
Қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Табиғатты аялау, ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолында жасалып жатқан игі істердің бірі Тлектес ЖОББМ-де жүзеге асты.
Мектептің 8-сынып оқушысы Рахметова Саида Нурлановна «Қайта өңдеу арқылы қағаз жасау» атты экологиялық жобаның авторы атанды. Жобаның басты мақсаты – қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы ағаштарды сақтап қалу және оқушыларға экологиялық жауапкершілікті түсіндіру.
Жоба аясында мектеп ішінде «Қағаз тапсыр – ағаш құтқар» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Аталған акцияға мектеп оқушылары мен ұстаздары белсене қатысып, күнделікті тұрмыста пайдаланылған ескі дәптерлерді, газеттерді, қағаз қалдықтарын жинап тапсырды. Жиналған қағаздар арнайы өңдеуден өткізіліп, қайтадан жаңа қағаз жасау процесі жүзеге асырылды.
Бұл тәжірибелік жұмыс оқушыларға қағазды қайта өңдеудің маңыздылығын өз көздерімен көруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, акция мектеп ұжымының экологиялық сауаттылығын арттырып, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйретті.
Рахметова Саиданың экологиялық жобасы жас ұрпақтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, мектеп қабырғасынан бастап экологиялық тәрбие берудің маңыздылығын көрсетті. Осындай игі бастамалар болашақта табиғатты сақтауға бағытталған үлкен қадамдардың негізі болары сөзсіз.