағытталды. Сонымен қатар Карл Поппер форматында өткен «Жасанды интеллект – қауіп пе, мүмкіндік пе?» тақырыбындағы дебат жас буынның сыни ойлау қабілетін көрсетті.

Семинар аясында «Бір қадам, бір жүрек, бір жақсылық!» атты қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, мейірімділік пен өзара қолдау құндылықтары дәріптелді. Жиналған қаражат әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға бағытталды. Іс-шара шағын концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Аудандық семинарға 80-ге жуық педагог, 20-дан астам ата-ана және 100-ден астам оқушы қатысып, 12 бағыт бойынша ашық алаңдар мен шеберлік сағаттары өткізілді. Қайырымдылық жәрмеңкесінде 300 000 теңгеден астам қаражат жиналды.

Қорытындылай келе, семинар «Адал азамат» бағдарламасының мазмұнын терең ашып, мектеп қабырғасынан басталатын тәрбие жұмысының маңызын айқындады. Ұлттық құндылық пен заманауи көзқарасты ұштастыра отырып, адал, жауапты, белсенді ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз екені тағы бір мәрте дәлелденді.