Жазғы демалыс – балалар үшін ерекше әсер мен ұмытылмас естеліктерге толы кезең. Биыл Аққулы ауданының бір топ мектеп оқушылары «Парус» қаласыртындағы жазғы сауықтыру лагеріне жол тартты.
Лагерьге барлығы 20-дан астам оқушы аттанды. Олардың қатарында оқу озаттары, түрлі байқаулар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары, белсенді оқушылар бар. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан бұл сапар балалардың демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуге бағытталған.
«Парус» лагері балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға, шығармашылық шеберханалар мен мәдени іс-шараларға бай. Сонымен қатар, лагерьдің табиғаты мен тынысы таза ауасы балаларға ерекше сергектік пен шабыт сыйлайды.
– Бұл – менің алғаш рет лагерьге келуім. Жаңа достар тауып, көптеген қызықты ойындарға қатысып жатырмын. Әр күнім көңілді өтуде, – дейді Бесқарағай орта мектебінің 6-сынып оқушысы Ахметов Нурали.
Лагерь басшылығы мен тәрбиешілер ұжымы балалардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз етуге барынша күш салып отыр. Демалушылар үшін үш мезгіл тамақтану, медициналық бақылау және тәулік бойғы тәрбиешілердің бақылауы ұйымдастырылған.
Мұндай шаралар балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, достық пен ұжымдық рухты бойына сіңіруіне мол мүмкіндік береді. Аққулы ауданының білім бөлімі алдағы уақытта да осындай игі істерді жалғастыруды жоспарлап отыр.