Ақмола облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын шегіртке зиянкестерінен қорғау бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Биыл облыстың 11 ауданында итальяндық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу 226,5 мың га алаңда, олардың республикалық бюджет қаражаты үшін 89,0 мың га және облыстық бюджет қаражаты есебінен 137,5 мың га алаңда жүргізілетін болады.
Осы орайда жақында Жарқайың ауданында шегірткелі зиянкестерге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың көшпелі отырысы өтті. Іс-шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Жасұлан Қожабеков, Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Ақмола филиалының жетекшісі Нұрбек Садықов, сондай-ақ ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қатысты.
Шара барысында ауыл шаруашылығы алқаптарын өңдеуге арналған арнайы бүріккіш техникалар, шегірткелі зиянкестердің ошақтарын бақылауға арналған автокөліктер, кең аумақтарды шолуға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) іс жүзінде көрсетілді. Барлық техника жұмыс барысындағы режимде таныстырылып, мамандар мониторинг пен өңдеу алгоритмдерін таныстырды.
«Химиялық өңдеулердің ең үлкен көлемі Жарқайың ауданына тиесілі. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарына айтарлықтай қауіп төндіреді. Бұған дейін мамандар шегіртке зиянкестерінің ошақтарын анықтаған болатын. Бүгін бұл аумақтар жедел штаб мүшелеріне көрсетілді. Қазіргі таңда зиянкестер дернәсіл сатысында, сондықтан жақын күндері бұл жерлерде химиялық өңдеулер жүргізілетін болады, – деді фитосанитариялық диагностика және болжамдар орталығының облыстық филиалының жетекшісі Нұрбек Садықов.
Биыл Жарқайың ауданында алғаш рет РМК-ның «Фитосанитария» шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорнының ұшқышсыз авиациялық жүйелері қолданылуда. Бұл дрондар ауыл шаруашылығы алқаптарында 5 000 гектарға дейінгі аумақты өңдеуге жұмылдырылған. Бір дронның өнімділігі – тәулігіне 50 гектарға дейін.
Бүгінгі таңда республикалық бюджет есебінен аудан аумағында 3 800 гектар жер өңделді. Жер бедерінің күрделілігіне байланысты кейбір өңдеу жұмыстары дельтаплан көмегімен жүргізілді: соның ішінде 2 310 гектар — Пригородное ауылының аумағы, 1 490 гектар — Валиханов ауылдық округі де енеді.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан шегірткеге қарсы іс-шараларды уақытылы әрі жауапкершілікпен жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
«Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – зиянкестердің таралуына жол бермеу. Ол үшін барлық қызметтердің үйлесімді жұмысы, заманауи технологияларды пайдалану және жағдайды тұрақты бақылау қажет. Біз егінді қорғап, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек», – деді облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.
Жиын қорытындысында ол химиялық өңдеу кезеңінде барлық қызметтердің үйлестірілген, сапалы және уақытылы жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.