
Аққулы ауданы Тлектес жалпы орта білім беру мектебінде «Адал азамат» бағдарламасы аясында ұрпақ тәрбиесіне арналған тағылымы мол «Әже өнегесі – қызға өмірлік мектеп» атты тәрбиелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – қыз бала тәрбиесіндегі әженің рөлін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
Кешімізге ауылдың ақ жаулықты, өнегелі әжелері – Мухамеджанова Бағыт апа мен Аубакирова Күлсагира апа арнайы шақырылды.
Кеш шымылдығы әсерлі күймен ашылып, жүргізушілер әженің отбасы мен қоғамдағы орнына ерекше тоқталды. Қазақ халқы қашанда қыз тәрбиесіне айрықша мән берген. «Қыз өссе – елдің көркі» деп, оның ибалы, инабатты, тәрбиелі болып өсуіне бүкіл ауыл жауапты болған. Ал сол тәрбиенің алтын арқауы – әже мектебі екені кеш барысында кеңінен айтылды.
Іс-шара барысында оқушылар әжелерге көкейлеріндегі сауалдарын қойып, қазіргі заман мен дәстүр сабақтастығы туралы тұшымды жауаптар алды. Кеште бейнеролик көрсетіліп, әженің ақылы мен мейірімі, ұлттық тәрбиеге деген көзқарасы әсерлі жеткізілді. Әсіресе, қыз баланың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі жөніндегі тағылымды ойлар көрермен жүрегіне жол тапты.
Сонымен қатар, оқушылар әжелерге арнап өлеңдер оқып, әсем әндер орындады. «Аттың көркі – жалы, қыздың көркі – шашы», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» сынды мақал-мәтелдер арқылы халқымыздың даналығы дәріптелді.
Шара соңында әжелерімізге естелік сыйлықтар табысталып, ақ баталары мен ізгі тілектері айтылды. Бұл сәт кештің тәрбиелік мәнін тереңдете түсті. Оқушылар әже өнегесінің өмірлік мектеп екенін ұғынып, ұлттық тәрбиеге деген құрметін арттыра түсті.
Қорыта айтқанда, «Әже өнегесі – қызға өмірлік мектеп» атты рухани кездесу жас ұрпақтың бойына ізгілік, имандылық, әдептілік қасиеттерін сіңіруге бағытталған маңызды іс-шара болды. Осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз.