
Аққулы ауылының жалпы орта білім беру мектебі базасында «Адал азамат — тәрбие бастауы» тақырыбында аудандық семинар өтті. Тағылымды шараға ауданның 22 мектебінен 100-ге жуық педагог пен ата-аналар комитетінің өкілдері қатысып, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие жұмысындағы үздік тәжірибелермен алмасты.
Семинардың басты мақсаты — ұлттық мұраны дәріптеу арқылы жас ұрпаққа сапалы тәрбие берудің тиімді жолдарын көрсету және педагогтер арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайту.
Шара шымылдығын «Жас шабандоз» клубының тәрбиеленушілері ашып, қазақтың дәстүрлі ойындары — аударыспақ пен көкпардан көрініс ұсынып, ұлттық рухты асқақтатты.
Семинар аясында ұстаздар шығармашылық және әдістемелік тәжірибелерін ортаға салды. Көркем еңбек пәні мұғалімдері «Құрғақ қылқаламмен сурет салу» әдісі бойынша шеберлік сағатын өткізіп, оқушылардың қиялын дамытудың заманауи тәсілдерін таныстырды. «Арт студия» үйірмесінің «Neo-Etno шебері» жобасы ұлттық нақыш пен қазіргі трендті үйлестірудің жарқын үлгісін көрсетті. Үйірме мүшелерінің туындылары көрмеге қойылып, жоғары бағаланды.
Ұл балаларға арналған қолөнер үйірмесінде киіз басу технологиясы іс жүзінде көрсетілсе, қыз балалар «Бауырсақ — береке бастауы» және «Құрақ құрау — мұрамыз» шеберлік сағаттарында ұлттық тағам дайындау мен қолөнердің қыр-сырын паш етті. «Заманауи қазақ қызының бейнесі» атты қыздар клубы ұлттық тәрбие мен бүгінгі қоғам талаптарын ұштастыру мәселесін талқылап, өз жобаларын қорғады.
Сондай-ақ «Бес асық: Ептілік пен есептің ойыны» сайысы, спорттық үйірмелер таныстырылымы және командалық рухты нығайтатын тимбилдинг тренингі ұйымдастырылды. Психолог мамандар қатысушылармен ынтымақтастық пен сенімді қарым-қатынас қалыптастыруға бағытталған жаттығулар өткізді.
«Мейірімділік мекені» алаңында ата-аналармен бірлескен жәрмеңке ұйымдастырылып, қолдан жасалған бұйымдар мен ұлттық тағамдар ұсынылды. Түскен қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа бағытталатыны айтылды.