
Ямышев орта мектебінде жас педагогтердің кәсіби дамуын қолдауға бағытталған «Тәжірибеден – шеберлікке: тәлімгерлік алаңы» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Аталған алаң аясында Ямышев пен Б. Уахатов атындағы мектебінің тәжірибелі тәлімгер-ұстаздары жас мамандарға арнап мазмұнды шеберлік сыныптарын өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – жас педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету, сабақ беру тәжірибесін жетілдіру және ұстаздық шеберлікті шыңдау. Шеберлік сыныптары барысында тәлімгерлер өздерінің көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып, тиімді оқыту әдістері, сабақ құрылымын дұрыс жоспарлау, оқушылармен кері байланыс орнату жолдары туралы құнды кеңестерімен бөлісті.
Тәлімгерлер өткізген практикалық сабақтар жас мұғалімдер үшін үлкен тәжірибе алаңына айналды. Ашық сабақ үлгілері, интерактивті әдістер мен заманауи педагогикалық тәсілдер көрсетіліп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты жауап алды. Бұл жас мамандардың кәсіби сенімділігін арттырып, шығармашылық ізденіске жетеледі.
Тәлімгерлік – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды тетік. Ямышев орта мектебінде бұл бағыт жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осындай шеберлік алаңдары арқылы жас ұстаздар тәжірибелі әріптестерінің еңбегінен үйреніп, өз кәсіби жолын нық қадаммен бастауға мүмкіндік алады.
Шара соңында қатысушылар тәлімгер-ұстаздарға алғыстарын білдіріп, мұндай тәжірибе алмасу алаңдарының алдағы уақытта да жалғасын табуы керектігін атап өтті. «Тәжірибеден – шеберлікке» қағидаты Ямышев орта мектебінің педагогикалық ұжымының басты ұстанымдарының бірі екені тағы бір мәрте дәлелденді.